Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айтыскер ақын Надежда Лушникова 86 жасқа толуына екі апта қалғанда дүниеден өтті

Надежда Лушникова
Фото: t.me/zhazushylar_odagy

Қазақстанға танымал айтыскер ақын Надежда Лушникова 85 жасында дүниеден өтті. Ақын 22 қарашада 86 жасқа толар еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаралы хабарды жазушы Исмаилжан Иминов әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. Оның айтуынша, ақын 8 қараша күні көз жұмған. Жазушы Надежда Лушниковамен күнделікті хабарласып тұрғанын, ал соңғы рет оны 28 қазанда Ұлттық кітапханада өткен кітап тұсаукесерінде көргенін айтты.

"Бүгін қаламым қаралы хабар естірткелі тұр: бірегей тұлға, суырыпсалма ақын, көзінің тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған Надежда Лушниковадан айырылып қалдық. Мен үшін Надежда апай туғанымдай болып кеткен адам еді. Күнде сөйлесіп тұратынбыз. Соңғы рет оны 28 қазан күні Ұлттық кітапханада көрдім, ол менің айтыс туралы жазған кітабымның тұсаукесеріне келген. Сол кезде тың еді, сөз сөйлеп кеткен", – деп жазды Исмаилжан Иминов.

Жазушы ақынның жарқын бейнесі жақындарының жадында мәңгі сақталатынын айтып, оның отбасына көңіл айтты.

 

Айта кетейік, Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол қазақтың айтыс өнеріне өзіндік үлес қосып, суырыпсалма ақындығымен көпшілікке танылған.

 

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 10:16