Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі артады: Жәрдемақылар қалай өзгереді

Теңге
Фото: Stan.kz

2027 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы министрлігі "Ашық НҚА" порталында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. 

2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 50 851 теңгені құрайды. 2027 жылы оны 55 173 теңгеге дейін, яғни 4 322 теңгеге арттыру жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етеді.

2027 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болған жағдайда, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері шамамен 38 621 теңге, ал ең жоғары мөлшері шамамен 66 208 теңге болады.

Мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері:

  • I топқа — шамамен 121 381 теңге;
  • II топқа — 97 104 теңге;
  • III топқа — 66 208 теңге.

Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы мөлшері:

  • бір асырауындағы адам болған жағдайда — шамамен 50 759 теңге;
  • екі адамға — 93 794 теңге;
  • үш адамға — 124 139 теңге;
  • төрт адамға — 143 450 теңге;
  • бес адамға — 151 726 теңге;
  • алты және одан да көп адамға — 165 519 теңге.

Мүгедектігі бар балаға және I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау бойынша жәрдемақы 88 829 теңгені құрайды.

Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі – мемлекеттің есебі бойынша, адамның ең төменгі өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге қажетті ақша сомасы. Оған тамақ, киім-кешек, коммуналдық қызметтер және басқа да негізгі қажеттіліктер кіреді.

Үкімет 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасын көпшілік талқылауына жариялады. Кейін жоба Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылады. Құжат Құрылтайда қабылданғаннан кейін президенттің қол қоюына жіберіледі.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылы АЕК мөлшері қаншаға өсетіні белгілі болғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 20:08