Қазақстандық жігіт жасанды интеллект арқылы айына 2 миллион теңге табыс табады
Алғашында достарына әзіл ретінде видео түсірген Алиаскар Куттымурат бүгінде жасанды интеллект көмегімен жарнамалық роликтер жасап, халықаралық тапсырыстар орындайды. Алғашқы коммерциялық жұмыстарын 100–200 долларға бағалаған ол кейін ірі жобаларға қатысып, жеке продакшнын дамытуға кіріскен. Алайда бұл жолда қиындықтар да болды: бір үлкен фильм жобасынан кейін денсаулығы сыр беріп, тіпті кәсібін тоқтату туралы ойлаған. Stan.kz Алиаскар Куттымураттан шығармашылық қызығушылығы қалай кәсіпке айналғанын, алғашқы клиенттерін қалай тапқанын және қазір бұл жұмыстан қанша табыс табатынын білді.
Бәрі достарына әзіл үшін видео түсіруден басталған
Алиаскардың видео түсіруге қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Ол достарына қалжыңдап түрлі роликтер жасап, қысқаметражды фильмдер мен жарнамалар түсіріп жүрген. Кейін университетте оқып жүрген кезінде ұстазы Арман Қарабаевтың тапсырмасымен де түрлі шығармашылық жұмыстарға қатысқан. Алайда ұстазы видеоларды жасанды интеллект арқылы емес, өз қолдарымен түсіруге басымдық берген. Алиаскар болса жаңа технологияға қызығып, AI құралдарын өз бетінше сынап көре бастаған.
“Біз қысқаметражды роликтер, жарнамалар түсіретін едік. Өзіміз қолмен жасап, монтаждайтынбыз. Мұғаліміміз жасанды интеллектіні қолдануға емес, видеоны өз қолымызбен түсіруге басымдық беретін. Бірақ ол кезде AI қазіргідей дамымаған еді. Соған қарамастан, қолданып көрдім. Бірте-бірте қызығушылығым арта бастады. Басында осы арқылы ақша табуға болады деп ойламадым, бәрін өзім үшін жасадым”, – дейді ол.
Мектепті бітіргеннен кейін Алиаскар шетелде білім алуды армандаған. Италияда бір жыл оқығанымен, кейін Қазақстанда қалуға шешім қабылдаған. Оны журналистиканың өзінен гөрі жаңа медиа, жеке брендті дамыту және контентті ілгерілету бағыттары қызықтырған.
Кейін ол видеограф болып жұмыс істеп, жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметінде пайдалана бастаған. Алғашқы шығармашылық жобаларының арасында Қазақстан туралы визуалды жұмыстар да болған. Оларды бастапқыда табыс табу үшін емес, өз қызығушылығы үшін жасаған.
Алиаскар режиссер Айсұлтан Сейітов ұйымдастырған QARA форумына қатысып, жұмыстарын көрсеткен. Сол жерде жасанды интеллект саласындағы мамандар мен рекрутерлер оның шығармашылық жұмыстарына назар аударған.
Кейін ол “Сиреневый PRорыв – 2026” республикалық PR байқауына қатысып, бірінші орын иеленген. Осы жеңістен кейін оның жұмыстарына қызығушылық танытқан адамдар көбейіп, алғашқы коммерциялық тапсырыстар түсе бастаған.

Алғашқы тапсырыстарын 100–200 долларға орындаған

Алиаскар бастапқыда жұмыстарын 100–200 долларға (шамамен 46 мың – 91 мың теңге) бағалаған. Студенттердің жобаларын шамамен 50 долларға (шамамен 23 мың теңге) орындаған кездері де болған.
Алғашқы коммерциялық тапсырыстарының бірі университет психологына арналған үстел ойынының жарнамасы еді. Ол бұл жұмысы үшін 100 доллар (шамамен 46 мың теңге) алған. Кейін түрлі шығармашылық жобаларға тапсырыс көбейе бастаған.
Алиаскардың айтуынша, ол кезде қызметін арнайы жарнамалап, клиент іздемеген. Тапсырыстар көбіне таныстарының ұсынысы арқылы келген.
“Бір адам маған хабарласып, жұмыстарымды біреулерден көргенін, өзі де осындай жоба жасағысы келетінін айтты. Мен тапсырысты орындадым. Кейін ол кісі менің жұмысымды басқа таныстарына ұсынды. Олар да тапсырыс бере бастады. Алғашқы коммерциялық тапсырысымның келуіне сол таныстық үлкен әсер етті”, – дейді ол.
