NIS түлектері ауыл оқушыларына қалай көмектесіп жүр: Грант, сабақ және тәлімгерлік
2023 жылы Түркістан облысы Шәуілдір ауылының оқушысы Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебіне (НЗМ) оқуға түсуге арналған іріктеуде резерв тізіміндегі бірінші орынға шықты. Оның оқу ақысын НЗМ түлектері жинап берді. Соның арқасында бала басқа оқушылармен бірге білім ала бастады. Алғашқы оқу жылын үздік аяқтады.
Арада бір жыл өткенде Алматы облысы Райымбек ауылындағы көпбалалы отбасынан шыққан дарынды қыз осындай мүмкіндікке ие болды. Ол да Алматы қаласындағы НЗМ-дердің біріне түсуге арналған іріктеуде резерв тізімінде бірінші тұрған. Тағы екі жыл өткен соң Атырау қаласында да дәл осындай оқиға қайталанды.
Ауыл балаларына арналған бұл грантты Назарбаев зияткерлік мектептері түлектерінің қауымдастығы – Alumni NIS тағайындаған. Бағдарлама әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан, НЗМ-нің 7-сыныбына қабылдау емтиханына қатысып, "Өркен" грантына үміткерлердің резерв тізіміне енген ауыл оқушыларына арналған. Балалардың оқу ақысын төлеуге қажет қаражатты түлектер өздері жинайды. Оған жыл сайын ұйымдастырылатын қайырымдылық балынан түскен қаржы да жұмсалады.
2025 жылдың наурызында "Өсиет" жобасы басталды. Алғашқы кездесулердің бірі Ақмола облысындағы Степняк қаласында өтті. Сол кезде мектептің 60-тан астам оқушысы мамандық таңдау, ағылшын тілін үйрену және психологиялық қолдау бағытындағы сабақтарға қатысты. 2026 жылдың қарашасына қарай жоба аясындағы кездесулерге ауыл мектептерінің мыңға жуық оқушысы қатысқан.
Ағылшын тілі ауылға барған түлектердің негізгі сабақтарының біріне айналды. Кейін бұл бағыт жеке жоба ретінде жалғасын тапты. 2025 жылдың қыркүйегінде Alumni NIS пен WeGlobal AI компаниясы ауыл оқушыларына арналған Mentors Hub тегін оқу бағдарламасын іске қосты. Компания сабақ өтетін платформаны және оқу материалдарын ұсынса, мұғалімдік міндетті Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері атқарды.
Алғашқы кезеңге қатысуға 100-ден астам өтінім түсті. Ұйымдастырушылар 74 оқушыны қабылдап, ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қарай топтарға бөлді. Екінші кезеңде жобаға қатысушылар саны одан әрі артты.
Түлектердің университет қабырғасынан кейін де қоғамға пайдасын тигізіп жүргенін 2026 жылдың күзінде жүзеге асқан тағы бір бастама көрсетті. НЗМ түлегі Сабыржан Мұстафин, Мансур Ахмеров, Дамир Дауренұлы және Әділет Саду өздері дамытып жатқан CYBERPACK.AI және Rolab технологиялық компаниялары арқылы Ұлытау облысындағы 86 мектеп пен 14 колледжге 100 дана 3D-принтер сыйлады.
Бұл – кәсіпкерлердің өз бастамасымен жүзеге асқан жоба. Енді оқушылар арнайы құрылғының көмегімен компьютерде жасаған сызбасын нақты бұйымға айналдырып көре алады. Яғни, ойындағы дүниені цифрлық модельден бастап, дайын үлгіге дейін жеткізіп, оның қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде тексеруге мүмкіндік алды.
Қауымдастықтың тұрақты серіктестерінің бірі – NU&NIS Foundation қоры. Қордың басты мақсаты – Alumni NIS қауымдастығының дамуына қолдау көрсету. Осылайша, уақыт өте келе бір-біріне тірек болатын, білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосатын мықты түлектер ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды.
Бір бала үшін түлектердің көмегі өзі қалаған мектепте білім алуға жол ашса, енді бірі туған ауылынан ұзап шықпай-ақ ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік алды. Тағы бір оқушылар жаңа технологияларды меңгеріп, болашақ мамандығына қажетті дағдыларды тәжірибе арқылы үйреніп жүр.
Alumni NIS бұл бастамаларды бір реттік қайырымдылықпен шектемей, жыл сайын жалғастырып келеді. Түлектер грантқа қаражат жинап, ауылдарға барып сабақ өткізеді, жастарды тәлімгерлікке тартады. Бір кездері өздері де мектеп партасында отырған түлектер енді кейінгі буынға жол көрсетіп жүр. Олардың білімі, уақыты мен қолдауы ауыл балаларының арманына бір қадам жақындауына мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстандық жігіт жасанды интеллект арқылы айына 2 миллион теңге табыс табады