Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізге бұл ақша қажет емес": Қазақстандық көпбалалы отбасылар ай сайын алатын жәрдемақыларынан бас тарта бастады

Отбасы санаты
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

 

Елімізде тұрмысы жақсы кейбір көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартатынын мәлімдеп жатыр. Әлеуметтік желіде жазба жариялап, бейнеүндеу жолдаған азаматтар мемлекеттен алатын көмекті қаржыға мұқтаж отбасыларға бағыттау қажет деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұндай мәлімдемелер 2027 жылдан бастап әлеуметтік қолдаудың бірқатар түрін тағайындағанда отбасының тұрмыс жағдайын ескеру көзделген тұста жариялана бастады. Жаңа тәсілді қолдағандардың арасында кәсіпкерлер, көпбалалы әкелер мен аналар бар. Олар табысы жеткілікті отбасылардың мемлекеттік төлемге тәуелді болмай-ақ өмір сүре алатынын алға тартады. 

Әлеуметтік желілерде тараған бейнеүндеулердің бірін Ақмола облысы Зеренді ауданында тұратын көпбалалы әке, кәсіпкер Әсен Жақсылықов жариялаған. Ол жұбайымен бірге қолға алған кәсібінің бүгінде отбасының негізгі табыс көзіне айналғанын жеткізді.

"Біз көпбалалы отбасымыз. Мемлекеттің қолдауының арқасында кәсіп ашып, тұрақты табысқа қол жеткіздік, қазір балаларымызды өз күшімізбен асырап отырмыз. Әлеуметтік көмекті мұқтаж жандарға беруді көздейтін жаңа тәсілді қолдаймыз. Өзімізді қамтамасыз ете алатын кәсіпкерлер ретінде әлеуметтік төлемдерден бас тартамыз. Бұл қаражаттың көмекке мұқтаж отбасыларға берілгенін қалаймыз", – деді Әсен Жақсылықов.

 

Көпбалалы әке Нұрлан Мыңайдаров та әлеуметтік төлемнен бас тартатынын мәлімдеген. Ол бұл мәселеге қатысты ойын көпшілікпен бөлісіп, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілік туралы сөз қозғады.

"Мен өз еңбегіммен Қазақстанның болашағына үлес қоса алатынымды мақтан тұтамын. Қуатты мемлекет жауапкершілігі жоғары азаматтар мен берік отбасылардан басталады", – деп жазды ол.

"Бұл жәрдемақы кейбір отбасылар үшін өте маңызды"

Мемлекеттік төлемнен бас тарту туралы шешім қабылдағандардың қатарында көпбалалы аналар да бар. Солардың бірі Зағипа Ахметханова республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақыны алып келгенін айтып, ендігі таңдауының себебін түсіндірді.

"Мен көпбалалы ана ретінде республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы алып келдім. Бірақ қазір өз еркіммен бұл төлемнен бас тарту туралы оңай емес, алайда дұрыс деп есептейтін шешім қабылдадым. Өйткені мемлекет әлеуметтік көмек тағайындағанда отбасының нақты материалдық жағдайын ескеретін жүйеге көшіп жатыр. Иә, бұл жәрдемақы маған заң бойынша тиесілі. Алайда кейбір отбасылар үшін осы қаражаттың өзі үлкен көмек екенін түсінемін. Ата-анасы уақытша жұмыссыз қалған, кішкентай балалары көп, емделуге, тамақ пен киімге қомақты қаражат жұмсайтын отбасылар бар. Олар үшін мемлекеттік көмек шынымен қажет", – деді ол.
көпбалалы ана
Фото: скриншот

Зағипа Ахметханова өз шешімі өзге ата-аналардың таңдауына әсер етпеуі керек екенін де атап өтті. Оның пікірінше, әр азамат мемлекет ұсынған мүмкіндікті өзінің тұрмыс жағдайына қарай пайдалануға құқылы.

