Бала туған отбасыларға кредит төлеуді уақытша тоқтату ұсынылды
Қазақстанда бала дүниеге келген отбасыларға автоматты түрде пайызсыз несие демалысын беру ұсынылды. Мұндай бастаманы Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов көтерді. Оның пікірінше, халықтың қарызға батуы жас отбасылардың бала сүюіне кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Мұрат Әбенов Facebook парақшасында Қазақстандағы туу көрсеткішінің төмендеуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда дүниеге келетін балалар саны шамамен 25 пайызға азайған. 2021 жылы елде 445,9 мың бала туса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін төмендеген.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда 226 990 бала туған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 322 балаға немесе 8,95 пайызға аз.
Әбенов Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайды да мысалға келтірді. Оның мәліметінше, 2014 жылы өңірде 8 216 бала дүниеге келсе, 2025 жылы бұл сан 4 653-ке дейін азайған. Төмендеу – 43,4 пайыз.

Әбенов бала туу көрсеткішінің төмендеуін немен байланыстырады?
Халық Кеңесінің мүшесі демографиялық өзгерісті тек жастардың өмірлік құндылықтарының ауысуымен түсіндіруге болмайды деп есептейді. Оның пікірінше, жас отбасылар үшін баспана, тұрақты жұмыс пен несие төлеу негізгі мәселеге айналған. Бала дүниеге келгенде ата-ананың біреуі декреттік демалысқа шығып, отбасының табысы азаюы мүмкін. Ал баланың күтімі мен тұрмыстық қажеттіліктерге кететін шығын көбейеді. Әбеновтің айтуынша, кейбір отбасылар табысының жартысына жуығын баспана жалдауға жұмсайды, ал жеке үй сатып алуға мүмкіндік таба алмайды.
Ол халықтың несиелік жүктемесіне де назар аударды. Әбенов келтірген дерек бойынша, жеке тұлғалардың банктер алдындағы несие көлемі 26,7 триллион теңгеге жеткен. 9,16 миллион қазақстандықтың өтелмеген несиесі бар. Тұтынушылық қарыздардың орташа мөлшерлемесі шамамен 20,6 пайызды құрайды. Сонымен қатар оның мәліметінше, 1,5 миллион адамның шоттары жеке сот орындаушылары тарапынан бұғатталған.
Әбенов қарыз көлемінің өсуі мен туу көрсеткішінің төмендеуін өзара байланысты құбылыстар ретінде қарастырады. Дегенмен бұл деректердің қатар өзгеруі кредиттердің аз бала тууға тікелей себеп екенін өздігінен дәлелдемейді.
Қандай өзгерістер ұсынды?
Мұрат Әбенов бала дүниеге келген кезде ата-аналарға пайызсыз несие демалысын автоматты түрде беруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл жас отбасылардың қаржылық жүктемесін уақытша азайтуға көмектеседі.
Сонымен қатар ол:
-
шоттары бұғатталған 1,5 миллион азаматтың қарыз жүктемесін жеңілдету тетіктерін қарастыруды;
-
микроқаржы ұйымдарының несие беру талаптарын қатаң бақылауды;
-
жеке сот орындаушыларының азаматтардың шоттарын жаппай бұғаттау тәжірибесін шектеуді;
-
жастарға жұмыс орындарымен бірге баспана ұсынуды;
-
өңірлерде тұрақтап қалған жас отбасылардың санын әкімдер жұмысының нәтижесін бағалау көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастыруды ұсынды.
Әбенов әлеуметтік саладағы шешімдер қабылданғанда олардың демографиялық жағдайға ықпалы да ескерілуі керек деп санайды. Ол сондай-ақ инфрақұрылым мен құрылыс жобаларына жоспарланған шамамен 16 триллион теңгені өңірлердің демографиялық қажеттіліктеріне қарай бағыттауға шақырды. Мәселен, халқы өсіп жатқан оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларға мектептер мен балабақшалар қажет болса, солтүстік және шығыс аймақтарда жастарды ұстап қалу үшін баспана мен тұрақты жұмыс орындарын көбейту маңызды екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір қазақстандықтардың несие төлемі екі есе азаюы мүмкін екені туралы жазған едік.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па