Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қандастарға қазақ тілінен тестті бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік берілмек

Тест тапсыру
Фото: Magnific.com

Қазақстанда қандас мәртебесін немесе елде тұрақты тұруға ықтиярхат алғысы келетіндер көші-қон әлеуетін бағалау аясында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ тапсырады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тестілеудің қалай өтетінін, оған қалай дайындалуға болатынын және сынақтан өте алмаған жағдайда не істеу керегін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, ҚАЗТЕСТ қазақ тілінің грамматикасын терең меңгергенін анықтайтын күрделі емтихан емес. Мұнда адамның күнделікті тұрмыста қазақ тілін қаншалықты түсініп, қолдана алатынына басымдық беріледі.

“ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең білуді талап ететін күрделі емтихан емес. Тапсырмалар ең алдымен күнделікті қарым-қатынасқа және Қазақстанда еркін бейімделуге қажетті мемлекеттік тілді іс жүзінде түсіну қабілетін бағалауға бағытталған. Сұрақтар адамның күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жағдайларға негізделген”, – деп түсіндірді министрлік.

Тестте қандай тапсырмалар болады?

ҚАЗТЕСТ екі бағыттан тұрады:

  • тыңдалым;
  • оқылым.

Қатысушыға барлығы 60 тапсырма беріледі. Оларды орындауға 1 сағат 10 минут уақыт қарастырылған.

Тыңдалым бөлігінде адамның қазақ тіліндегі сөзді құлақпен қаншалықты түсінетіні бағаланса, оқылымда мәтіндегі ақпаратты қабылдау және түсіну қабілеті тексеріледі.

Яғни тест тапсырушыдан күрделі тілдік ережелерді жатқа білу емес, қазақ тіліндегі күнделікті ақпаратты түсіне алу талап етіледі.

ҚАЗТЕСТ онлайн тапсырылады

Тестілеу онлайн форматта өтеді және прокторинг жүйесі қолданылады. Сондықтан сынақ басталар алдында компьютер немесе басқа құрылғыдағы камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізген жөн.

Сондай-ақ интернет байланысының тұрақты болуы маңызды. Техникалық ақау тестілеуге кедергі келтірмеуі үшін барлық құрылғыны алдын ала тексеріп алу ұсынылады.

Тестке тегін дайындалуға болады

ҚАЗТЕСТ форматын алдын ала көріп, дайындалғысы келетіндерге арнайы мүмкіндік қарастырылған.

Азаматтар бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындала алады. Онда мамандар тесттің құрылымын түсіндіріп, кеңес береді және сынама тапсырмалармен жұмыс істеуге мүмкіндік жасайды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл адамның тест форматына алдын ала үйреніп, негізгі сынақты алаңдамай тапсыруына көмектеседі.

Бірінші рет өте алмаса не болады?

Алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталса, бұл ҚАЗТЕСТ-ті қайта тапсыруға болмайды деген сөз емес.

Қажетті нәтиже жинай алмаған жағдайда тестті тағы екі рет тапсыру мүмкіндігі бар. Қайта тапсыруға соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде мүмкіндік беріледі.

Осылайша үміткерге форматқа бейімделіп, білімін толықтырып, нәтижесін жақсартуға бірнеше мүмкіндік қарастырылған.

Нәтиже қашан шығады?

ҚАЗТЕСТ қорытындысы тест тапсырылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде беріледі.

Министрлік ҚАЗТЕСТ қандас мәртебесін немесе Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алудың жалғыз шарты емес екенін атап өтті. Ол – адамның көші-қон әлеуетін бағалау рәсімінің бір бөлігі.

Тесттің негізгі мақсаты – үміткердің мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қаншалықты түсінетінін және қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға қаншалықты дайын екенін анықтау.

ҚАЗТЕСТ тапсыру тәртібі туралы толық мәліметті Testcenter.kz және migration.enbek.gov.kz ресми ресурстарынан алуға болады.

Еске салайық, бұған дейін ҚАЗТЕСТ талабы Мәжілісте де сынға ұшырағаны хабарланған еді. Депутаттар Мұрат Әбенов пен Қазыбек Иса кей қандастардың кирилл әліпбиін білмеуі тест тапсыруды қиындатып отырғанын айтып, бұл талаптың әділдігіне күмән келтірген еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚАЗТЕСТ әзірге пилоттық жоба аясында енгізілгенін және Қазақстанда тұрақты өмір сүруге ниетті азаматтардың қазақ тілін күнделікті қарым-қатынас деңгейінде білуі қажет екенін түсіндірді. Ведомство мәліметінше, тест 60 сұрақтан тұрады, ал өту үшін кемінде 70% нәтиже жинау керек.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 16:00