Уақыт өте келе оның жұмыстарына шетелдік клиенттер де қызығушылық таныта бастаған. Соның бірі – Барселонадағы зергерлік дүкенге арналған жоба. Сондай-ақ ол UNICEF ұйымына арналған инклюзия тақырыбындағы қысқа роликтермен жұмыс істеген.
Алғашқы кезде шетелдік клиенттермен жұмыс істеу және өз еңбегіне жоғары баға қою оңай болмаған. Әсіресе тапсырыс берушіге қызметінің құнын көтеріп айтқанда өзіне сенімсіздік танытқан.
“Шетелден тапсырыстар алып, қызметім үшін көбірек ақы сұрай бастағанда өзімді сенімсіз сезінген кездерім болды. Бірақ жұмыстарымды жақсы орындаған сайын өзіме деген сенімділігім артты”, – дейді Алиаскар.
Оның айтуынша, клиенттердің жұмысына көңілі толып, басқа адамдарға ұсынуы да кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал еткен. Осылайша, бастапқыда шағын тапсырыстардан басталған жұмыс біртіндеп үлкен жобаларға ұласқан.
Бір фильм жобасынан кейін кәсібін тоқтатуды ойлаған

Алиаскардың кәсіби жолында киноиндустриямен жұмыс істеу де маңызды орын алады. Ол фильмдердің бірінде CGI/VFX, яғни компьютерлік графика мен визуалды эффектілер бағытында жұмыс істеген.
Алиаскардың айтуынша, ірі жобалардағы жұмыс көлемі мен қысқа мерзім мамандарға үлкен салмақ түсіреді. Ол атауын жарияламауды өтінген басқа бір фильм жобасында командасымен бірге бес күн бойы қарқынды жұмыс істеген. Жоба аяқталғаннан кейін денсаулығында өзгерістер байқағанын айтады. Оның сөзінше, гормоналды фоны да өзгерген.
“Сол жобадан кейін денсаулығымды қатты күттім. Гормоналды фон өзгеріп кетті, ағзамда түрлі өзгерістер болды. Жұмысты аяқтағаннан кейін қатты шаршадым. Қаржылай табыс тапқаныммен, денсаулығымнан айырылып қала жаздадым”, – дейді ол.
Осы жағдайдан кейін Алиаскар кәсібін тоқтату туралы да ойланған. Алайда жұмысын жалғастыруға шешім қабылдаған. Бұл тәжірибе оған барлық тапсырысты жалғыз орындаудың қиын екенін түсіндірген.
Сондықтан ол жұмысын жүйелеп, команда құруға және міндеттерді мамандар арасында бөлуге көшкен. Біртіндеп өзі тек орындаушы ретінде жұмыс істеумен шектелмей, сатылым мен жобаларды ұйымдастыруға да көңіл бөле бастаған.
10–15 секундтық роликтің бағасы 250 мың теңгеден басталады
Қазір Алиаскар жеке продакшнын дамытып, қызметтерін бірнеше пакетке бөліп ұсынады. Жобаның құны видеоның ұзақтығына ғана емес, күрделілігіне, сценарийіне, тұжырымдамасына және оған тартылатын мамандардың жұмысына байланысты есептеледі.
“Пакеттеріміз бар, қызметтерді солар арқылы сатамыз. Оның құрамына монтаж, sound design, кейде копирайтинг кіреді. Кейбір клиенттерге мұның бәрі қажет емес. Өз сценарийімен келетіндер де бар. Мысалы, 10–15 секундтық видеолардың бағасы 250 мың теңгеден басталып, жобаның күрделілігіне қарай жоғарылайды”, – дейді Алиаскар.
Кейбір тапсырыс берушілер дайын сценариймен келсе, енді біріне команда идеяны әзірлеуден бастап, сценарий жазу, визуалды шешімдерді дайындау және монтаждауға дейінгі қызметтерді ұсынады.

Жасанды интеллект арқылы видео жасауға кететін шығын да әртүрлі. Мәселен, бір ірі жобада тек нейрожелілердегі токендерді, яғни контент генерациялауға қажетті цифрлық бірліктерді сатып алуға шамамен 2 миллион теңге жұмсалған. Бұл – бір жобаға кеткен шығын. Оған команда мүшелерінің еңбекақысы, монтаж және басқа да шығындар кірмейді.
