Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылдан бастап Қазақстанда қандай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді?

Атаулы әлеуметтік көмек
Фото: Фото: ria57.ru

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайы қосымша өлшемдер бойынша бағаланады. Егер отбасының бірнеше жылжымайтын мүлкі немесе көлігі болса, банк шоттарындағы шығындары жоғары болса не ірі көлемде жинағы анықталса, учаскелік комиссия көмекке мұқтаж емес деген қорытынды шығаруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

АӘК мөлшері қалай есептеледі?

Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы бойынша есептеледі.

  1. Бір адамға төленетін АӘК мөлшері = Кедейлік шегі – Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы.
  2. Отбасыға төленетін жалпы төлем = (Кедейлік шегі – Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы) × Отбасы мүшелерінің саны.

Әкімдіктер кедейлік шегін әр тоқсан сайын өңір бойынша есептейді. Ол халықтың медианалық табысы мен елдің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты айқындалады.

Егер бір адамға шаққандағы табыс кедейлік шегінен төмен болса, мемлекет отбасының әр мүшесінің табысын осы шекке дейін жеткізу үшін айырмасын төлейді.

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының жалпы табысы – 100 000 теңге. Бұл соманы төртке бөлгенде, әр адамға 25 000 теңгеден келеді.

Кедейлік шегі 40 000 теңге деп алайық. Бұл жағдайда әр адамға 15 000 теңге жетіспейді (40 000 – 25 000 = 15 000 теңге).

Енді осы соманы отбасы мүшелерінің санына көбейтеміз: 15 000 × 4 = 60 000 теңге. Демек, мемлекет отбасына ай сайын 60 000 теңге көлемінде көмек төлейді.

Атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеудің басты шарттарының бірі – деректерді тексеруге келісім беру. АӘК алу үшін сіз және отбасының барлық мүшесі мемлекетке төмендегі мәліметтерді сұратуға және тексеруге рұқсат беруіңіз керек:

  • Жеке деректер: құжаттар, отбасы құрамы;
  • Банк құпиясына қатысты мәліметтер: шоттар, аударымдар, жинақтар;
  • Несие мен қарыздар туралы ақпарат: кредиттік бюродан алынатын ай сайынғы төлемдер, мерзімі өткен берешек және қарыздың қалған сомасы.

Мұндай келісім берілмесе, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды.

Қандай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмауы мүмкін?

Жаңа ережелерге сәйкес, учаскелік комиссия отбасының жағдайын тексеріп, белгіленген өлшемдердің біреуі немесе бірнешеуі анықталса, атаулы әлеуметтік көмек берудің қажеті жоқ деген қорытынды шығара алады.

