Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылдан бастап қазақстандықтардың бір бөлігі әлеуметтік төлемдерден айырылады

Теңге
Фото: Stan.kz

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Енді жәрдемақы тағайындау кезінде мемлекет отбасының барлық мүшесінің материалдық жағдайын ескеретін болады.

Жаңа жүйенің негізгі қағидаттары атаулы көмек пен мұқтаждық деңгейін бағалау болады. Мемлекеттік қолдау ең алдымен оған шынымен мұқтаж отбасыларға көрсетілмек.

Өзгерістер тұрмыстық жағдайы жоғары отбасыларға қатысты болмақ. Бағалау нәтижесінде отбасы "А" немесе "Б" санатына жатқызылса, оған әлеуметтік қолдаудың жекелеген шаралары қолжетімсіз болады.

"А" (әл-ауқаты жоғары) санатына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын 92 отбасы, ал "Б" (қанағаттанарлық) санатына 5 мың отбасы жатады. 

Бұл ретте мұндай отбасыларға барлық әлеуметтік төлемдер тоқтатылмайды, тек әлеуметтік қолдаудың жекелеген шараларына шектеу қойылады. Нақты қандай төлемдерге шектеу енгізілетіні нақтыланбаған. 

Енді мұқтаждық деңгейін бағалау кезінде тек төлемді тікелей алушы туралы мәліметтер ғана емес, оның отбасының барлық кәмелетке толған мүшелері туралы деректер де ескерілетін болады.

Өзгеріс отбасының қаржылық жағдайын толық бағалап, оның мемлекеттік қолдау алу талаптарына шынымен сәйкес келіп-келмейтінін анықтауға мүмкіндік береді.

Жәрдемақы алушыларға дербес деректерді өңдеуге келісім беру туралы SMS хабарлама жіберіледі. Келісім отбасының басқа кәмелетке толған мүшелері туралы мәліметтерді алуға да қажет болады.

Осы ақпарат негізінде мемлекет отбасының әл-ауқат деңгейін бағалап, оның тиісті әлеуметтік қолдау шараларын алуға құқығы бар-жоғын анықтай алады.

Тағы бір өзгеріс мемлекеттік қолдаудан ерікті түрде бас тартуға қатысты енігізілмек. Табыс деңгейі жоғары жәрдемақы алушыларға әлеуметтік қолдаудың жекелеген шараларынан өз еркімен бас тартуды ұсынатын SMS хабарлама жіберілуі мүмкін.

Бас тарту ерікті түрде жүзеге асырылады. Егер жәрдемақы алушы мемлекеттік көмекке енді мұқтаж емеспін деп есептесе, тиісті төлемнен бас тарта алады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері белгілі болғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 19:12