Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тұруға ықтиярхат алғысы келетіндер қазақ тілін В2 деңгейінде білуге міндеттеледі

Астана қаласы Бәйтерек
Фото: Ақорда

Қазақстанда шетелдіктердің тұрақты тұруына ықтиярхат алу (ВНЖ) ережелері өзгерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Енді тұрақты тұруға ықтияр хат алатындар қазақ тілін ортадан жоғары – В2 деңгейінде білуге міндеттеледі. Бұл туралы ішкі істер министрлігі “Азаттық радиосына” айтып берген.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлескен бұйрық жобасына өзгеріс енгізіп, тілді білу деңгейін ортадан жоғары – В2 деңгейі шеңберінде кемінде 70% көлемінде белгілеуді ұсынды. Бұл бұйрық жобасы қабылданды", – деп мәлімдеді ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков.

Қазақстан аумағында тұрақты тұруға ниетті шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау туралы ереже 2026 жылғы 1 ақпанда енгізілген. Пилоттық жобада көшіп келушілер үшін қазақ тілін A1 деңгейінде білу жеткілікті болған. Бұл жөнінде бірлескен бұйрықты 2026 жылғы қаңтарда Қазақстандағы үш мекеме - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері қабылдаған.

ІІМ ақпаратына сәйкес содан бері қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын "ҚАЗТЕСТ" жүйесінде ықтиярхат алуға өтініш бергендерге 4 рет тест өткізіліп, оған 2802 адам қатысқан. Оның ішінде 1714 адам сертификат алған. 

Тіл деңгейін анықтау бойынша тест онлайн өтеді, ол тыңдалым (20 тапсырмаға 20 минут) және оқылым (40 тапсырмаға 50 минут) деген екі бөліктен тұрады. Мүгедектігі бар адамдар өтініш берген кезде жеке көмекшінің немесе ымдау тілі маманының қызметін пайдалану қажеттігін көрсетеді және оларға 40 минут қосымша уақыт беріледі.

Пилоттық жоба ережесіне сай, Қазақстанға тұрақты тұруға келген шетелдіктер migration.enbek.kz платформасында тестілеуден, сауалнамадан және әңгімелесуден өтеді.

Бұған дейін желіде қазақ тілінде тест тапсыру талабымен қатар келген елден сұралатын құжаттар қосылғанын, үміткердің жасы, қай мамандық иесі және денсаулығы да бағаланатыны туралы ақпарат тараған еді.

Ішкі істер министрлігі "кету парағы" талап етілмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл өзгеріс тіл туралы талап деңгейі өзгертілген бұйрық аясында енгізілген.

"Кету парағын алу мүмкіндігі елдің заңнамасында көзделмесе және уәкілетті органның атына шет мемлекет тарапынан растау болса, мұндай құжаттарды ұсыну талап етілмейді", – дейді ІІМ орынбасары Айдар Сайтбеков.

Еске салсақ осыған дейін әлеуметтік желіде шетелдік азаматтар Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуға үміткер шетел азаматтары үшін қазақ тілін меңгеру дәрежесі B2 деңгейіне дейін көтерілгенін жарыса жазған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 22:26