Қазақстанда декреттік төлем қалай есептеледі: 2027 жылы қандай өзгеріс енеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдан бастап декреттік төлемді есептеуге алынатын айлық табыс шегі 770 мың теңгеге дейін өсетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, төлем өзі үшін әлеуметтік аударым жасалған әйелдерге беріледі.
"Әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Қордан біржолғы әлеуметтік төлем ала алады. Әлеуметтік аударымды жұмыс беруші төлейді, ал жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындар оны өздері аударады. Төлем алу үшін жүктіліктің 30-аптасынан бастап берілетін еңбекке жарамсыздық парағын алу қажет. Қорға өтінішті осы құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру керек", – делінген министрлік хабарламасында.
Төлем мөлшері әйелдің декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударым жасалған орташа табысына байланысты есептеледі. Бұл ретте айлық табыс ең төменгі жалақының жеті есесінен аспауы керек.
"2026 жылы есепке алынатын айлық табыстың шегі – 595 мың теңге. Бұл сома ең төменгі жалақының жеті есесіне тең. 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі. Соған байланысты есепке алынатын табыстың шегі 770 мың теңгеге жетеді", – деп хабарлады министрлік.
Декреттік демалыстың ұзақтығы да төлем мөлшеріне әсер етеді. Қалыпты босану кезінде еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге, ал босану асқынып немесе егіз, үшем туған жағдайда 140 күнге беріледі.
"Қалыпты босану кезінде есептеуге 4,2 коэффициенті қолданылады. Босану асқынып немесе екі және одан көп бала туған жағдайда 4,67 коэффициенті есепке алынады. Ядролық сынақ аймақтарында тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер белгіленген. Босанғаннан кейін асқыну болып, қосымша 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағы берілсе, Қор төлемді қайта есептейді", – делінген хабарламада.
Есептелген сомадан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Ал әйелдің нақты жалақысы есепке алынатын шектен жоғары болса, жұмыс беруші айырмасын қосып төлей алады. Бұл мүмкіндік еңбек немесе ұжымдық шартта қарастырылуы керек.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін жүктілік пен босануға байланысты төлемді жұмыс беруші төлейтін. Қазір төлемді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры береді.
Еске салсақ, Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов бала туған отбасыларға пайызсыз несие демалысын автоматты түрде беруді ұсынған еді. Оның пікірінше, халықтың қарызға батуы жас отбасылардың бала сүюіне кедергі келтіріп отыр. Әбеновтің айтуынша, соңғы төрт жылда Қазақстанда туған балалар саны шамамен 25 пайызға азайған: 2021 жылы 445,9 мың сәби дүниеге келсе, 2025 жылы 335 мың бала туған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елде 226 990 сәби дүниеге келген.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)