  • Бірнеше баспанасы бар отбасылар. Егер отбасының бірнеше тұрғын үй-жайы болса немесе АӘК алуға өтініш бергенге дейінгі бес жыл ішінде баспанасын сатқан болса, бұл көмек тағайындау кезінде ескеріледі. Алайда барлық тұрғын үйдің жалпы пайдалы ауданы отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аспаса немесе баспана апатты жағдайда болса, ерекшелік қарастырылған.
  • Табыс әкелетін жылжымайтын мүлкі бар отбасылар. Егер отбасы пайда табуға мүмкіндік беретін жеке нысанды иеленсе, пайдаланса немесе уақытша иелігіне алса, бұл да бағалау кезінде ескеріледі.
  • Жер учаскесі бар отбасылар. Егер отбасының жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскесі болып, сонымен қатар өз үйі болса, комиссия мұны назарға алады. Жергілікті атқарушы орган тегін жеке меншікке берген жер учаскесіне қатысты ерекшелік бар.
  • Бірнеше көлігі бар отбасылар. Егер отбасының техникалық жарамды жеңіл автокөлігі біреуден көп болса, бұл көмекке мұқтаждықты бағалау кезінде ескеріледі. Бірақ көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар баласы немесе I және II топтағы мүгедектігі бар мүшесі бар отбасылар үшін ерекшелік қарастырылған. Олар бір немесе екі автокөлікке ие бола алады.
  • Арнайы техникасы немесе коммерциялық көлігі бар отбасылар. Егер отбасы жарамды ауыл шаруашылығы техникасын, автобусты, шағын автобусты, жүк немесе арнайы көлікті, сондай-ақ жолаушы не жүк тасымалына пайдаланылатын су немесе әуе көлігін иеленсе немесе уақытша пайдаланса, бұл да ескеріледі.
  • Банк шоттарындағы шығыны жоғары отбасылар. АӘК алуға өтініш бергенге дейінгі тоқсанда отбасының банк шоттарындағы шығыны әр мүшесіне шаққандағы айлық кедейлік шегінен асып кетсе, комиссия бұл жағдайды бағалайды. Есептеу кезінде салықтар, бюджетке төленетін міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және отбасы мүшелерінің өз шоттары арасындағы аударымдар есепке алынбайды.
  • Ірі несие немесе микрокредит алған отбасылар. Өтінішке дейінгі тоқсанда ипотекалық қарыздан басқа банк несиесі немесе микрокредит отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық күнкөріс минимумының екі еселенген мөлшерінен асатын сомаға рәсімделсе, бұл да ескеріледі. 2026 жылы бұл шек бір адамға 101 702 теңгені құрайды.
  • Банк салымы көп отбасылар. Егер отбасының банк салымдарының жалпы сомасы 200 айлық есептік көрсеткіштен асса, бұл көмекке мұқтаждықты бағалау кезінде ескеріледі. 2026 жылы 200 АЕК — 865 мың теңге. Тұрғын үй құрылыс жинақтары бұл есепке кірмейді.

АӘК алу үшін қандай талаптар қойылады?

Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азамат пен оның отбасы мүшелері жеке деректерін тексеруге және өңдеуге келісім беруі керек. Бұл банк құпиясына жататын мәліметтерді де қамтиды. Уәкілетті органдар отбасының несиелері, қарыз сомасы, ай сайынғы төлемдері және мерзімі өткен берешегі туралы ақпарат ала алады.

Қазақстанда АӘК-тің екі түрі бар: шартсыз және шартты ақшалай көмек.

  • Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамту шараларына толық қатыса алмайтын аз қамтылған азаматтарға беріледі. Олардың қатарында зейнет жасындағы адамдар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, еңбекке қабілетсіздігі екі айдан астам уақытқа созылуы мүмкін ауруы бар адамдар, еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасылар және үш жасқа толмаған балаға не күтімді қажет ететін адамға қарайтын жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасылар бар.
  • Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті аз қамтылған азаматтарға және осындай мүшелері бар отбасыларға тағайындалады. Бұл санатқа қызметін уақытша тоқтатқан жеке кәсіпкерлер де кіруі мүмкін. Көмек алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу, қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімделуден өту және әлеуметтік келісімшарт жасау талап етіледі.

Жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетінен I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, еңбекке қабілетсіздігі екі айдан астам уақытқа созылуы мүмкін ауруы бар азаматтар, үш жасқа толмаған балаға күтім жасайтын ата-ананың бірі және күтімді қажет ететін адамдарды қарайтын азаматтар босатылады. Тұрақты жұмысы бар азаматтарға да бұл шараларға қатысу міндеті қойылмайды.

Өзгерістер кімдерге қатысты болады?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде де отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріледі. Өзгерістер А және B санатындағы алушыларға қатысты болады. Олардың қатарында бала тууына байланысты жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бар. Кейбір алушылар үшін ерекшеліктер қарастырылған.

Сонымен қатар реформа әлеуметтік төлемдердің 22 түріне әсер етпейді.

Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемнің мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарып, оның ең жоғары мөлшері шамамен 268 мың теңге болатыны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 11:11