Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр
Бүгінде айына 35–45 миллион теңге айналым жасайтын Farabi Kids Lab компаниясының негізін қалаған Ағаділ Ержанов бір кездері жұбайымен бірге бәліш сатып күн көрген. Алғашқы білім беру орталығы жабылғанда, оның мойнында 20 миллион теңгеге жуық міндеттеме қалған. Соған қарамастан, ол кәсіптен қол үзбей, жаңа командамен қайтадан бизнес бастаған. Stan.kz 25 жастағы тараздық кәсіпкердің осы жолын баяндап береді.
Бизнеске қызығушылығы бесінші сыныптан басталған
Ағаділ Ержанов Таразда өскен. Отбасында кәсіппен айналысқан ешкім болмаған: анасы дүкенде жұмыс істеген, әкесі автобус жүргізген. Соған қарамастан, оның бизнеске қызығушылығы бала кезінен басталған.
“Кішкентай кезімнен шетелдік, голливудтық бизнес туралы фильмдерді көп көретінмін. Соларға қарап, кәсіпке қызыға бастадым”, – дейді ол.
Бесінші сыныптан бастап бизнеске әуестенген Ағаділ алғашқы шағын жобаларын колледжде оқып жүргенде қолға алған. Соның бірі – кітапты жалға беру. Кейін Қазақ-түрік колледжін бітіріп, Алматыдағы университетке түскенімен, жарты жылдан соң оқуын тастауға шешім қабылдайды.

Оның айтуынша, колледжде төрт тілде білім алғандықтан, университеттен өзіне қажет жаңа білім таба алмаған. Ата-анасы бастапқыда бұл шешіміне қарсы болған. Алайда ұлының жұмыс істеп, ақша таба алатынына көз жеткізген соң, таңдауын қабылдапты.
Алғашқы табысын әлеуметтік желілерді жүргізу, яғни SMM жобаларынан тапқан. Видео түсіріп, дизайн жасап, парақшаларға пост дайындаған. Ол кезде айына 100–150 мың теңге табатын.
20–22 жасында бірнеше жобаны қатар алып жүрген. Серіктесімен бірге тендерлік курстар сатып, онлайн білім беру бағытын дамытқан. Сонымен қатар Wildberries арқылы сауда жасап, биологиялық белсенді қоспалар да сатқан. Сол кезеңде айына 2–3 миллион теңге табыс тапқанын айтады. Бірнеше бағытты қатар дамытуға тырысқанымен, уақыт өте келе білім беру саласына көбірек көңіл бөле бастаған.
Алғашқы орталықтың жабылуы және 20 миллион теңге міндеттеме
2023 жылы Ағаділ офлайн білім беру орталығын ашуға шешім қабылдайды. Жоба әуелде онлайн форматта жұмыс істегендіктен, оны іске қосуға шамамен 1,5 миллион теңге жұмсалған.
Алайда бизнестің дұрыс моделін құруда қателіктер кеткен. Сегіз айдан кейін орталық жабылады.
“Орталықтың жабылуына ең алдымен білімнің жетіспеуі әсер етті. Оның үстіне, бизнес-модельді де дұрыс құрмағанбыз”, – дейді кәсіпкер сол кезеңді еске алып.
Орталықтың жабылуы қаржылық қиындыққа әкелді. Кассалық алшақтық шамамен 20 миллион теңгеге жеткен. Оның 5 миллион теңгесі – Ағаділдің жеке шығыны мен қаржылық минусы, ал қалған 15 миллион теңгесі ата-аналарға қайтарылуы тиіс ақша, қызметкерлердің жалақысы мен жалдау ақысы болған. Орталықты дамыту үшін ол бұған дейін айналысқан жобаларын тоқтатып, серіктестіктердегі үлестерін де сатқан. Сөйтіп, сегіз ай бойы жаңа орталықтан өзі табыс көрмеген.
