А мен В санатына кімдер жатады: Еңбек министрлігі ауқатты отбасыларға қойылатын талаптарды түсіндірді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қандай отбасылар ауқатты деп есептелетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда отбасылардың тұрмыс деңгейі Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталады. Яғни онда әр отбасының табысы, мүлкі және әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер жинақталған. Осы деректер негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді.
А санаты – өте ауқатты отбасылар;
В санаты – ауқатты отбасылар;
С санаты – тұрмыс деңгейі қанағаттанарлық отбасылар;
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар;
Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, А және В санаттарына материалдық жағдайы жоғары отбасылар жатады. Олардың қатарына қосылу үшін тек жоғары табыс табу жеткіліксіз. Одан бөлек отбасының баспанасы, көлігі, кәсібі және басқа да мүлкі бірге есепке алынады.
Мәселен, жоғары санатқа жатудың негізгі көрсеткіштердің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейінің ең төменгі күнкөріс деңгейінен кемінде жеті есе жоғары болуы керек екен. Бұл шамамен 350 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда 120 шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы да ескеріледі. Бұдан бөлек, қымбат көліктер, коммерциялық ғимараттар, жеке кәсіп, ірі жер телімдері назарға алынады.
"Аталған белгілердің біреуінің болуы отбасының автоматты түрде А немесе В санатына жатқызылатынын білдірмейді. Бағалау отбасының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге қарастыру арқылы жүргізіледі", – деп түсіндірді министрлік.
Яғни, азаматтың жеке пәтері немесе көлігі болса, ол бірден ауқатты деп танылмайды. Сол сияқты отбасының табысы жоғары болғанымен, оның несиелері мен басқа да қаржылық міндеттемелері есепке алынады.

Министрлік отбасының жағдайын анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылатынын атап өтті. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің қайда жұмыс істейтіні, қанша табыс табатыны, қандай мүлкі бар екені, кәсіпкерлікпен айналысатыны және жеке қосалқы шаруашылығы туралы ақпарат қаралады.
Маңыздысы, отбасы бір санатта өмір бойы тұрақтап қалмайды. Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкін сатса немесе отбасы мүшелерінің саны өзгерсе, оның әл-ауқат деңгейі қайта бағалануы мүмкін. Ол үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізге алынады. Сондықтан отбасының материалдық жағдайы жақсарса да, нашарласа да, оның санаты өзгеруі ықтимал.
Ал азаматтар өздері туралы мәліметтердің дұрыстығын электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер отбасы құрамы, мүлкі немесе басқа да деректері қате көрсетілсе, оны түзету үшін тиісті мемлекеттік органға жүгінуі тиіс.
Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Яғни әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екеніне мән беріледі.
Дегенмен бұл өзгеріс барлық жәрдемақыға бірдей қатысты емес. Жаңа тәртіп заңда көрсетілген әлеуметтік төлем түрлеріне ғана қолданылады.
Алматы тауларында орналасқан қонақүйдегі қоқыс пен нәжіс демалушылардың жағасын ұстатты