Қазақстанда жеке деректерін тексеруге келісім бермегендердің жәрдемақысы тоқтатылады
Қазақстанда әлеуметтік төлем алушылар отбасының әл-ауқатын бағалау үшін жеке деректерін өңдеуге келісім беруі керек. Егер азамат бұған келіспесе, оның әлеуметтік төлемі уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері "Отбасының цифрлық картасы" жүйесіне екінші деңгейлі банктерді қосу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл азаматтардың материалдық жағдайын бағалау кезінде қосымша мәліметтерді ескеруге мүмкіндік береді.
Алайда банк құпиясына жататын ақпаратты алу үшін отбасының әрбір мүшесі жеке деректерін өңдеуге келісім беруі қажет.
Журналистер азамат мемлекетке жеке деректерін ұсынудан бас тартқан жағдайда әлеуметтік төлемдеріне не болатынын сұрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мұндай жағдайда төлемдер уақытша тоқтатылатынын айтты.
Министрдің айтуынша, төлем азаматтың бас тарту себебі анықталғанға дейін ғана тоқтатылады. Мұндай жағдайларда министрлік өкілдері әр азаматтың мәселесін жеке қарастырып, мән-жайды анықтайды.

Сонымен қатар журналистер министрлік өкілдеріне "Отбасының цифрлық картасы" жүйесінде азаматтарға өздеріне тағайындалған әл-ауқат санатын тексеру мүмкіндігі беріле ме деген сұрақ қойды.
Министр Асқарбек Ертаевтың айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын бағалауға арналған арнайы есептеу жүйесі әзірленіп, техникалық тексеруден өткен. Министрдің сөзінше, 16 қазанда сервисті eGov платформасында жариялау жоспарланған. Оны eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да пайдалануға болады.
Вице-министр Бахтияр Жазықпаев "Отбасының цифрлық картасы" азаматтар туралы мәліметтерді өздігінен қалыптастырмайтынын түсіндірді. Жүйе ақпаратты 30 мемлекеттік ақпараттық жүйеден жинайды.
Отбасының әл-ауқат санатын анықтау кезінде 59 көрсеткіш ескеріледі. Оның айтуынша, бағалау үдерісі автоматты түрде жүргізіледі, яғни есептеуге адам тікелей араласпайды.
Дегенмен бастапқы деректерде қателер болуы мүмкін. Осыған байланысты азаматтар eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы өздері туралы ақпаратты тексере алады. Онда тіркелген мекенжайы, мүлкі, автокөліктері, білімі және басқа да мәліметтер көрсетіледі.
Егер ақпарат қате болса, азамат деректерді түзету қызметін пайдаланып, тиісті өтініш бере алады. Мысалы, адамның атына өзіне тиесілі емес автокөлік немесе мүлік қате тіркелген жағдайда, ол осы мәліметтерді түзетуге өтініш білдіре алады.
Еске салсақ, бұған дейін Үкімет азаматтардың жәрдемақылардан өз еркімен бас тартып жатқандарын мәлімдеген еді.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады