Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаттықтырушыларға қосымша ақы төлеу тәртібі өзгерді

Жаттықтырушы
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу тәртібі жаңартылды. Өзгерістер жоғары спорттық нәтижелер үшін берілетін сыйақыны есептеуге, жаттықтырушыларға төленетін үстемеақы шарттарына және жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлерге қосымша ақы тағайындау тәртібіне қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тиісті түзетулерді Туризм және спорт министрі 2026 жылғы 18 қарашадағы №224 бұйрығымен енгізді. Өзгерістер 2016 жылдан бері қолданыста болған қосымша ақы төлеу қағидаларына қатысты.

Құжатқа сәйкес, жаңа нормалар орталық уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдарға ведомстволық бағынысты, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының азаматтық қызметшілері мен өзге де қызметкерлеріне қолданылады.

Қызметкерлерге төленетін қосымша ақының мөлшері ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті немесе жергілікті атқарушы органдар бекіткен еңбекақы төлеу қоры шегінде белгіленеді.

"Егер спортшы бір күнтізбелік жыл ішінде олимпиадалық, паралимпиадалық, паралимпиадалық емес, сурдлимпиадалық және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарда екі немесе одан да көп жоғары нәтиже көрсетсе (оның ішінде әртүрлі спорттық дисциплиналарда), 1 және 2-қосымша ақының мөлшері әр дисциплина бойынша жеке-жеке ең жоғары көрсеткіш негізінде белгіленеді. Ал олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша екі немесе одан да көп жоғары нәтиже көрсетілген жағдайда қосымша ақы тек бір спорттық дисциплинадағы ең жоғары көрсеткіш бойынша есептеледі", - делінген ақпаратта. 

Егер спорттық жарыстар кейінге шегерілсе немесе өткізілмей қалса, 1 және 2-қосымша ақыны төлеу алдыңғы спорттық нәтижелер негізінде тағы бір күнтізбелік жылға ұзартылады.

Спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақы қалай бөлінеді?

Жаңартылған қағидаларда спортшылардың қол жеткізген нәтижелеріне қарай ұйым қызметкерлері арасында қосымша ақыны бөлу тәртібі де белгіленген.

Атап айтқанда, 1-қосымша ақы спортшылар көрсеткен жалпы нәтиже мөлшерінен мынадай пайыздар бойынша төленеді:

- Ұйым басшысына – 100 пайызға дейін;

- Ұйым басшысының орынбасарына – 90 пайызға дейін;

- Мемлекеттік жаттықтырушыға, бас жаттықтырушыға, аға жаттықтырушыға, аға жаттықтырушы-оқытушыға, әдіскер мен нұсқаушыға – 100 пайызға дейін;

- Құрылымдық бөлімшелердің (басқарма, бөлім, қызмет, сектор), филиал басшыларына, спорт ғимаратының, асхананың, бассейннің, жатақхананың, жылқы шаруашылығының, интернаттың, медициналық кешеннің басшыларына (меңгерушілеріне), психологқа, тәрбиешіге, хореографқа, концертмейстерге, дәрігерге, массажистке, бас бухгалтерге, бас бухгалтердің орынбасарына, бухгалтерге, экономистке, заңгерге және мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерге – 80 пайызға дейін;

- Зоотехникке, ветеринар дәрігерге, жылқы күтушіге, инженерге, техникке, механикке, қару-жарақ жөніндегі маманға, жаттықтырушы-смазчикке, спорт командасын алып жүретін автокөлік жүргізушісіне – 70 пайызға дейін;

- Мейіргерге, диеталық мейіргерге, зертханашыға, операторға, аспазға және асүй жұмысшысына – 40 пайызға дейін;

- Команда бастығына, нұсқаушы-спортшыға, инспекторға, менеджерге және баспасөз хатшысына – 60 пайызға дейін.

Командалық спорт түрлеріндегі жаттықтырушылардың қосымша ақысы қалай есептеледі?

Ойын түріндегі командалық спорт бойынша спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға қосымша ақы есептеу тәртібі де нақтыланды.

Бір спортшыны дайындағаны үшін тиісті қосымша ақының 100 пайызы төленеді. Әрбір келесі спортшы үшін тағы 20 пайыз қосылады.

Егер жаттықтырушы ойын түріндегі олимпиадалық, паралимпиадалық, паралимпиадалық емес, сурдлимпиадалық немесе ұлттық спорт түрлері бойынша бүкіл команданы дайындаса, қосымша ақыны есептеу кезінде 3 коэффициенті қолданылады.

Сондай-ақ жаттықтырушы немесе спортшы басқа ұйымға ауысқан жағдайда қосымша ақыны сақтау шарттары белгіленді. Атап айтқанда, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындаған жаттықтырушыларға төленетін қосымша ақы тиісті деңгейдегі келесі жарыстар өткізілгенге дейін сақталады. Бұл талап жаттықтырушы спортшылармен бірге басқа ұйымға ауысқан жағдайда да қолданылады.

Жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлерге қандай талап қойылады?

Жаңа қағидаларда жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерге қосымша ақы тағайындаудың шарттары да қарастырылған.

Егер қызметкердің дене шынықтыру және спорт саласындағы еңбек өтілі кемінде бір жыл болмаса, оқу-жаттығу процесінің сапалы өтуін тікелей қамтамасыз еткені үшін берілетін қосымша ақы есепті қаржы жылы аяқталғаннан кейін тағайындалады. Бұл талап нұсқаушы-спортшыларға қолданылмайды.

Ал жаңадан қабылданған қызметкердің қажетті еңбек өтілі болғанымен, өткен жылы осы ұйымның оқу-жаттығу процесіне қатыспаған болса, оған қосымша ақы сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін белгіленеді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік спорт ұйымдарының бірінші басшылары ротацияланған жағдайда тиісті қосымша ақыны төлеу штаттық кестеге сәйкес белгіленеді.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Еске салсақ, осыған дейін 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы 2028 қарсаңында қазақстандық спортшыларға Халықаралық Олимпиада комитетінің стипендиясы бойынша алғашқы төлем аударылғанын жазғанбыз. Бағдарлама аясында әр атлетке 2500 доллар (1,2 миллион теңге) көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 21:36