Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жүргізуші таксиге баламен мінген жолаушы әйелді балағаттады

полиция такси
Фото: Видеодан скрин

Алматыда такси жүргізушісі жолаушы әйелді баласы көліктің салонын бүлдіргені үшін балағаттап, жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйел таксиге баласымен бірге отырған. Жол үстінде бүлдіршін абайсызда көліктің салонын былғап алған. Бұған ашуланған 53 жастағы жүргізуші жолаушыға дөрекі сөйлеп, ар-намысына тиетін сөздер айтқан.

Көлік тоқтағаннан кейін де жүргізуші сабасына түспей, сыртқа шығып, әйелмен жанжалдасқан. Ол жанжал кезінде былапыт сөздер айтқан. Әйел болған жағдайды ұялы телефонына түсіріп алып, полицияға арызданған.

Полиция қызметкерлері жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріп, материалдарды сотқа жолдаған.

“Сот шешімімен ер адам жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды”, – деп хабарлады полиция.

Полиция тұрмыстық жанжал немесе жолаушыға көңілі толмау адамның ар-намысына тиіп, қоғамдық тәртіпті бұзуға негіз емес екенін еске салды. Әсіресе, мұндай әрекеттерге балалардың куә болуы жағдайды одан әрі ушықтырады деп ескертті ведомсвто өкілдері.

Бұған дейін Ақтөбеде әйел перзентханаға жетпей такси ішінде босанып қалғаны туралы жазған едік. Жүкті әйел перзентханаға жетпей, такси салонында ұл баланы дүниеге әкелді. 

Назерке Ғалимованың айтуынша, босану процесі күтпеген жерден тез басталған. Сондықтан өзі де абдырап қалыпты. Ал көлік жүргізушісі жаңа туған сәбидің дауысын естігенде қатты қобалжыған. Әйел жүргізушіні сабырға шақырып, жедел жәрдемді өзі шақырған.

Медицина қызметкерлері бірнеше минуттың ішінде жетіп, ана мен баланы жақын маңдағы перзентханаға жеткізген. Қазір екеуі де ауруханадан шыққан. Отбасы нәрестеге ат қоюға дайындалып жатыр. Назеркенің отбасында бұған дейін екі ұл тәрбиеленіп жатқан. Олар да інісін перзентханадан шығарып алуға келген.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 08:09