"Егер менің отбасым қазір өз күнін өзі көре алса, мемлекетке алғыс айтып, бұл көмексіз де күн көре алатынымды жеткізуді жөн санаймын. Мен жәрдемақы алатын адамдарды айыптамаймын. Керісінше, отбасы мұқтаж болса, мемлекет қарастырған барлық көмекті пайдалануы керек. Ал менің жағдайымда таңдау жасауға мүмкіндігім бар. Сондықтан жәрдемақыдан бас тартуды таңдадым", – деді көпбалалы ана.

Әлеуметтік желіде  Рабиға Ысмағұлова есімді көпбалалы ана да отбасымен ақылдасып, осындай шешімге келгенін хабарлады. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында өміріндегі өзгерісті оқырмандарымен бөліскен.

"Бір жаңалығыммен бөлісейін. Отбасымыздың жағдайын ойластыра келе, алып жүрген жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларымнан өз еркіммен бас тарту туралы шешім қабылдадым. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке алғысым шексіз. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!" – деп жазды ол.

көпбалалы ана
Фото: скриншот

"Әлде жақында ғана байып кетті ме?": Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді

Қазақстандықтардың бұл бастамасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жазбалардың астында қолдау білдіргендермен қатар, азаматтардың шешіміне күмән келтіріп, түрлі сауал қойғандар да болды.

"Отбасын асырайтын ер азаматы бар жанұяны балаларын жеткізу үшін үш жұмыста қатар істеп жүрген жесір әйелдің отбасымен салыстыруға болмайды. Мүмкін, тексерістен қауіптеніп, осылайша аз шығынмен құтылуды жөн көрген шығар", – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір желі қолданушысы жағдайға мысқылмен қараған.

"Неткен әулие адамдар! Мүмкін, бұларға салықты жеке көтеру керек шығар", – деді ол.

Ал кейбірі жәрдемақыны алудан бас тартпай, оны өз қалауынша жұмсауға болатынын алға тартты.

"Егер бұл ақша сіздерге артық болса, алып, мұқтаж адамдарға өздеріңіз берсеңіздер болмай ма?" – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Талқылау барысында жаңа талаптар әлі қолданысқа енгізілмегеніне назар аударғандар да кездесті.

"Заң әлі күшіне енген жоқ, ал жәрдемақыдан бас тартатындар пайда болып үлгеріпті. Онда олар бұрын не үшін жәрдемақы алуға өтініш берген? Өтініш болмаса, жәрдемақы да жоқ қой. Әлде бұлар жақында ғана ауқатты болып шыға келді ме?" – деп жазды тағы бір қолданушы.

Қазақстандықтар неге жәрдемақыдан бас тарта бастады?

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысына сәйкес, әлеуметтік төлемдерді тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі.

Жаңа тәртіп бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты мемлекеттік төлемді және төрт немесе одан көп баласы бар отбасылардың ай сайынғы жәрдемақысын қамтиды.

Қаулыға сәйкес, тұрмыс деңгейі жоғары "А" және ауқатты "В" санатына жататын отбасыларға аталған төлемдерді тағайындамау көзделген. Ал жәрдемақы алып жүрген отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, осы санаттардың біріне өтсе, төлемі тоқтатыла тұрады. Отбасының әл-ауқатын анықтау үшін оның кәмелетке толған мүшелерінің жеке деректерін тексеруге келісімі қажет болады. Бағалау кезінде банктік мәліметтер, несие бойынша қарыз сомасы, ай сайынғы төлемдер мен мерзімі өткен берешек туралы ақпарат та есепке алынады.

Егер отбасының материалдық жағдайы кейін нашарлап, ай сайын жүргізілетін бағалау нәтижесінде әлеуметтік көмек алуға сәйкес санатқа өтсе, жәрдемақыны қайта төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазір Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы табыс деңгейіне қарамастан беріледі. Төрт және одан көп баласы бар, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін отбасылар бұл төлемді алуға құқылы.

2026 жылы төрт баласы бар отбасылар ай сайын 69 330 теңге, бес баласы барлар 86 673 теңге, ал алты баласы барлар 104 017 теңге алады. Жеті баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 121 360 теңге болып белгіленген.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 15:46