Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 11 ірі банкінде тексеріс басталды: Несие беру кезінде азаматтардың борыштық жүктемесі дұрыс есептеле ме

Банк
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда екінші деңгейлі 11 ірі банк тексеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің қарыз алушылардың борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) дұрыс есептеуін тексеретін жаңа тұрақты қадағалау процесін іске қоспақ.

Жаңа бақылау жүйесі Debt Service Review (DSR) деп аталады. Тексеру аясына 11 ірі банк кіреді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың шамадан тыс несие алуына жол бермеу, борыштық жүктеменің теңгерімді деңгейін сақтау және банктерде жауапты кредиттеу тәжірибесін нығайту.

Агенттік мәліметінше, бөлшек несиелеу көлемінің өсуіне байланысты банктердің несие беру туралы шешім қабылдау кезінде қарыз алушылардың төлем қабілетін дұрыс бағалауы ерекше маңызға ие.

Жаңа тексеру не үшін қажет?

DSR жүйесін тұрақты бақылауға енгізу алдында агенттік пилоттық жоба жүргізген. Оның аясында сегіз банктегі қарыз алушылардың борыштық жүктеме коэффициентін есептеу дұрыстығына талдау жасалған.

Пилоттық жобаның нәтижелері мұндай тексеруді тұрақты қадағалау процесіне енгізу қажет екенін көрсеткен.

Агенттік жаңа жүйенің бірнеше негізгі мақсатын атады:

  • қарыз алушылардың табысы мен несиелік міндеттемелерін дұрыс бағалау арқылы халықтың шамадан тыс несие алуына жол бермеу;
  • борыштық жүктеменің төмен бағалану жағдайларын дер кезінде анықтап, несиелік тәуекелдерді азайту;
  • БЖК есептеудің бірыңғай тәжірибесін қалыптастыру;
  • қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау тәсілдерін жетілдіру және банктердің ішкі скорингтік модельдерін уақтылы түзету арқылы кредиттік портфельдердің сапасын арттыру.

 

Тексеру қорытындысы бойынша қандай шаралар қабылданады?

Тексеру нәтижесінде агенттік анықталған заңбұзушылықтардың сипаты мен маңыздылығын бағалайды. Сондай-ақ банктерге қатысты қадағалау шараларын қолдану және олардың түзету жұмыстарын жүргізу жоспарын бекіту қажеттілігі қарастырылады.

Жиналған нәтижелер борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге қойылатын нормативтік талаптарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу кезінде де пайдаланылмақ.

Агенттік мәліметінше, борыштық жүктеме коэффициенті қарыз алушының несиелік міндеттемелері бойынша ай сайынғы төлемдерінің орташа айлық табысына қатынасын көрсетеді. Бұл – халықтың борыштық жүктемесін шектеуге арналған негізгі реттеу құралдарының бірі.

Аталған көрсеткішті дұрыс есептеу банктерге азаматтың қарыздарын өтеумен қатар, жаңа несиені де төлеуге мүмкіндігі бар-жоғын бағалауға көмектеседі.

Ал қарыз алушының борыштық жүктемесін төмен бағалау банктер үшін несиелік тәуекелдерді арттырып, халықтың шамадан тыс несиеге тәуелді болуына әкелуі мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың несиелері мен депозиттері де ескерілетіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 19:55