"Мені қаралап жатыр": Ерке Есмахан өзіне реніш білдірген дизайнерге жауап берді
Танымал әнші Ерке Есмахан Мәдина Ералиеваның сахналық киімін тіккен дизайнер Ханым Айдаштың сынына жауап берді. Өнер иесі өзгенің еңбегін бағаламады деген пікірмен келіспейтінін айтып, мән-жайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Ерке Есмахан Мәдина Ералиеваның әйгілі “Наз” әнін жаңаша орындап, бейнебаян түсірген еді. Алайда әншінің жаңа туындысына белгілі дизайнер Ханым Айдаш реніш білдірді.
Дизайнердің айтуынша, Ерке Есмахан марқұм әншінің сахналық образын қайталағанымен, оның түпнұсқасын жасаған автордың есімін атамаған.
“Мәдина Ералиеваға күлгін түсті көйлек дайындағам. Ерке Есмахан клипінде соның жаңа нұсқасын киді. Бірақ ол содан шабыт алдым деп мені айтпады. Негізі айтқан жақсы. Себебі оның бастапқы образын мен жасадым ғой, менің қуатым бар ғой”, – деді дизайнер.
Ханым Айдаш бұрынғы шығармашылық туындыны қайта жаңғыртқанда оның авторын атап өту өнер адамының еңбегіне көрсетілген құрмет деп санайды.
Осы сұхбаттан кейін Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше Stories жариялап, өзіне қатысты айтылған сынға жауап берді.
“2-3 күн инстаға шықпай, Оралдан келген папа-мамама келіндік қызмет етіп, Исламның туған күнін тойлап, өз-өзіммен жүрдім. Бүгін де интернетке шықпаймын деп ойлаған едім. Алайда маған жала жабылып, ол жаңалықтарға шығып жатыр екен”, – деді әнші.
Өнер иесі дизайнердің сұхбатын тыңдап, кімнің еңбегін бағаламай қойғанын түсіне алмай, біраз ойланғанын жеткізді.
“Қандай идеямен қандай көйлек киіп едім? Қай жерде рақмет айтпай қалдым? Кімнің еңбегін бағаламай қойдым деп біраз ойландым”, – деді Ерке Есмахан.
Әншінің сөзінше, дизайнер айтып отырған көйлекті өзі кимеген. Бейнебаянның соңында Мәдина Ералиеваның архивтен алынған бейнесі көрсетілген.
“Дауыс” альбомымда Мәдина Ералиева апамның шырқаған “Наз” әнін өз нұсқамда орындап, бейнебаян түсіргенімді жақсы білесіздер. Сол әннің соңында Мәдина апамыздың дауысын қалдырып, бейнебаянда апамыздың сыңғырлаған үні мен өз бейнесін көрсеткен едік. Енді қызығы, дизайнер ханым сол үзіндідегі Мәдина апамның сонау жылдары киген көйлегі мен шляпасының дизайнері екен”, – деп түсіндірді өнер иесі.
Ерке Есмахан жұртшылықтың мән-жайды анықтамай жатып өзін кінәлағанын әділетсіздікке балады.
“Енді дизайнер ханымға: “Көйлегіңізді қайта тіктіріп, киіп тұрған Ерке Есмахан емес, ол – Мәдина апамыздың архивтен алынған бейнесі” деп түсіндіретін жанынан бір жақсы адам табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Халық та мән-жайды түсінбей, мені қаралап жатыр. Мұны әділетсіздік деп білемін. Сол себепті өзім түсіндіріп, осы стористарды жазып отырмын”, – деді әнші.

Десе де өнер иесі дизайнерге ешқандай реніші жоқ екенін, керісінше, Мәдина Ералиеваның сахналық киімдерін тіккен маман ретінде оның еңбегін құрметтейтінін айтты.
“Дизайнер ханымға ренішім жоқ. Керісінше, Мәдина апамыздың көзін көрген, сахналық киімдерін тіккен, тарихта қалған тұлғамызбен жұмыс жасаған талантты дизайнер ретінде сыйлаймын. Аман болыңыз!” – деді Ерке Есмахан.
Сонымен қатар әнші өзінің орындауындағы “Наз” әніне қатысты сынның әлі күнге дейін толастамай тұрғанын тілге тиек етті.
“Менің орындауымдағы “Наз” әніне айтылатын сын әлі күнге дейін таусылар емес. Әніне, сөзіне, орындалуына, бейнебаянына, енді, міне, тіпті көйлекке де тиісуде. Мен бұл әнді кішкентай кезімнен орындаймын. Уақыт өте келе үлкен сахнада шырқап, естелікке бейнебаян түсірдім. Бұл – менің Мәдина апамызға және қазақ өнеріне деген құрметім”, – деді ол.
Әнші тыңдармандарының жаңа туындысын жылы қабылдағанына қуанышты екенін жеткізіп, өзіне айтылған сынға әзілмен жауап берді.
“Ең бастысы, ән менің орындауымда да тыңдармандарыма ұнап жатыр. Жақсы лебіз өте көп. Қуаныштымын. Бірақ Ерке Есмахан деген аттың эффектісі қаттырақ болып тұр. Өзім-ай, өзім!” – деп жазды әнші.

Еске салайық, бұған дейін Ерке Есмахан жарты жыл бойы жасырған құпиясын ашқаны хабарланған еді. Ол кейінгі алты ай бойы жасырын түрде жұмыс істеген үлкен жобасын аяқтағанын айтты.
Кейінірек Ерке Есмахан тыңдармандарына “Дауыс” атты жаңа альбомын таныстырды. Жинаққа барлығы тоғыз ән енген. Олардың қатарында “Наз”, “Бұрымы аппақ Анашым”, “Әлди-әлди”, “Гүлдер-ай”, “Тарам-тарам”, “Бақытты қыз”, “Сен”, “Өзіңді сүй” және RaiM-мен бірге орындалған “Алматы” композициясы бар. Әншінің айтуынша, бұл жоба – қазақ музыкасының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер майталмандарына деген құрметтің белгісі.
Альбом жарық көргеннен кейін тыңдармандар әлеуметтік желіде әсерлерін бөлісе бастады. Көпшілік Ерке Есмаханның ұзақ үзілістен кейін сапалы әрі тұтас музыкалық жобамен оралғанын атап өтті.
Қазақстандық әйел ЖСН-інің ашық жарияланғанын анықтады: Сайттар жеке деректерді келісімсіз жариялай ала ма
