Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 70 жастағы қария көршілерін аяусыз пышақтап тастаған

Үй мен көше
Фото: Stan.kz

Шымкентте 70 жастағы қария көршілерін аяусыз пышақтап тастады. Ауыр жарақат алған екі азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Куәгерлердің айтуынша, жәбірленушілердің немерелері қарт кісінің үйіне тас лақтырған. Ашуға булыққан азамат өшін алу үшін үлкендерге суық қарумен тап берген екен. Полиция күдіктіні қамап, тергеуді бастады.

Оқиға Жаңаталап шағынауданында болған. Қанды қылмыс балалардың көз алдында болыпты. Үйден шығуға қорқып қалдық деген тұрғындар жанжалға балалардың ойыны себеп болды дейді.

“Кеше мына жерде бір майда балалар тас лақтырған екен үйдің төбесіне дейді. Содан ашуын біреуден аламын деп шыққан. Психикалық ауру бар ғой онда. Сонымен анау екеуі кездесіп қалған ғой. Екеуі де қазір ауруханада. Екеуінің де ішінен, жамбасынан пышақтапты”, – дейді көршісі Шынар Сахметова. 

Куәгерлердің айтуынша, ұл-қыздардың әрекетіне ашуланған 70 жастағы қария екі көршісін пышақтап тастаған. Біріне суық қару сұғып жатқанда екіншісі үйінен шығып қалып, араша түсуге тырысқан екен. Сол сәтте күдікті оны да аямапты. Жарақат алған 60 жастағы зейнеткерлердің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. 

”Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасына 5-мамыр күні 23:00 ден кейін 2 науқас ауыр жарақатпен түсті. Науқастарға толық көмек көрсетілді. Операция жасалды. Бүгінгі таңда екі науқас жансақтау бөлімінде”, – дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Қала іргесінде болған қанды қылмыстың ізі әлі де кетпеген. Көше бойы қанға боялып жатыр. Ал күдікті бірден қамауға алынды. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 21:52