"Кек алушылардың" жалғасы неге Қазақстанда кешірек көрсетіледі

Осы жылдың көптен күтен премьераларының бірі – "Кек алушылар: Доктор Дум" фильмі Қазақстанда үлкен экранға кешірек жол тартады. Әлем бойынша фильм 18 желтоқсаннан бастап көрсетілсе, бізде тек 2027 жылдың 7 қаңтарында көрерменге жол тартпақ. Айта кетері, шетелдік блокбастердің прокатқа кеш шығуы елде алғаш болып отырған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 98mag.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтар үздік премьераларды әлеммен бірге, тіпті кейде 1 күн бұрын тамашалап үйреніп қалған. Бірақ жағдай осы жазда өзгеріп сала берді. Алдымен "Одиссея" халықаралық тұсаукесерден 6 күнге кешігіп көрсетілсе, кейін "Өрмекші адам: Жаңа күн", "Моананың" көрсетілімі 1 айға кешікті.
Көрермен 7 жылдан бері күткен "Кек алушылардың" жалғасы ел аумағына енді үш аптаға кешігіп көрсетілмек. Бұл жағдайға қатысты бірден бірнеше теория талқыланып жатыр.

Прокаттағы цензура
"Курсив" басылымы жазғандай, Қазақстандағы ірі премьералардың кешуілдеп көрсетілуіне прокат куәлігін беру тәртібінің өзгеруі себеп болуы мүмкін. 16 маусымнан бастап құжаттың қаралуы 7 жұмыс күнінен 30 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Бұл кейінге қалдырылған тұсаукесерлер датасымен дәл келеді.
Бірақ Мәдениет министрлігі Bes.Media басылымына берген жауабында өзгерістерге қатысы жоғын айтқан. Мәдениет комитеті дистрибьюторға сілтеме жасап, фильмнің шығу уақытын құқық иеленуші мен дистрибьютор белгілейтінін атап өтті.
Мәселенің себебі прокаттағы бәсекеде де болуы мүмкін. Кей басылымдардың мәліметінше, прокаттың шегерілуі дистрибьютордың көп табыс табуды мақсат етуімен байланысты. "Дөңнің" (Дюна – ред.) үшінші бөлігінің премьерасына қатысты дау "Кек алушылардың" шығу уақытының ауыстырылуына себеп болуы мүмкін. Мұның жауабын мына екі мәселеден іздеуге болады.

Біріншіден, "Дөң" (Дюна – ред.) "Кек алушылар" секілді алып блокбастерді қалай "сескендіре алды"? "Дөңнің" (Дюна – ред.) алғашқы екі бөлігі жалпы прокатта 1,1 миллиард доллар, "Кек алушылар: Финал" 2,9 миллиард доллар жинап, тарихтағы ең кассалы фильм атанды,
Екіншіден, қазақстандық дистрибьюторлар бұл қақтығысты неге айналып өткісі келді? Әлемде көптен күткен қос блокбастердің қатар шығуына қатысты оң пікір қалыптасқан. Оның үстіне осындай қадам "Барбенгеймердің" жетістігін қайталаудың бірі жолы болып көрінеді. 2023 жылы "Барби" мен "Опенгеймер" прокатта бәсекелес болған еді.
Заңсыз көшірме нарығымен күрес
Madeniet басылымы фильм уақытын ауыстыру киноны заңсыз көшіріп басумен күресу үшін жасалған дейді. Голливудтық студиялар Ресей нарығынан кеткен соң, онда "параллельді прокат" пайда болған. Кинотеатрлар фильмдердің "пираттық көшірмесін" көрсете бастаған. Ал 2023 жылы "Кинопоиск" контенттің негізгі бөлігі Ресейге Қазақстаннан келетінін мәлімдеген. Тіпті мұндай көшірмелердің құны 60 мыңнан 110 мың рубльге дейін жететінін де көрсеткен.

"Кек алушылар: Доктор Дум" релизінің Орталық Азияда кейінге қалдырылуы Disney-дің өз өнімін ресейлік параллель прокат пен онлайн-көшірмеден қорғауға жасалған қадам деп топшылауға болады. Дистрибьюторлар әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартып отыр.
Фильмдердің көшірмесі мен оны сатуды аймақтардағы кинотеатрлар жүзеге асырады деген де пікір бар. Оның үстіне жылдар бойы ірі премьерларды көрсетіп келген алаңдар аяқ асты жаңа блокбастерлерді көрсетпей қалуы да бұл пікірді нақтылай түскендей. Фильм көрсету саясатындағы өзгеріс көшірме жасауға қатысты күдік туындағандықтан, контентті шектеуі ықтимал.
Құқық иелері белгілі бір кинотеатрларға санкция енгізбейді. Салдарынан бүтін бір аймақ зардап шегеді. Студиялар цифрлық көшірмесін ұсынудан бастап көрерменге көрсетуге дейінгі контент тарату легін қорғағысы келеді. Қауіпсіздікке қатысты қатер туындағанда талаптарды қатаңдатып, фильм көрсетуге дейінгі шарттарды қайта қарайды. Салдарынан нарықта жұмысын әділ атқарып отырған қатысушылар мен көрерменге де зиян келеді.
Халықаралық кинопрокаттағы мәселе жеке дистрибьюторлардың шешімімен ғана шектелмейді. Фильмді заңсыз көшіру мен тарату контент қорғау жүйесіне қатысты күдікті күшейтеді. Құқық иелері қосымша шектеу енгізсе, нарыққа да әсер етеді. Нәтижесінде кей нарық қатысушыларының кесірінен миллиондаған фанат пен көрермен сүйікті фильмін уақытылы көре алмайды.
"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады