Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет азаматтардың жәрдемақылардан өз еркімен бас тартып жатқандарын мәлімдеді

 
жәрдемақы
Фото: Gov.kz

Премьер министр Олжас Бектенов қатысқан жиналыста 200-ден астам азамат мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жиында әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау және еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 480 мыңнан астам мұқтаж отбасының әл-ауқаты жақсарған. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 464 мыңнан астам отбасы әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған.

“Әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты әкімдіктермен бірлесіп, үй шаруашылықтары деректерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл санаттағы азаматтар үшін өзгерістер әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің тек 14-іне қатысты болады. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері өзгеріссіз сақталады. Көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық көлемде сақталатыны атап өтілді”, – деп мәлімдеді Премьер министрдің ресми ақпарат ресурсы.

Үкімет қазір SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді.

“Осы бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады”, – деп жазды Премьер министрдің ресми ақпарат ресурсы.

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысына сәйкес, әлеуметтік төлемдерді тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі.

Жаңа тәртіп бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты мемлекеттік төлемді және төрт немесе одан көп баласы бар отбасылардың ай сайынғы жәрдемақысын қамтиды. Отбасылардың әл-ауқат деңгейін бағалау үшін “Отбасының цифрлық картасы” қолданылады. Бұл жүйе азаматтардың әлеуметтік жағдайын кешенді түрде саралап, мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Отбасылар C, D және E санаттарына қалай бөлінеді?

  • C санаты – тұрмысы тұрақты отбасылар. Бұл топқа табысы орташа, күнделікті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндігі бар, әлеуметтік жағдайы бірқалыпты отбасылар жатады.
  • D санаты – қаржылық қиындықтарға тап болған отбасылар. Олардың табысы төмен болуы, тұрақты жұмысы немесе жеке баспанасы болмауы мүмкін. Сондай-ақ несие төлемдерін кешіктіруі және тұрмысына әсер ететін өзге де қаржылық мәселелері ескеріледі.
  • E санаты – мемлекет көмегіне бірінші кезекте мұқтаж отбасылар. Бұл санатқа көбіне бірнеше әлеуметтік қиындықты қатар бастан кешіріп отырған отбасылар кіреді. Мәселен, табысы кедейлік шегінен әлдеқайда төмен, тұрақты жұмысы, баспанасы, мүлкі мен жинағы жоқ, сондай-ақ мерзімі өткен несиелері бар отбасылар осы топқа жатқызылуы мүмкін.

Ал А мен В санатына кімдер жатады?

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, А және В санаттарына материалдық жағдайы жоғары отбасылар жатады. Олардың қатарына қосылу үшін тек жоғары табыс табу жеткіліксіз. Одан бөлек отбасының баспанасы, көлігі, кәсібі және басқа да мүлкі бірге есепке алынады.

  • А санаты – өте ауқатты отбасылар;
  • В санаты – ауқатты отбасылар;

Мәселен, жоғары санатқа жатудың негізгі көрсеткіштердің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейінің ең төменгі күнкөріс деңгейінен кемінде жеті есе жоғары болуы керек екен. Бұл шамамен 350 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда 120 шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы да ескеріледі. Бұдан бөлек, қымбат көліктер, коммерциялық ғимараттар, жеке кәсіп, ірі жер телімдері назарға алынады.

Дегенмен азаматтың жеке пәтері немесе көлігі болса, ол бірден ауқатты деп танылмайды. Сол сияқты отбасының табысы жоғары болғанымен, оның несиелері мен басқа да қаржылық міндеттемелері есепке алынады.

Министрлік отбасының жағдайын анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылатынын атап өтті. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің қайда жұмыс істейтіні, қанша табыс табатыны, қандай мүлкі бар екені, кәсіпкерлікпен айналысатыны және жеке қосалқы шаруашылығы туралы ақпарат қаралады.

Айта кетейік, отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішпен шешілмейді.

Қазір Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы табыс деңгейіне қарамастан беріледі. Төрт және одан көп баласы бар, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін отбасылар бұл төлемді алуға құқылы.

2026 жылы төрт баласы бар отбасылар ай сайын 69 330 теңге, бес баласы барлар 86 673 теңге, ал алты баласы барлар 104 017 теңге алады. Жеті баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 121 360 теңге болып белгіленген.

Ислам Әден
Жұма, 16 Қазан, 2026 15:52