Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2027 жылы АЕК мөлшері қаншаға өсетіні белгілі болды

Теңге
Фото: Stan.kz

Қазақстанда 2027 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы министрлігі "Ашық НҚА" порталында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. 

Жобада алдағы жылға арналған негізгі әлеуметтік көрсеткіштер: АЕК, ең төменгі жалақы, зейнетақы және ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсетілген. 

2027 жылға арналған негізгі көрсеткіштер:

  • Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 693 теңге (2026 жылы – 4 325 теңге).
  • Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз қалады).
  • Ең төменгі зейнетақы – 74 919 теңге (2026 жылы – 69 049 теңге).
  • Әлеуметтік төлемдер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге (2026 жылы – 50 851 теңге).

Үкімет 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасын көпшілік талқылауына жариялады. Кейін жоба Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылады. Құжат Құрылтайда қабылданғаннан кейін президенттің қол қоюына жіберіледі.

АЕК мөлшерінің өсуі осы көрсеткіш негізінде есептелетін төлемдерге автоматты түрде әсер етеді. Ең алдымен, айыппұлдар, мемлекеттік баждар және кейбір салық төлемдерінің мөлшері өзгереді. АЕК неғұрлым жоғары болса, төленетін түпкілікті сома да соғұрлым көп болады.

Алайда АЕК-тің өсуі шығындарға ғана емес, кейбір әлеуметтік төлемдерге де әсер етеді. Жәрдемақылар мен басқа да төлемдердің бір бөлігі АЕК мөлшеріне байланысты есептелетіндіктен, олардың көлемі де артады.

Еске салсақ, бұған дейін республикалық бюджет шығындары 2027 жылы 30 триллион теңгеге дейін өсетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 19:26