Қаржылық қиындықпен қатар, күн сайын ата-аналардан ақша қайтаруды талап еткен хабарламалар келіп отырған. Кей күндері мұндай өтініштердің саны 150-ге жуықтаған. Бұл жағдай оның психологиялық күйіне де ауыр тиген.
Қолда бар қаражат азайып, тұрақты табыс көзі болмаған соң, Ағаділ жұбайымен бірге бәліш пен сэндвич пісіріп сатуға кіріседі. Алғашында төрт-бес дүкенмен келісіп, өнімдерін соларға өткізіп жүрген. Бұл кәсіп отбасын күнкөріспен қамтамасыз еткенімен, қарызды толық жабуға көмектеспеген.

“Ол кезде қарызды жаба алмадық, тапқанымыз күнделікті тұрмысымызға ғана жететін. Ең көп дегенде қарыздың 1–2 миллионын ғана өтеген шығармыз”, – дейді ол.
Шамамен бес-алты айдан кейін Ағаділ онлайн білім беру компаниясына маркетолог болып жұмысқа орналасады. Осы кезден бастап бұрынғы міндеттемелерін біртіндеп өтей бастаған. Қарыздан толық құтылуға бір жылдан астам уақыт кеткен.
Соңғы төлемді жасаған сәті оның есінде ерекше сақталыпты. Бір қызметкерге тиесілі 400 мың теңгені қайтарғанда, әлгі адам ақшаны күтпегенін, тіпті ұмытып кеткенін айтқан.
“Соңғы қарызды берген кезде өзімде мақтаныш сезімі болды”, – дейді кәсіпкер.
Маркетологтан коммерциялық директорға дейін
Бәліш сатып жүрген кезеңнен кейін Ағаділ онлайн білім беру компаниясына маркетолог болып жұмысқа орналасады. Ол кезде компания енді ғана дамып келе жатқан. Кәсіпкердің айтуынша, жұмысының екінші айында компанияның айналымы 30 миллион теңгеге, ал одан кейін 50 миллион теңгеге жеткен.
Ағаділ тек жарнама жасаумен шектелмей, команда жинауға, сату бөлімін дамытуға, байланыс орталығы мен кураторлардың жұмысын ұйымдастыруға араласқан. Осылайша, біртіндеп коммерциялық директор қызметіне дейін көтерілген.
Оның пікірінше, мұндай нәтижеге жетуіне маркетинг саласындағы білімімен қатар, адамдармен тіл табыса білуі де көмектескен. Команданы өзі жинап, жұмыс процесіне белсенді араласқан. Кейін бұл компания 120 миллион теңгеге сатылған. Алайда мәмілені Ағаділ жасамаған: компанияны оның негізін қалаушылар өздері сатқан.
Жаңа иелері келгеннен кейін қызметкерлерді қысқарту басталады. Сол кезде Ағаділ командаға бірге жаңа жоба ашуды ұсынады. Оның айтуынша, ұсынысын 25 адам бірден қолдаған. Осылайша, 2025 жылы Farabi Kids Lab компаниясы жұмысын бастайды. Алғашқы кезде кәсіпкерге таныстары көмектесіп, бөлмелер мен ноутбуктерді арзан бағаға жалға берген. Түскен алғашқы табысты команда жалдау ақысын төлеуге жұмсап отырған.
Ағаділдің сөзінше, жаңа бизнесті бастау үшін жеке қаражатын салмаған, сырттан инвестиция да тартпаған. Жобаны қолда бар мүмкіндікпен және команданың күшімен іске қосқан.
Компанияның табысы неден құралады?
Farabi Kids Lab қазір бірнеше бағытта жұмыс істейді. Негізгі табысы – балаларға арналған онлайн және офлайн курстар. Сонымен қатар компания басқа білім беру орталықтарына өз платформасын, телефондарын және басқа өнімдерін ұсынады.
