Қазақстандық жастар арасында жаңа субмәдениет пайда болды: Слайдерлер деген кім
Алматыда жастар арасында жаңа субмәдениет кеңінен тарала бастады. Өздерін “слайдер” деп атайтын жастар қара киім киіп, беттерін қорқынышты етіп бояйды. Олар жүгіріп келіп, тізесімен жерге сырғанап, көшедегі адамдарды шошытады. Ерекше өнер көрсету мәнері қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі мұны жастардың өзіндік ерекшелігін көрсету тәсілі деп қабылдаса, енді бірі айналасындағыларды әдейі қорқытудың мәнін түсінбей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Самғат Агаров слайдерлер туралы алғаш рет Хэллоуин мерекесі кезінде білген. Оның айтуынша, қорқынышты бейнелер мен қараңғы эстетика оған бұрыннан қызық болған. Сондықтан ол өзін осы бағытта сынап көрген. Дегенмен әзірге мұндай образбен тек өзімен көзқарасы бір адамдар жиналатын барларда ғана өнер көрсетеді. Ал көшеге шығуға жүрексінеді. Себебі өтіп бара жатқан адамдардың теріс реакциясын болжау қиын дейді.
"Жаңа сән немесе осындай жаңа құбылыс пайда болған кезде адамдар оны бірден сынай бастайды. Тіпті біреу ұрып кетуі де мүмкін. Жалпы, адамдарды қорқытқымыз келмейді. Өйткені бұл жастар туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Жастардың бәрі біз сияқты емес қой", – дейді Самғат Агаров.
Слайдерлерді сыртқы келбетінен бірден тануға болады. Олар қара түсті киім, ірі әрі ауыр аяқкиім киіп, беттерін Kiss рок-тобының әртістеріне ұқсатып бояйды. Сонымен қатар тізелеріне арнайы қорғаныш құралдарын тағады. Олардың негізгі ерекшелігі – жүгіріп келіп, тізесімен жерге сырғанау.
Мұндай қимыл-қозғалыс тәсілі алғаш рет өткен ғасырдың 80-жылдары АҚШ-та пайда болған. Сол кезде Хэллоуин кезінде құбыжық кейпіне енген әртістер ойын-сауық саябақтарына келген адамдарды осылай қорқытқан. Ал биыл күзде слайдерлердің видеолары Ресей мен Қазақстанның әлеуметтік желілерінде кеңінен тарала бастады. Олардың айналасындағыларды шошытуы, таңғалдыруы немесе түсінбей қарауы да қойылымның бір бөлігіне айналған. Мұндай видеолар желіде көп қаралым жинайды.
Слайдерлердің пікірінше, бұл жай ғана адамдарды қорқыту емес, күнделікті бірсарынды өмірден бас тартудың және көпшілік ұстанатын қалыптан шығудың бір жолы.
Психологтар мұндай ерекше әуестіктің артында адамның өзін іздеуі, өзгелерден ерекшеленуге және пікірлес адамдарды табуға деген талпынысы жатуы мүмкін екенін айтады.
"Ашық образдар, қалыптан тыс музыка немесе ерекше киіну стилі кейде адамның айналасындағылардың назарын аударуға деген талпынысын білдіреді. Әсіресе адам өзіне маңызды адамдардың назарын басқа жолмен аудара алмаса, осындай тәсілдерді таңдауы мүмкін", – деп түсіндірді психолог Эрика Безрученко.
Әлеуметтік желі қолданушылары арасында слайдингті толыққанды субмәдениет деп санауға бола ма деген пікірталас та жүріп жатыр. Кейбірі бұл қозғалысты агрессивті бейресми топтарға еліктеу немесе олардың әрекетіне пародия жасау деп қабылдайды. Өйткені слайдерлердің ұрандарының бірі – "кошмарить нормисов". Мұны қарапайым тілмен түсіндіргенде, қалыпты өмір сүретін, өзгеше стиль ұстанбайтын адамдарды қорқыту деген мағынаны білдіреді.
Алайда слайдерлердің мақсаты қандай болса да, қоғамдық орындарда адамдарды әдейі қорқыту заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Заңгер Анна Юдинаның айтуынша, мұндай әрекеттердің сипатына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда айыппұл мөлшері 20-дан 50 АЕК-ке дейін жетеді. Ал әрекет қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланса, жаза әлдеқайда қатаң болады. 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін", – дейді заңгер.
Мұндай әуестіктің тағы бір қаупі – денсаулыққа зиян келтіру. Тіземен жерге қайта-қайта сырғанау буындар мен сүйектерге үлкен салмақ түсіреді. Арнайы тізеқаптар соққыны біршама жеңілдеткенімен, жарақат алу қаупін толық жоя алмайды. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай әрекет салдарынан көгеру, буындардың зақымдануы, тіпті артроз ауруы пайда болуы мүмкін. Әсіресе сүйегі әлі қалыптасып үлгермеген жасөспірімдер үшін бұл қауіпті.
"Жасөспірімдер үшін ең қауіпті салдардың бірі – сүйектердің өсу аймағының зақымдануы. Бұл ортан жілікке немесе асықты жілікке әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан сүйек дұрыс өспей, деформацияға ұшырайды немесе өсуі тоқтап қалуы ықтимал. Нәтижесінде бір аяқ екіншісіне қарағанда қисық немесе қысқа болып қалуы мүмкін", – деп ескертті травматолог-ортопед Арман Балғынбаев.
Әзірге Алматыда пайда болған жаңа субмәдениетке қоғамның көзқарасы екіге бөлінген. Бірі слайдингті жастардың өзіндік болмысын көрсету тәсілі деп қабылдаса, енді бірі оны айналасындағыларға да, өздеріне де қауіп төндіретін әуестік санайды. Ал жергілікті слайдерлер өздерінің философиясы мен ерекше мәдениеті қоғамда да қабылданады деп үміттенеді.
Қазақстандық жігіт жасанды интеллект арқылы айына 2 миллион теңге табыс табады