Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы үш микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

ақша
Фото: Pexels

Қазақстанда тағы үш микроқаржы ұйымы микрокредит беру құқығынан айырылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ECKZ, Taj Finance және "М Булак" ұйымдарының лицензиясын қайтарып алды. Енді олар жаңа микрокредит бере алмайды. Алайда бұрын қарыз алған азаматтардың берешегі жойылмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қандай микроқаржы ұйымдары лицензиясынан айырылды?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үш микроқаржы ұйымының лицензиясын қайтару туралы шешімді 2026 жылғы 23 қарашада қабылдаған. Тиісті бұйрықтар:

  • ECKZ – №80 бұйрық;

  • Taj Finance – №81 бұйрық;

  • “М Булак” – №82 бұйрық.

Реттеуші жүргізген тексерулер барысында ұйымдардың заң талаптарын жүйелі түрде бұзғаны және клиенттердің құқықтарына нұқсан келтіргені анықталған. Алайда агенттік әр компанияның қандай нақты заң бұзушылыққа жол бергенін жарияламады.

Лицензиясынан айырылған ұйымдар бұдан былай микроқаржылық қызметпен айналыса алмайды, яғни жаңа микрокредит беруге құқығы жоқ.

Сонымен қатар олар 30 күнтізбелік күн ішінде атауынан микроқаржы ұйымы екенін білдіретін сөздер мен қысқартуларды алып тастап, қайта тіркелуі керек. Балама ретінде қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдай алады.

Бұрын алған микрокредиттерді қайтару керек пе?

Микроқаржы ұйымының лицензиясынан айырылуы бұрын жасалған келісімшарттарды жоймайды. Сондықтан қарыз алушылар микрокредитті келісімде көрсетілген тәртіппен өтеуді жалғастыруы керек.

Егер қарызды талап ету құқығы бұрынғы ұйымның қолында қалса, төлемдер келісімшарттағы деректемелер бойынша жасалады. Ал берешек басқа кредиторға беріліп, төлем деректемелері өзгерсе, қарыз алушыға бұл туралы хабарлануы тиіс.

Сондықтан микроқаржы ұйымының лицензиясынан айырылғаны туралы жаңалықты естіген соң төлемді өз бетінше тоқтатуға болмайды. Алдымен қарыздың кімге тиесілі екенін және төлем деректемелерінің өзгерген-өзгермегенін анықтап алған жөн.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тағы жеті микроқаржы ұйымы заң талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін лицензиясынан айырылған еді. Олардың қатарында MaxMoney, Microfinance Systems, SurfKaz Finance, MFO№1, “Умит Финанс”, “Вивус” және EL QAZYNA болды. 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 14:02