Ақтөбеде әйел перзентханаға жетпей такси ішінде босанған
Ақтөбеде жүкті әйел перзентханаға жетпей, такси салонында ұл баланы дүниеге әкелді. Оқиға кезінде ана мен сәбиге жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бестамақ ауылының 27 жастағы тұрғыны Назерке Ғалимованың толғағы таксимен ауруханаға бара жатқанда басталған. Әйел көлік перзентханаға жеткенше босанып, салмағы 3,5 келі ұл баланы дүниеге әкелген. Абырой болғанда, ана мен баланың жағдайы жақсы.
Назерке Ғалимованың айтуынша, босану процесі күтпеген жерден тез басталған. Сондықтан өзі де абдырап қалыпты. Ал көлік жүргізушісі жаңа туған сәбидің дауысын естігенде қатты қобалжыған. Әйел жүргізушіні сабырға шақырып, жедел жәрдемді өзі шақырған.
Медицина қызметкерлері бірнеше минуттың ішінде жетіп, ана мен баланы жақын маңдағы перзентханаға жеткізген. Қазір екеуі де ауруханадан шыққан. Отбасы нәрестеге ат қоюға дайындалып жатыр. Назеркенің отбасында бұған дейін екі ұл тәрбиеленіп жатқан. Олар да інісін перзентханадан шығарып алуға келген.
Нәрестенің анасы қиын сәтте қолдау көрсеткен такси жүргізушісі мен жедел жәрдем қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Жедел жәрдем станциясының фельдшері Роман Мергенұлының сөзінше, бригада шақырту түскеннен кейін 6-7 минут ішінде оқиға орнына жеткен.
“Бригада оқиға орнына 6-7 минутта жетті. Көлік салонында әйелді тексеріп, қажет медициналық көмек көрсеттік. Сол жерде нәрестенің кіндігі кесіліп, тиісті препарат егілді. Одан кейін ана мен баланы жақын маңдағы стационарға жеткіздік. Менің тәжірибемде баланың таксиде дүниеге келуі – алғашқы жағдай. Ал үй жағдайында босану оқиғалары жиірек кездеседі”, – деді фельдшер.
Айта кетейік, бұған дейін Екі рет егіз босанған шымкенттік ана үшем дүниеге әкеліп, он баланың анасы атанғаны туралы жазған едік.
"59 миллион табыспен, 30 мың теңге төлеген": Қазақстанда әкелер алименттен қалай жалтарады және оларды қалай анықтауға болады
