Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Селинді көзбен көрдім": Ерке Есмахан Парижде көптен күткен арманына жетті

Ерке Есмахан мен Селин Дион
Фото: Instagram.com/erke_esmahan

Танымал әнші Ерке Есмахан көптен бергі арманына орындап, әлемге әйгілі Селин Дионның Париждегі концертіне барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі парақшасында Париждегі Plenitude Arena сахнасында өткен концерттен бейнежазба жариялады. Әнші Селин Дионды өз көзімен көріп, жанды дауыста ән салғанын тыңдау ол үшін ерекше сәт болғанын жеткізді.

“Paris. 2026. Plenitude Arena. Celine Dion. Еуропадағы ең маңызды, тіпті тарихи оқиға! Селинді көзбен көріп, тірідей тыңдағаныма қуаныштымын! Осы жерде болғаныма бақыттымын! Шүкір!” – деп жазды Ерке Есмахан.

Әнші жариялаған бейнежазбада Селин Дионның әйгілі My Heart Will Go On әнін орындаған сәті көрсетілген. Бұл туынды 1997 жылы жарық көрген “Титаник” фильмінің басты әні ретінде әлемге танылды.

Ерке Есмахан әлемдік жұлдыздың сахнаға қайта оралуын тарихи оқиғаға балап, оның өнеріне деген сүйіспеншілігін жасырмады.

“Селин Дион ауырып, ән салмай кеткен еді. 6 жылдық үзілістен соң үлкен турын Парижде жасап жатыр. Legend!” – деді қазақстандық әнші.

Сондай-ақ ол көптен күткен арманын жүзеге асыруға мүмкіндік жасаған жұбайы, әнші RaiM-ға алғысын білдірді.

“RaiM, барлығы үшін рахмет!” – деп жазды өнер иесі.

Айта кетейік, 58 жастағы Селин Дион денсаулығына байланысты ұзақ уақыт үлкен сахнадан қол үзіп қалған еді. Әнші сирек кездесетін неврологиялық ауру – сіресу синдромына (Stiff Person Syndrome) шалдыққанын жариялаған. Бұл дерт бұлшықеттердің қатты сіресуіне және ауырсынумен жүретін түйілуіне әкеледі.

Ал 2026 жылғы 12 қыркүйекте Селин Дион алты жылдық үзілістен кейін Парижде алғашқы толыққанды жеке концертін өткізді. Оның француз астанасындағы концерттер топтамасы 2027 жылдың мамыр айында да жалғасады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 09 Қазан, 2026 15:27