Қазақстанда кімдер жәрдемақыны міндетті түрде алады: Еңбек министрлігі үш санаттың талаптарын түсіндірді
Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақының 14 түрі отбасының тұрмыс жағдайына қарай тағайындалмақ. Мемлекеттік көмекті негізінен табысы орташа, төмен және аса мұқтаж отбасылар алады. Бұл туралы 16 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы азаматтарды әл-ауқатына қарай бес санатқа бөледі. Соның ішінде С, D және Е санатындағы отбасыларға мұқтаждыққа байланысты берілетін 14 жәрдемақы сақталады. Ал А және В санатындағы отбасыларға бұл төлемдер тағайындалмайды.

С санаты: Табысы орташа отбасылар
Бұл санатқа жұмыс істейтін, күнделікті қажеттіліктерін өтей алатын, баспанасы мен көлігі бар отбасылар жатады. Брифингте олардың мынадай белгілері көрсетілді:
Бір адамға шаққандағы айлық табысы – 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін;
Отбасында кемінде екі адам жұмыс істейді;
Әр адамға шаққанда 40 шаршы метрден астам тұрғын үй аумағы немесе бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны болуы мүмкін;
Жеке немесе шағын кәсіпорны бар;
Көпшілікке арналған санаттағы автокөлігі болуы мүмкін;
5–50 гектар ауыл шаруашылығы жері, 50–100 бас малы немесе 25 сотыққа дейін жер телімі болуы ықтимал.
Қазақстанда мұндай 3,2 миллион үй шаруашылығы бар. Бұл – барлық үй шаруашылығының 52%-ын құрайды.
D санаты: Табысы күнделікті қажеттілігіне жетпейтін отбасылар

Бұл топқа табысы болғанымен, тұрмысын толық қамтамасыз ете алмайтын отбасылар кіреді. Мәселен, күтпеген шығын немесе қосымша қарыз олардың қаржылық жағдайын қиындатуы мүмкін.
Брифингте D санатына тән мынадай белгілер аталды:
Бір адамға шаққандағы айлық табысы – 51 мыңнан 102 мың теңгеге дейін;
Отбасы мүшелерінің бірінің мерзімі өткен несиесі бар;
Еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істейді;
Әр адамға шаққандағы тұрғын үй аумағы 18 шаршы метрден аз.
Бұл санатқа шамамен 1,4 миллион үй шаруашылығы кіреді. Олардың үлесі – 22%-ды құрайды.

Е санаты: Аса мұқтаж отбасылар

Е санатына өз күнін өзі көруге мүмкіндігі шектеулі отбасылар жатады. Олардың қатарында қарт адамдар, мүгедектігі бар азаматтар және асыраушысынан айырылған балалар тұратын отбасылар болуы мүмкін.
Негізгі белгілері:
Тұрақты табысы жоқ немесе кірісі кедейлік шегінен төмен;
Несиесін өтеу мерзімі 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген;
Отбасында еңбекке қабілетті адам жоқ;
Меншікті баспанасы жоқ.
Елімізде осындай 128 мың үй шаруашылығы бар. Бұл жалпы санның 2%-ын құрайды.
Жәрдемақы алу үшін барлық талапқа сай болу керек пе?
Брифингте айтылғандай, отбасын белгілі бір санатқа жатқызу кезінде аталған белгілердің кемінде екеуі қатар ескеріледі. Дегенмен бұл екі белгі арқылы ғана шешім қабылданады деген сөз емес.
Отбасының цифрлық картасы 59 көрсеткішті бағалайды. Оның ішінде табыс пен мүліктен бөлек, асырауындағы адамдар саны, мүгедектігі бар отбасы мүшелері және басқа да әлеуметтік жағдайлар қаралады.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Яғни әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екеніне мән беріледі.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады