Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз күнін өзі көру керек": Бектенов ауқатты азаматтарға жәрдемақы беруді тоқтату себебін түсіндірді

Бектенов жәрдемақы ауқатты
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібін өзгерту нәтижесінде алдағы үш жылда бюджеттен 2,5 триллион теңге үнемдеу жоспарланып отыр. Осылайша, елдегі тұрмысы жақсы отбасыларға жәрдемақы беру тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты отбасыларға берілетін әлеуметтік төлемнің тоқтау себебін түсіндірді. 

“2027 жылдың 1 қаңтардан бастап жәрдемақылар азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Табысы жоғары және тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың бірдей көлемде мемлекеттік көмек алуы әділетсіздік. Өзін-өзі қамтамасыз ете алатын ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек, олар өз күнін өзі көру керек”, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы мемлекет тек өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдарға қолдау көрсететінін атап өтті. 

Премьер-министр мемлекеттік көмекті тұрақты табыс көзі ретінде емес, азаматтардың өз бетінше күн көруі үшін берілетін мүмкіндік ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

Бектеновтің сөзінше, жаңа тәртіп бюджет қаражатын үнемдеп, оны басқа да маңызды бағыттарға жұмсауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2027 жылы шамамен 700 миллиард теңге үнемдеу көзделіп отыр.

Депутаттар республикалық бюджет тапшылығы ақшалай мәнде үнемі өсіп келе жатқанын еске салды.

Дегенмен үкімет алдағы үш жылда бюджет тапшылығын қысқартуды жоспарлап отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мақсатқа қандай шаралар арқылы қол жеткізілетінін түсіндірді.

"2026 жылға келсек, бюджеттерге түзету енгізу арқылы 360 млрд теңгенің шығынын қысқартып, бұл қаражатты басым бағыттарға қайта бөлдік. Алдағы кезеңнің бюджетін әзірлеу кезінде бізге жалпы сомасы 36,9 трлн теңгеге өтінім түсті. Алайда 2027 жылға арналған шығыстар 30,2 трлн теңге көлемінде бекітілді", – деді ол.

Осылайша, бюджетті қарау барысында шығысты 6,7 триллион теңгеге қысқартқан.

Жәрдемақы тағайындауда не өзгереді?

Бұған дейін Үкімет 2027 жылы 1 қаңтардан бастап жәрдемақының 10 түрі мен жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау қағидаларын өзгертетін қаулы қабылдаған. Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік көмек тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі, яғни Отбасының цифрлық картасындағы А-дан Е-ге дейінгі санаты ескеріледі.

Халық табысының құрылымына қатысты талдауда жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек пен шәкіртақының үлесі шамамен 4% екені айтылған. Мемлекеттік қолдауға бөлінетін қаражат шектеулі болғандықтан, оны нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау маңызды. Жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының шынайы жағдайын ескеру осы мақсатқа қызмет етуі тиіс.

Сонымен бірге көлік немесе баспана секілді бір ғана мүліктің болуы азаматтың мемлекеттік көмекке мұқтаж емес екенін білдірмейді. Отбасының әл-ауқаты көптеген көрсеткіш бойынша бағаланады, ал жағдай өзгерсе, санаты да қайта қаралады.

Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 11:18