Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Декретте отырған ананы қай ел көбірек қолдайды? Қазақстанда жаңа заңға сәйкес декреттік төлемдер қалай өзгереді

декреттік төлем
Фото: diapazon.kz

Қазақстанда 5 қазанда жарияланған №870 қаулы декреттік төлемдерге қатысты талқылауды күшейтті. Жұмыс істейтін аналардың жәрдемақысы өзгере ме? Аналарды қай ел көбірек қолдайды? Stan.kz Қазақстанмен қатар Ресей, Германия, Швеция, Ұлыбритания, Жапония және АҚШ-тағы бала күтіміне арналған төлемдерді салыстырды.

 

Қазақстанда анаға қанша төленіп келді?

Қазақстанда бала тууға байланысты төлемдер бірнеше түрге бөлінеді. Олардың мөлшері әйелдің жұмыс істейтініне, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуына және отбасында нешінші баланың дүниеге келгеніне қарай өзгереді.

Жұмыс істейтін әйел жүктілік пен босануға байланысты демалысқа шығар алдында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем алады. Оның мөлшері соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс пен еңбекке жарамсыздық парағындағы күндер санына байланысты есептеледі.

2026 жылы бала туған кезде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңгені, төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңгені құрайды. Бұл төлем жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге де қарастырылған.

Бұдан бөлек, жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері бірінші балаға – 24 912 теңге, екінші балаға – 29 454 теңге, үшінші балаға – 33 952 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 38 493 теңге.

2027 жылдан бастап жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі енгізіледі

Қазақстанда 2027 жылдан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Осыған байланысты Үкімет 2026 жылғы 5 қазанда №870 қаулы қабылдады. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қазірше заңға толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізіле қойған жоқ. Тек белгілісі – жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік көмек отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау негізінде тағайындалмақ. Яғни, қолдауға кімнің шынымен мұқтаж екенін анықтау үшін отбасының материалдық жағдайы, жалақысы, баспанасы мен көлігінің бар-жоғы, сондай-ақ несиелері мен мерзімі өткен берешектері де есепке алынады.

Отбасының әлеуметтік әл-ауқаты мемлекеттік жүйеде ай сайын автоматты түрде есептеліп, жаңартылып отырады. Отбасының қаржылық немесе мүліктік жағдайы өзгерсе, төленетін жәрдемақылардың көлемі мен жай-күйі де өзгеруі мүмкін.

Әл-ауқат деңгейі қалай бағаланады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құжатына сәйкес, отбасылар жинаған балына қарай 5 санатқа бөлінеді:

  • А санаты: 1800 және одан жоғары балл жинағандар;

  • В санаты: 730-дан 1799 баллға дейін;

  • С санаты: минус 30-дан 729 баллға дейін;

  • D санаты: минус 460-тан минус 29 баллға дейін;

  • Е санаты: минус 459 және одан төмен балл жинағандар.

Маңызды ескерту: Жаңа тәртіп шектеулері тек А және В санаттарына (яғни 730 және одан жоғары балл жинаған ауқатты отбасыларға) қатысты болады. Отбасының санатын мемлекеттік органдардың деректер базасы негізінде "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесі автоматты түрде анықтайды.

Тәжірибеде бұл қалай жұмыс істейді? (Мысалдар)

1-мысал: Шектеуге ілінбейтін отбасы (С санаты)

Бердіхановтар отбасында ер мен әйел жұмыс істейді және бір мектеп оқушысы бар, ал әйелі екінші баласына жүкті делік.

  • Отбасының айлық табысы – 500 мың теңге, бір көлігі және несиесі бар.

  • Жан басына шаққандағы табысы – шамамен 167 мың теңге (400 балл).

  • Екі жұмыс істейтін адам үшін +300 балл қосылады.

  • Жалғыз көлік үшін 0 балл беріледі.

  • Несиесі үшін -50 балл және асырауындағы бала үшін тағы -50 балл шегеріледі.

Қорытынды: Отбасы 600 балл жинап, С санатына жатады. Мұндай отбасыларға жаңа шектеулер қолданылмайды, яғни тиісті декреттік төлемдер толық көлемде төленеді.

2-мысал: Шектеуге ілінетін отбасы (В санаты)

Енді Бердіхановтар отбасының айлық табысы 800 мың теңге, екі көлігі мен екі пәтері бар, ал несиесі жоқ деп алайық.

  • Жан басына шаққандағы табысы – шамамен 267 мың теңге (620 балл).

  • Екі жұмыс істейтін адам үшін +300 балл қосылады.

  • Екінші көлік үшін +50 балл және екінші баспана үшін +100 балл қосылады.

  • Асырауындағы бала үшін -50 балл шегеріледі.

Қорытынды: Отбасы 1020 балл жинап, В санатына өтеді. Ауқатты санатқа жатқандықтан, мұндай отбасыларға босанғанға дейінгі және кейінгі декреттік төлемдер тағайындалмауы мүмкін.

Қазақстандық аналар неге наразы?

№870 қаулы жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде декреттік төлемдерге қатысты талқылау күшейді. Әйелдердің бір бөлігі жаңа талаптар жұмыс істейтін аналардың құқығына әсер ете ме деп алаңдаса, енді бірі мемлекеттен берілетін көмекті қысқартуға қарсылық білдірген.

"Бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа дейін төленетін жәрдемақыны жұмыс істейтін аналарға неге бермейді? Декретте үш жыл отырмай, жұмысқа шыға беріңдер дейді. Бірақ бір жарым жастағы, әлі дұрыс сөйлей алмайтын, горшокқа өзі бара алмайтын баланы кімге қалдырамыз?" — деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір әйел 164 мың теңгенің өзі декреттегі отбасы үшін артық ақша болмайтынын айтып, жоғары жалақы алатын аналардың да бала күтіміне байланысты шығындары бар екенін еске салды.

"Айлығы 600 мың теңгеден асатын әйелге 164 мың теңге жалақыдағы айырмашылықтың орнын толтырмайды. Бірақ неге ол бұл ақшаға мұқтаж емес деп есептеледі де, жұмыс істемейтін анаға бәрі берілуі керек? Екі жағдайда да балаға ақша қажет", — деді ол.

Желі қолданушыларының бірі Қазақстанның табиғи ресурстары мол ел екенін еске салып, жаңа туған сәбиге қажетті заттарды алуға арналған көмекті қысқартуға қарсылық білдірді.

"Елде Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі дерлік бар, мұнай да өндіреміз. Бірақ мемлекет жаңа туған сәбиге жөргек пен жаялық алуға берілетін ақшаны қысқартпақ. Бұл мемлекет үшін болмашы қаражат қой. Ал ана үшін баласына қажет заттарды сатып алуға көмектеседі", — деп жазды ол.

Тағы бір әйел отбасының атына тіркелген мүлікті байлықтың белгісі деп қарастыруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, ипотекадағы пәтер мен несиеге алынған көлік отбасының материалдық жағдайы жақсы екенін білдірмейді.

"Ипотекаға алған пәтеріміз, несиеге алған екі көлігіміз бар. Жоғары біліміміз бен ресми жұмысымыз бізді бай қылып көрсетеді. Бірақ біз мұның бәрін тегін алған жоқпыз. Еңбек етеміз, салық пен әлеуметтік аударымдар төлейміз. Енді жұмыс істейтін әйелдерге берілетін соңғы көмектен де айырылуымыз мүмкін", — деді желі қолданушысы.

Кейбір әйелдер біржолғы жәрдемақының жылына бір рет қана берілетінін айтып, оны алып тастаудың мәнін түсінбейтінін жеткізді.

"Егер бұл төлем жылына екі рет немесе одан да жиі берілсе, түсінуге болар еді. Бірақ ол бір-ақ рет төленеді. Енді соны да алып тастамақ", — деп пікір білдірді желі қолданушысы.

Ресей: бұрынғы жалақының 100 пайызына дейін төлейді

Ресейде жұмыс істейтін әйелдердің жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақысы жалпы тәртіп бойынша орташа табысының 100 пайызы мөлшерінде есептеледі. Қалыпты жағдайда декреттік демалыс 140 күнге созылады: 70 күні босанғанға дейін, 70 күні босанғаннан кейін беріледі.
2026 жылы қалыпты босану жағдайындағы 140 күн үшін төлемнің ең жоғары мөлшері 955 836 рубльге (5 123 280,96 теңге) жетеді. Босану жағдайы қиындағанда демалыс 156 күнге, ал екі немесе одан да көп бала дүниеге келгенде 194 күнге созылуы мүмкін. Мұндайда төлемнің жоғарғы шегі де артады.

Бала туғаннан кейін Ресейде біржолғы жәрдемақы және бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем беріледі. Соңғысының мөлшері жұмыс істейтін ата-аналар үшін орташа табыстың 40 пайызына байланысты есептеледі.

Бұдан бөлек, Ресейде отбасыларға арналған аналық капитал бағдарламасы бар. Ол кәдімгі қолма-қол декреттік төлемнен бөлек қарастырылып, тұрғын үй сатып алу немесе баланың білім алуына ақы төлеу секілді заңда көзделген мақсаттарға жұмсалады. 

Ресейде 2020 жылдан бері туған немесе асырап алынған бірінші балаға 728 921,90 рубль (3 907 021,3 теңге) мөлшерде аналық капитал беріледі. 

Екінші балаға: бірінші бала үшін капитал алынған болса, қосымша 234 321,27 рубль (1 255 962 теңге) беріледі.

Екінші балаға толық капитал алмаған жағдайда 963 243,17 рубль (5 162 983,3 теңге) қарастырылған. 

Бұл ақшаны кез келген мақсатқа жұмсай алмайды. Негізінен баспана жағдайын жақсартуға, ипотекаға, балалардың біліміне және заңда көзделген өзге қажеттіліктерге пайдаланады. 

Германия: ата-ананың екеуіне де декреттік төлемдер төленеді

Германияда бала туғаннан кейін ата-аналарға арналған Elterngeld төлемі қарастырылған. Оның негізгі мақсаты – бала күтіміне байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан немесе жұмыс уақытын қысқартқан ата-ананың табысы азайған кезде қаржылай қолдау көрсету.

Негізгі төлем түрі – Basiselterngeld. Ата-аналар оны өзара бөлісіп, жалпы 14 айға дейін ала алады. Әдетте төлем бала туғанға дейінгі таза табыстың шамамен 65 пайызына тең болады. Ай сайынғы мөлшері кемінде 300 еуро (152 793 теңге), ең көбі 1 800 еуро (916 758 теңге).

Егер ата-ананың бірі жұмысқа ертерек оралып, жартылай жұмыс істесе, ElterngeldPlus бағдарламасы арқылы төлемді ұзағырақ алу мүмкіндігі бар. Бұл нұсқада ай сайынғы сома негізгі төлемнің жартысына дейін төмендегенімен, төлем мерзімі екі есеге дейін ұзартылуы мүмкін.
Германияның ерекшелігі – бала күтімін тек ананың міндеті ретінде қарастырмай, әкенің де демалысқа шығып, төлем алуына жағдай жасауы. 

Швеция: ата-анаға декреттік демалысқа 480 күннің төлемі есептеледі

Швецияда бала күтіміне арналған төлем жүйесі ұзақ демалыс алуға мүмкіндік береді. Бір балаға ата-ананың екеуіне ортақ 480 күн төлем қарастырылған.

Оның 390 күні ата-ананың табысына байланысты есептеледі. Қалған 90 күнге тәулігіне 180 швед кроны (8163 теңге) мөлшерінде төлем беріледі. Ата-аналар бұл күндерді өзара бөлісе алады, ал жалғыз ата-анаға барлық 480 күнді пайдалану құқығы беріледі.

Бұл жүйеде басты назар тек босанғаннан кейінгі алғашқы апталарға емес, баланың алғашқы айларындағы күтімге аударылған. Ата-ананың екеуіне де бала тәрбиесіне қатысуға мүмкіндік беріледі. 

Ұлыбритания: алғашқы апталарда жалақының 90 пайызы төленеді

Ұлыбританияда талаптарға сай келетін жұмыс істейтін әйелдерге 39 аптаға дейін Statutory Maternity Pay төленеді.

Алғашқы алты аптада төлем орташа апталық табыстың 90 пайызына тең. Одан кейінгі 33 аптада әйел аптасына 194,32 фунт (116 786,32 теңге) немесе орташа апталық табысының 90 пайызын алады. Екі соманың қайсысы төмен болса, сол мөлшер қолданылады.

Бұл – 2026 жылғы сәуірден бастап қолданылатын мөлшер. Ал декреттік демалыстың жалпы ұзақтығы 52 аптаға дейін жетуі мүмкін. Яғни төлем берілетін мерзім мен әйелдің демалыста бола алатын уақыты бірдей емес.

Ұлыбритания тәжірибесінде де әлеуметтік қолдау еңбек қатынастары мен белгіленген талаптарға тәуелді. Сондықтан елдегі барлық әйел бірдей мөлшерде төлем алады деуге болмайды. 

Жапония: босануға арналған жеке төлем бар

Жапонияда медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын әйелдерге бала туу шығындарын өтеуге арналған біржолғы төлем қарастырылған.

Жапонияның Әділет министрлігі жариялаған ақпаратта оның мөлшері 420 мың иен (1 205 400 теңге) деп көрсетілген. Бұл қаражат босану шығынын өтеуге арналғандықтан, оны әйелдің жалақысын алмастыратын декреттік төлеммен шатастырмау керек.

Бұдан бөлек, жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты демалыс кезінде және бала күтімі кезеңінде әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы төлемдер қарастырылған. Олардың мөлшері мен шарттары әйелдің еңбек мәртебесіне және сақтандыру жүйесіне қатысуына байланысты.
Осылайша, Жапония бала туған кездегі медициналық шығынды өтеу мен декрет кезінде жоғалған табыстың орнын толтырудың екі бөлек міндет екенін көрсетеді. 

АҚШ: ақылы декрет көлемі қай штатта тұратынына байланысты беріледі

АҚШ-та федералдық деңгейде барлық жеке сектор қызметкерлеріне ортақ ақылы декреттік демалыс жоқ. Федералдық заң талаптарына сай келетін қызметкерлерге отбасылық және медициналық жағдайларға байланысты 12 жұмыс аптасына дейін ақы төленбейтін демалыс берілуі мүмкін.

Ал ақылы демалыс мүмкіндігі штатқа және жұмыс берушіге байланысты. Мысалы, Калифорнияда талаптарға сай келетін қызметкерлер бала күтіміне байланысты сегіз аптаға дейін ішінара төлем ала алады.

Сондықтан АҚШ-тағы декреттік қолдауды бір ғана сомамен сипаттау қиын. Әйелдің қандай төлем алатыны оның қай штатта тұратынына, жұмыс істейтін орнына және әлеуметтік бағдарламаларға қатысуына байланысты. Мысалы, Калифорниядағы орташа есептік $1 063 апталық төлемді сегіз аптаға шаққанда шамамен $8 504 (3 869 320 теңге) болады. 

Ақгүл Айдарбекқызы
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 17:02