Ағаділ Ержановтың айтуынша, компанияның жылдық айналымы 400–450 миллион теңге шамасында. Ай сайынғы көрсеткіш 35–45 миллион теңге аралығында. Алайда бұл соманың қаншасы таза пайда болып қалатынын кәсіпкер ашып айтпады. Оның сөзінше, компанияның тұрақты шығындары бар, сондықтан айналымды табыспен теңестіруге болмайды.
Қазір бизнесте 80–100 адам жұмыс істейді. Ай сайынғы жалақы қоры 14–15 миллион теңгені құрайды. Компанияға ай сайын 350–400 жаңа оқушы қабылданады. Бір курс үш айға созылады, орташа құны – 150 мың теңге.
Алғашқы қиындықтар жаңа компанияны құрған кезде де болған. Ағаділдің айтуынша, Farabi Kids Lab алғашқы екі-үш айда кассалық алшақтыққа тап болған. Бұл жолы ол бұрынғы қателігін қайталамау үшін қаржылық есепке көбірек көңіл бөлген. Қазір компанияда бухгалтер мен қаржыгер бар, кіріс пен шығыс тұрақты бақыланады.
Платформаны әзірлеуге кеткен шығынды қалай қысқартты?

Компания балаларға арналған цифрлық платформаны алғашында сыртқы мамандарға әзірлеткен. Кәсіпкердің айтуынша, платформа жұмысына ай сайын 1–1,5 миллион теңге жұмсалған. Бұған қоса, CRM мен келісімшарт жасауға арналған сервистерді пайдаланған. Жалпы, мұндай жүйелерге бір жылда шамамен 5 миллион теңге кеткен.
Кейін Ағаділ платформаны өзі жасап көруге шешім қабылдаған. Бағдарламалау бойынша арнайы білімі жоқ кәсіпкер жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, код жазуды үйренген. Бұл тәсіл “vibe coding” деп аталады. Оның айтуынша, осы бағытта жұмыс істеп жүргеніне шамамен жарты жыл болған.
“Қазір бұл жүйелерді өзіміз жасап жатырмыз. Айына 200–300 мың теңге жазылымдарға кетеді”, – дейді ол.
Компания платформаны әзірлеумен қатар, ішкі жұмыс процестеріне арналған құралдарды да өз күшімен жасап көріп жатыр. Кәсіпкердің есебінше, бұл бұрынғы шығынның бір бөлігін қысқартуға мүмкіндік берген.
Платформада балаларға арналған оқу тапсырмалары бар. Олар оқу жылдамдығын, мәтінді түсінуді, зейін мен есте сақтау қабілетін жаттықтыруға бағытталған. Ата-аналар жеке кабинеттен баласының нәтижесін көре алады.
Сондай-ақ платформаға жасанды интеллект көмекшісі енгізілген. Ол балаға тапсырманың дайын жауабын бермей, сұрақтар арқылы шешімге өздігінен келуге көмектесуге тиіс. Бұл құралдың оқу нәтижесіне нақты қаншалықты әсер ететіні туралы бөлек дерек әзірге келтірілмеген.
30 құрылғы сатылған
Компанияның тағы бір бағыты – Farabi Phone. Бұл – балаларға арналған арнайы баптаулары бар Android смартфоны. Компанияның түсіндіруінше, құрылғыда әлеуметтік желілер, браузер мен қосымшалар дүкені жоқ. Ал қоңырау шалуға, WhatsApp пайдалануға, SOS батырмасын қолдануға және оқу тапсырмаларын орындауға болады. Ата-аналар баласының орналасқан жерін көріп, экран алдында өткізетін уақытын бақылай алады. Яғни жоба смартфонды балаға беруге қарсы емес, оны пайдалану мүмкіндіктерін шектеуге негізделген.
Ағаділдің айтуынша, осы уақытқа дейін 30 құрылғы сатылған. Оның 25-і дайын телефон ретінде 150–170 мың теңгеден өткізілген. Қалған бес клиент өздерінің Android телефондарына компанияның бағдарламалық жүйесін орнатқан. Бұл қызметтің айлық құны – 4 мың теңге. Алғашқы бес клиенттің екеуі жазылым мерзімі аяқталған соң оны ұзартқан.
