"Табысы миллиардтаған, жалақысы мардымсыз": "Аралтұз" жұмысшылары еңбек жағдайына шағымданды
“Аралтұз” кәсіпорнының жұмысшысы билікке үндеу жолдады. Ол жалақының аздығына, тұздың шамадан тыс өндіріліп жатқанына және экологиялық бақылаудың әлсіздігіне шағымданды. Ол кәсіпорын жұмысын тәуелсіз комиссия тексеруін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде жарияланған видеода ер адам кен орнының табиғи қоры мол болғанымен, жергілікті тұрғындардың тұрмысы жақсармағанын айтады. Оның сөзінше, жұмысшылардың жалақысы өте аз.
“Бұл – біздің байлығымыз. Бірақ соған қарамастан, тұрмыс деңгейіміз төмен. Ал жалақымыз ең аз жалақылардың қатарында”, – дейді ол.
Жұмысшының айтуынша, кен орнында тұз шамадан тыс өндіріліп, табиғи қорды сақтау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Сонымен қатар үндеу авторлары инвесторлардың жұмысына наразылық білдіріп, өндіріс барысында экологиялық талаптардың сақталуына күмән келтірген. Олар мұндай әрекет кен қорының сарқылуына және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенеді.
Осыған байланысты жұмысшы биліктен кен орнына тәуелсіз комиссия жіберіп, еңбек жағдайын, экологиялық қауіпсіздікті және тұз өндіру талаптарының сақталуын тексеруді сұрады.
“Аралтұз” туралы не белгілі?
“Аралтұз” – Қазақстандағы ірі тұз өндіруші кәсіпорындардың бірі. Негізгі өндіріс орны Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Жақсықылыш ауылында орналасқан. Компания ас және техникалық тұз өндіреді. Өнімінің едәуір бөлігін шетелге экспорттайды.
Бұған дейін компанияның Атырау облысындағы Индер көлінің тұз қорын игеру жоспары туралы да хабарланған. Бұл жоба қоршаған ортаға ықтимал әсеріне байланысты жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па