Қазақстанда жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді: Отбасының әл-ауқаты қалай бағаланады?
Әлеуметтік желіде жәрдемақыға қатысты өзгерістер қызу талқыланды. Көпшілік көмекке мұқтаж азаматтар мемлекеттік қолдаудан қағылуы мүмкін деп алаңдады. Алайда жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттау. 2027 жылы 1 қаңтардан бастап жәрдемақының 10 түрі мен жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқаты ескеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?
Отбасының цифрлық картасы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір жүйеде 20,6 миллион азамат туралы мәлімет бар. Демек ол Қазақстан халқының 100%-ын қамтиды. Әр отбасының жағдайы 59 көрсеткіш бойынша бағаланып, деректер ай сайын жаңартылып отырады. Бағалау әдістемесі халықаралық тәжірибені ескеріп, БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген.
Отбасының жағдайы қандай өлшемдер бойынша бағаланады?
Отбасының цифрлық картасында азаматтардың қаржылық жағдайы, мүлкі, баспана жағдайы, жұмыспен қамтылуы, несие міндеттемелері мен мерзімі өткен берешегі, кәсіпкерлік қызметі ескеріледі. Сонымен қатар отбасының автокөлігі, оның ішінде коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көлік, жер учаскесі және жеке қосалқы шаруашылығы туралы мәліметтер қаралады.
Демек, отбасының көлігі болуы оның әл-ауқат деңгейін бірден анықтамайды. Бұл – бағалау кезінде ескерілетін 59 көрсеткіштің біреуі ғана.
А санатына кімдер кіреді?
Отбасының әл-ауқаты ең жоғары А санатына жатқызылуы үшін бір адамға шаққандағы табыс жеті күнкөріс минимумынан асуы керек. Бұл – бір адамға айына 350 мың теңгеден астам табыс деген сөз. Төрт адамнан тұратын отбасының айлық кірісі 1,4 миллион теңгеден жоғары болуы қажет.
Алайда табыстың жоғары болуының өзі А санатына жатқызуға жеткіліксіз. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы жылжымайтын мүлік нысандары, коммерциялық жылжымайтын мүлік, жеке кәсіпкерліктің болуы, люкс немесе премиум санатындағы автокөліктер секілді басқа да факторлар ескеріледі. Демек отбасының жағдайы бір ғана белгіге қарап емес, бірнеше көрсеткіштің жиынтығы бойынша бағаланады.
Отбасы санаты өзгеруі мүмкін бе?
Отбасының әл-ауқат деңгейі бір рет анықталып, өмір бойы өзгеріссіз қалмайды. Жүйедегі мәліметтер ай сайын қайта қаралады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден деректер автоматты түрде жаңарып отырады.
Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, бала дүниеге келсе немесе отбасы құрамы өзгерсе, оның әлеуметтік жағдайы қайта бағаланады. Сондықтан азаматтың әл-ауқат санаты да өзгеруі мүмкін.
Жәрдемақы тағайындауда не өзгереді?
Бұған дейін Үкімет 2027 жылы 1 қаңтардан бастап жәрдемақының 10 түрі мен жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау қағидаларын өзгертетін қаулы қабылдаған. Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік көмек тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі, яғни Отбасының цифрлық картасындағы А-дан Е-ге дейінгі санаты ескеріледі.
Халық табысының құрылымына қатысты талдауда жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек пен шәкіртақының үлесі шамамен 4% екені айтылған. Мемлекеттік қолдауға бөлінетін қаражат шектеулі болғандықтан, оны нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау маңызды. Жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының шынайы жағдайын ескеру осы мақсатқа қызмет етуі тиіс.
Сонымен бірге көлік немесе баспана секілді бір ғана мүліктің болуы азаматтың мемлекеттік көмекке мұқтаж емес екенін білдірмейді. Отбасының әл-ауқаты көптеген көрсеткіш бойынша бағаланады, ал жағдай өзгерсе, санаты да қайта қаралады.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.
