Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйімізді, малымызды сатып көшіп келдік": ҚАЗТЕСТ-тен өтпей қалған қандастар Тоқаевтан көмек сұрап үндеу жасады

қандастар үндеу жасады
Фото: желі кадрларынан

Қазақстанға қоныс аударған қандастар ҚАЗТЕСТ тапсыра алмағандықтан, құжаттарын рәсімдей алмай, елден кетуге мәжбүр болып жатыр. Тіпті балаларының қасында тұру үшін келген 70 жастағы зейнеткер әйел де тесттен өте алмай, қиындыққа тап болған. Осыған байланысты қоғам белсенділері президенттен қандастарға құжат беру тәртібін қайта қарауды сұрап үндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл мәселені солтүстік өңірлерге қандастардың қоныс аударуына көмектесіп жүрген қоғам белсендісі Бурахан Даханов көтерді. Ол Instagram парақшасында құжат рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болған бірнеше адамның оқиғасын бөлісті. Соның бірі – Петропавлға көшіп келген 70 жастағы зейнеткер. Әйел ұлдарының қасында тұруды қалағанымен, ҚАЗТЕСТ тапсыра алмай, құжаттарын өткізе алмаған. Дахановтың айтуынша, тест нәтижесі талапқа сай болмағандықтан, тиісті мекеме әйелдің құжаттарын қабылдаудан бас тартқан. Қоғам белсендісі жасы үлкен адамға жеңілдік жасауды сұрап көргенімен, мәселе шешілмеген.

"Ол балаларының қасында тұру үшін келді. Бірақ ҚАЗТЕСТ енгізіліп, құжаттарын қабылдамады. Өзімше анда мында хабарласып, үлкен адам, қарт адам еді, қабылдайықшы деп көріп ем болмады. Осындағы ұлындада виза жоқ. Сол Казтестің кесірі бәрі. Енді апаның 30 күндік уақыты өткесін амалсыз шекараға шығып келуі керек", – деп жазды ол. 

Даханов тағы бір қандастың басынан өткен жағдайды да баяндады. Әйел ҚАЗТЕСТ-ті бірнеше рет тапсырып көрген. Әр жолы сәтсіз болғандықтан әрі елде болу мерзімі аяқталғандықтан, шетелге шығып, қайта оралуға мәжбүр болыпты. Ақыры ол тестілеуден өткен. Бірақ сол кезде Қазақстанда болуға берілген 90 күндік мерзімнің аяқталуына небәрі үш күн қалған. Қоғам белсендісінің сөзінше, әйел тесттен өткенімен, оның құжаттарын да қабылдамаған.

“Байқұстың екі баласы осында, бір жылдық оқу визалары бар. Енді мына әйел Қазақстаннан шығарылса, кемі 4 ай Қазақстанға қайтып кіре алмайды. Құжаты қабылданбайтынын көргенде, ауыр күрсініп жылап жіберді. Қаншама жылаған қандасты көрдім. Бірі құжатын алған кезде қуаныштан жыласа, енді бірі елде болу мерзімін өткізіп алып, айыппұл төлеуге ақшасы болмағандықтан жылайды", – деп жазды ол.

Осы жағдайларға байланысты Бурахан Даханов президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен мемлекеттік органдар өкілдеріне үндеу жасап, мәселені шешуге көмектесуді сұрады. Сондай-ақ Ерлан Қариннен қолдау күтетінін жеткізді.

“Біз, Қазақстанға көшіп келген қандастар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан азаматтық алу мәселесін шешуге көмектесуін сұраймыз. Биыл енгізілген жаңа талаптар салдарынан мыңдаған қазақ құжаттарын рәсімдей алмай, елде босқын күй кешіп жүр. Көпшілігі Қазақстанға қоныс аудару үшін бұрынғы тұрған жеріндегі үйін, мал-мүлкін сатып, барынан бас тартқан. Енді өз елінде азаматтық ала алмай, қиын жағдайға тап болды. Бізге Қазақстаннан басқа ештеңе керек емес, тек азаматтық берілсе, қалған тірлігімізді өзіміз-ақ реттеп аламыз. Сондықтан қандастарды әуре-сарсаңға салмай, азаматтық беру тәртібін жеңілдетіп, мәселені тезірек шешуді сұраймыз”, – деді жиналғандар. 

2026 жылы Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат пен қандас мәртебесін алу тәртібі өзгерді. Жаңа талап бойынша өтініш берушілер ҚАЗТЕСТ тапсырып, сауалнама толтырып, әңгімелесуден өтуі керек. Тест 60 тапсырмадан тұрады: 20-сы тыңдалым, 40-ы оқылым бойынша. Әр бөлімнен кемінде 70% нәтиже жинау қажет. Көші-қон комитетінің түсіндіруінше, тест қазақ тілін терең меңгеруді емес, күнделікті сөйлесуді түсіну деңгейін тексереді.

Еске салсақ, Қандастарға қазақ тілінен тестті бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік берілетіні туралы хабарлаған едік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тестілеудің қалай өтетінін, оған қалай дайындалуға болатынын және сынақтан өте алмаған жағдайда не істеу керегін түсіндірді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 15:53