Ал Алиаскардың айтуынша, салықты, қызметкерлердің еңбекақысын және басқа да шығындарды шегергеннен кейін ай сайын шамамен 2 миллион теңге таза пайда қалады.
Қазір тапсырыстардың басым бөлігі бұрынғы клиенттер мен таныстардың ұсынысы арқылы келеді. Сондықтан маман қызметін жарнамалауға көп қаражат жұмсамайды.
“Өзім жарнама жасағанды жақсы көрмеймін. Бірақ оны жүйелі жүргізу керек екенін түсінемін. Қазір арнайы жарнамасыз-ақ жақсы клиенттер хабарласып, тапсырыс беріп жатыр. Сондықтан әзірге клиент іздеп, жарнама жасауға қатты мұқтаж емеспін. Бір айда шамамен осындай көлемде жұмыс істеймін. Одан көп тапсырыс алуға мүмкіндік жоқ деп ойлаймын. Себебі сапаны сақтау маңызды", – дейді ол.
Жасанды интеллектіні меңгеру ғана жеткіліксіз
Алиаскардың пікірінше, қазір жасанды интеллект арқылы видео жасауға қызығатын жастар көп. Құралдарды меңгеру де бұрынғыдан жеңілдеген. Дегенмен кәсіби маман болу үшін техникалық дағдылармен шектелуге болмайды.
Ол драматургияны, сценарий жазуды, маркетинг пен кино тілін меңгерудің маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, техникалық тұрғыдан сапалы видео жасауды бірнеше айда, тіпті бір айда үйренуге болады. Бірақ өзгелерден ерекшелену үшін маманның өзіндік идеясы мен дүниетанымы болуы керек.
“Ең бастысы – сен оған не қосасың? Сенің көрген-білгенің, тәжірибең, концептің маңызды. Қазір бизнес иелеріне жай ғана әдемі картина қызық емес. Мағынасы жоқ әдемі видео жасағаннан гөрі, сырттай аса әдемі көрінбесе де, мағынасы терең жұмыс ұсынған әлдеқайда тиімді. Мұндай дүние бизнес иелеріне де, аудиторияға да көбірек әсер етеді”, – дейді маман.
Ол жасанды интеллект арқылы видео жасауды үйренгісі келетіндерге алдымен кино тілін меңгеруге кеңес береді. Себебі кадр композициясы, камера қозғалысы, оқиғаның өрбуі мен оны бейне арқылы жеткізу тәсілдері көрерменге әсер етуде маңызды рөл атқарады.
Алиаскар жұмыс барысында Higgsfield, Kling, Suno, ElevenLabs сияқты сервистерді пайдаланады. Айына оған жазылымдарға 1 000 доллар (шамамен 455 мың теңге) кетеді. Оның пікірінше, технология қарқынды дамып жатқандықтан, маман да үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек.
Ендігі мақсаты – жеке продакшнын дамыту
Бүгінде Алиаскар тапсырыс орындаумен ғана шектелмейді. Ол жасанды интеллект арқылы видео жасауды үйретіп, курстар өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Сонымен қатар тапсырыстарды команда мүшелеріне бөліп беріп, жұмысты жүйелеуге тырысады.
Оның айтуынша, болашақта жеке продакшнын одан әрі дамытып, нарыққа тың жобалар ұсынғысы келеді.
“Менің өзіме қоятын талабым өте жоғары. Қазір өзімді Қазақстандағы ең үздік мамандардың бірі деп санаймын. Осы уақытқа дейін жасаған жобаларым соны дәлелдейді деп ойлаймын. Алдағы уақытта өз продакшнымды дамытып, нарыққа жаңа бір дүние әкелу деген мақсатым бар. Жоспарларым көп”, – дейді Алиаскар Куттымурат.
Осылайша, мектеп кезіндегі қызығушылығын кәсібіне айналдырған Алиаскар қазір жеке продакшнын дамытуға және командасымен бірге жаңа шығармашылық жобалар жасауға басымдық беріп отыр.
Бұған дейін Stan.kz Қажыбек Дүйсенбаевтың аяқкиім тазалау кәсібі арқылы табысқа жету жолы туралы материал жариялаған. Онда кейіпкердің кәсіпке келу тарихы, алғашқы клиенттерді тартуы, бизнесті дамытудағы қиындықтары мен қаржылық көрсеткіштері нақты сандармен баяндалған.
Қазақстандық жігіт жасанды интеллект арқылы айына 2 миллион теңге табыс табады