Мыңдаған қазақстандық жұмыссыздық үшін берілетін жәрдемақыдан айырылады

Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Қазір азамат жұмысынан айырылғаннан кейін алты ай бойы жәрдемақы ала алса, үкімет бұл мерзімді төрт айға дейін қысқартуды көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің “Курсивке” берген мәліметіне сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда алты ай мерзімге жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отырған азаматтар саны 115 мың адамнан асқан. Жалпы, осы кезеңде жұмыссыздық бойынша төлемді 185 мыңнан астам адам алған.
“2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша аталған төлемді 185 мыңнан астам адам алып отыр. Оның ішінде 5 ай мерзімге тағайындалған әлеуметтік төлем алушылар саны – 14 160 адам, 6 ай мерзімге тағайындалғандар саны – 115 107 адам”, – деп хабарлады министрлік.
Министрлік 2005 жылдан 2016 жылға дейін жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеудің ең ұзақ мерзімі төрт ай болғанын еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмыспен қамтуға ынталандыру. Әлеуметтік төлемдер адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде қаржылық тұрақтылығын сақтауға арналған уақытша қолдау ретінде қарастырылады. Сонымен қатар мансап орталықтары жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындарын және жұмыспен қамту шараларын ұсынады.
Министрлік енгізілетін өзгерістер тек жаңа алушыларға, яғни түзетулер күшіне енгеннен кейін әлеуметтік төлем тағайындалатын азаматтарға қатысты болатынын атап өтті.
Ал өзгерістер күшіне енгенге дейін жәрдемақы тағайындалып қойған азаматтар төлемді бұрын белгіленген мерзім бойынша ала береді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың соңында Қазақстанда 285,5 мың жұмыссыз адам тіркелген. Оның 131,3 мыңы – ер адам, 154,3 мыңы – әйел. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,6%.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақыға шектеу қойылып, мерзімі екі айға қысқаратыны хабарланған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өзгерістер көлеңкелі схемаларды жою және әлеуметтік қордағы олқылықтарды реттеу мақсатында енгізілетінін айтты. Министрдің айтуынша, өзгерістер әлеуметтік сақтандыру қорында анықталған кейбір заңсыз схемаларға байланысты енгізіліп отыр.
Қазір кейбір азаматтардың жұмыссыз ретінде тіркеліп, ай сайын 1 миллион теңгеге дейін төлем алып отырған жағдайлары тіркелген. Министр мұндай тәжірибенің дұрыс емес екенін атап өтті.
Оның сөзінше, негізгі мақсат "көлеңкелі схемаларды" жою және төлем жүйесін ретке келтіру екен. Сондай-ақ министр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының дефолтқа ұшырады деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, қор тұрақты жұмыс істеп тұр, қаржылық балансы оң.
Оқыңыз