Түркістан облысында бес баланың әкесін ауылдастары пышақтап өлтірді деп айыпталды (видео)
Түркістан облысында бес баланың әкесін көше ортасында кеңірдегінен пышақтап өлтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атпалдай азаматты аяусыздықпен ажал құштырған өзге емес өз ауылдастары дейді марқұмның жақындары. Марқұм Маханбет Тұрғанбектің жер қойнына тапсырылғанына он күн өтті. Қара жамылған отбасы содан бері не тергеу жылжымай, не күдіктілер қамалмай жатыр деп ашынады.
Марқұмның жары Индира Көлбайға күйеуінен айырылған күнді еске алу азаппен тең. Қанды оқиға болатын түні Маханбет Тұрғанбекті досы қоярда қоймай алып кетіпті. Арада бір жарым сағат өткенде қаралы хабар жеткен. Алып-ұшып ауруханаға барған әйел 12 жыл отасқан жолдасымды танымай қалдым дейді.
"Денесіне адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басының бәрін жарып тастаған. Аяқ-қолының саусақтарының барлығы ісініп, көтеріліп, ісіп кеткен. Қолында екі жерінен пышақпен жарақат салынған. Кеңірдектің үстіңгі жағынан да пышақ сұғылған. Сосын арқа тұста пышақты көрмедім. Бірақ су болып атқылап жатты қан. Менің күйеуім жанталасқан мойнындағы қанын ұстап. Қайта-қайта қанын сүртіп, кері қарай шегініп барып құлайды. Сол құлағанын бес бала да өз көзімен көріп, парктен шығып кетіп қалады", – дейді марқұмның жары Индира Көлбай.

32 жастағы азаматтың ажал алдындағы сәті көше бойындағы бейнекамераға түсіп қалған. Жазбада жігітті ауылдастары жол ортасында жерге жатқызып қинағаны байқалады.
Қаншама рет қашып құтылуға ұмтылғанымен, құрдастары азаптауын тоқтатпаған дейді марқұмның анасы. Тіпті сол жердегі дәріхана қызметкерлері де араша түсуге асықпағанына ашынады.
"Менің балам жер қойнауында, қара жерде жатыр. Қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап-күліп жүр. Менің балам қара жерде жатыр. Бес баласы қалды артында. 40-нан шықпаған баласы бар. Бір баланы Шымкентке СИЗО-ға әкетті дейді. Тапсырыспен жасалған өлім бұл жерде. Тапсырыс берген баланы босатып жіберген. Ол үйінде жатыр тамақ ішіп, жылы төсекте. Менің балам қара жерде жатыр. Иығынан басып, жанталасып қашып жатқанда құлатқан. Неге сол балалар жазаланбайды? Неге олар босатылады?", – дейді марқұмның анасы Пакизат Алтынбекова.
Марқұмның отбасы дәлелдің бәрі бола тұра күдіктілердің түгелдей қамалмағанына наразы. Вахталық әдіспен жұмыс істеген Маханбет сол күннің ертеңіне жолға шығуы керек екен. Марқұмның артында бес баласы қалды.
Түркістан облыстық полиция департаменті аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Полиция оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтап, күдіктілерді ұстады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша барлық қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте 70 жастағы қария көршілерін аяусыз пышақтап тастағаны туралы жазған едік.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты
