Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға берілетін ең көп жәрдемақы көлемі белгілі болды

Жұмыссыздық
Фото: Pixabay

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем үш айға дейін қысқарады. Бұған дейін төлем мерзімі азаматтың сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай алты айға дейін созылатын. Сонымен қатар, жәрдемақының ең жоғары мөлшері белгіленбек. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ресми жұмыс істеп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлеген азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға құқылы. Жәрдемақының мөлшері азаматтың әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Ал төлемнің ең жоғары шегі ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45%-ынан аспайды.

 2027 жылғы бюджет жобасына сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз 85 мың теңге болып қалмақ. Осы соманы жеті еселеп, оның 45%-ын есептегенде, жәрдемақының ең жоғары мөлшері 267 750 теңге немесе шамамен 268 мың теңге болады. Яғни әлеуметтік аударымдар есептелген табысы жоғары азаматтар да белгіленген шектен артық төлем ала алмайды. Нақты сома әр адамның табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай анықталады.

Жұмысынан айырылған азамат төлем алу үшін тұрғылықты жеріндегі Мансап орталығына жүгіне алады. Сондай-ақ өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы беруге болады. Мансап орталығы азаматқа кәсіби дағдыларына сәйкес жұмыс ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, ол жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем тағайындау рәсімінен өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 1 қазаннан бастап жұмыссыздық бойынша төлем мөлшері мен мерзімі қысқаратыны туралы жазғанбыз. 

 
Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 15:37