Әзірге бұл бағыт компанияның негізгі табыс көзіне айналған жоқ. Дегенмен Ағаділ болашақта жазылым арқылы қолданушылар санын көбейтуді жоспарлап отыр. Оның есебінше, 100 мың адам ай сайын 3,5–4 мың теңгеден төлесе, айлық түсім 350–400 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – қазіргі нәтиже емес, кәсіпкердің жоспарына негізделген есеп. Оның үстіне, аталған сома операциялық шығындар шегерілмегендегі түсімді білдіреді.
2030 жылға дейінгі жоспары қандай?
Ағаділ Ержановтың мақсаты тек білім беру курстарын өткізу немесе смартфон сатумен шектелмейді. Ол 2030 жылға дейін Farabi Lab атты зертхана ашуды көздейді.
Зертханада балалардың ұйқысы, тамақтануы, гаджет қолдануы және жалпы дамуына қатысты зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа шетелдік ғалымдарды, дәрігерлер мен психологтарды тартқысы келеді.
Сонымен қатар кәсіпкер Farabi Phone жобасын тұрақты жазылым жүйесіне айналдырып, 100 мың тұрақты қолданушы жинауды мақсат еткен.
Қазір Farabi Kids Lab толығымен Ағаділдің өзіне тиесілі. Дегенмен болашақта компанияға венчурлық инвестиция тарту немесе үлесінің бір бөлігін сату мүмкіндігін де қарастырып отыр. Оның айтуынша, бұл үшін технологиялық бағытты дамытып, жобаға пайдалы серіктестерді тарту маңызды.
Венчурлық инвестиция – бұл жаңадан құрылған, қарқынды дамып келе жатқан технологиялық стартаптар мен инновациялық жобаларға салынатын тәуекелі жоғары қаржы.
Ал жеке табысының басым бөлігін кәсіпкер әзірге қайтадан бизнеске салып жүр. Компанияда жаңа өнімдерді сынау, жобаларды дамыту және күнделікті шығындарды өтеу үшін қаражат қажет. Алдағы уақытта жылжымайтын мүлікке инвестиция салуды жоспарлайды.
Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес береді?
Алғашқы бизнесіндегі сәтсіздік Ағаділге қаржылық тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндірген. Оның пікірінше, жас кәсіпкерлердің жиі жіберетін қатесі – бизнестің айналымын жеке табыспен шатастыру. Мысалы, кәсіпкердің күніне 500 мың теңге айналымы болуы мүмкін. Бірақ бұл соманың бәрі таза пайда емес. Одан қызметкерлердің жалақысы, жалдау ақысы, салық және басқа да операциялық шығындар төленеді. Сондықтан Ағаділ жаңадан кәсіп бастағандарға өзіне тұрақты жалақы белгілеуге кеңес береді. Алғашқы бір-екі жылда сол белгіленген сомадан артық ақша жұмсамауға тырысқан дұрыс деп санайды.
25 жасында бірнеше жоба бастап, бір бизнесінен айырылған, қарызын өзі өтеп, қайтадан компания құрған Ағаділ өзін әзірге табысты кәсіпкер санамайды. Оның айтуынша, басынан өткен қиындықтар оған көп нәрсе үйретіп, қазіргі командасымен жолықтырған.
Ал 20 жастағы өзіне қандай кеңес берер еді деген сұраққа ол былай жауап берді:
“Мен 20 жастағы өзіме барып кеңес берсем, ол бәрібір мені түсінбейді. Сол үшін тек тоқтамай жұмыс істей бер деп айтар едім. Ешқандай кеңес бермес едім. Себебі бәрі өз уақытымен”.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кәсіпкерлердің жұмысы қалай өзгеретінін туралы жазған едік.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр