Қазақстанда кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдей ме: Жаңа мораторий не өзгертеді
Қазақстанда 2027 жылдан бастап шағын және микробизнеске үш жылдық мораторий енгізу жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы биылғы Жолдауында көтерді. Жаңа мораторий кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдете ме? Оның бизнеске қандай пайдасы мен тәуекелі бар? Stan.kz тілшісі экономистер мен сала өкілдерінің пікірін білді.
Мораторий – белгілі бір мерзімге мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді тексеруіне қойылатын шектеу. Қазақстанда шағын және микробизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Бастапқыда үш жылға есептелген шара кейін тағы бір жылға ұзартылып, 2024 жылдың басына дейін қолданылды. Бұл кезеңде кәсіпкерлерді тексеруге қатысты бірқатар шектеу енгізілгенімен, заңда көзделген кейбір жағдайларда тексерулер жүргізуге рұқсат берілді.
2026 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тәжірибені ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске арналған үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынды. Енді бұл бастаманың кәсіпкерлерге қандай пайда әкелуі мүмкін екенін және оның қандай тәуекелдері барын сарапшылармен бірге қарастырайық.
Бұрынғы мораторий: Кімдерді тексермеді, қандай жағдайда тексеруге рұқсат берілді?
Шектеу шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қолданылды. Ол кезде шағын бизнес санатына орташа жылдық жұмыскерлер саны 100 адамнан аспайтын және жылдық табысы 300 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жатты. Ал микрокәсіпкерлік санатына жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 15 адамнан аспайтын немесе жылдық табысы 30 мың АЕК-тен аспайтын шағын кәсіпкерлік субъектілері кірді.
Қандай жағдайда тексеруге рұқсат берілді?
Мораторий барлық бақылау шарасына бірдей тыйым салған жоқ. Президент жарлығында бірнеше ерекшелік қарастырылды. Атап айтқанда:
- Адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке, конституциялық құрылысқа немесе ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін заңбұзушылықтардың алдын алу және оларды жою үшін тексеру жүргізуге рұқсат берілді. Мұндай тексерулер бақылаушы органның бірінші басшысының шешімімен жүргізілуге тиіс болды.
- Кәсіпкердің өз өтініші бойынша, соның ішінде тиісті рұқсат алу үшін жүргізілетін тексерулер мен профилактикалық бақылау мораторийден тыс қалды.
- Қылмыстық-процестік заңнамада көзделген негіздер бойынша және Президенттің немесе Бас прокурордың тапсырмасымен прокуратура органдары жүргізетін тексерулерге шектеу қолданылмады.
- Кедендік тексерулер, қарсы салықтық тексерулер және салық төлеушілердің өзара есеп айырысуларына, салықтық тіркеуге, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімдердің орындалуына қатысты жекелеген тақырыптық салықтық тексерулер де мораторийден тыс қалды.
- Өнімнің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін бағалауға, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу талаптарының сақталуына және жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты кейбір бақылау шаралары да шектеуге кірмеді.
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер де ерекшеліктер қатарына қосылды.
Мораторий кезінде кәсіпкерлер салық төлеуден босатылды ма?
Тексеруге мораторий мен салықтық жеңілдік — екі бөлек шара. 2020 жылы шағын және микрокәсіпкерліктің арнайы салық режимдерін қолданатын кейбір субъектілері үш жылға табыс салығынан босатылды. Бірақ бұл жеңілдік барлық салық пен төлемді жойған жоқ: өзге салықтық міндеттемелер туындаған жағдайда оларды төлеу қажет болды. Демек, мораторий кәсіпкерлерге тексерулерді азайтуға бағытталса, салықтық жеңілдік олардың салық жүктемесін төмендетуді көздеді.
“Бақылаудың әлсіреуінен табысын жасырып, салық төлемейтіндер болды”
Экономист Арман Байғановтың пікірінше, алдыңғы мораторийді бизнес үшін пайдасыз болды деп айтуға келмейді. Себебі ол кәсіпкерлерге тексерулерге алаңдамай, өз жұмысына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік берді. Дегенмен мораторийдің кері тұстары да болды.
“Алайда мұны теріс пайдаланған кәсіпкерлер де болды. Кейбірі табысын жасырды, кәсіпкерлік мақсатта ақша аударып, бірақ салық төлемеді. Осы кезеңде көлеңкелі экономика қысқарған жоқ. Сондықтан мемлекет бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады. Қазір де мораторийдің пайдасы болуы мүмкін. Бірақ ең бастысы – бақылаудың әлсіреуінен көлеңкелі экономика өсіп кетпеуі керек. Менің ойымша, қазір мемлекеттің бақылау жүргізуге арналған тетіктері көбірек. Мысалы, банктерге белгілі бір ақша аударымдары туралы ақпарат беру міндеті жүктелді. Сонымен қатар қашықтан тексеру мүмкіндіктері де бар”, – деді маман.
Арман Байғановтың сөзінше, қазір мемлекетте кәсіпкерлерді бақылаудың басқа да жолдары бар. Сондықтан мораторий енгізілсе де, бизнесті бақылаусыз қалдырмай, тексерулер санын азайтуға болады.
"Қазір салық органдары ақша аударымдарын қашықтан бақылау сияқты құралдарды пайдалана алады. Бұл кәсіпкерлерді жиі тексермей-ақ, олардың қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Ал тексерулерді жүргізуге мемлекет көп уақыт, маман және қаржы жұмсайды. Кез келген тексеру уәкілетті органдардан көп уақыт пен еңбек талап етеді. Оны жүргізу үшін аудиторлар мен басқа да мамандар қажет. Сондықтан тексерулер азайса, мемлекеттік органдардың жұмысы да жеңілдеп, бюджет қаражаты үнемделеді", – деді экономист.
Осы тұста маман 2020–2023 жылдары кәсіпкерлер санының өсуіне мораторий де әсер еткенін, алайда бұл жалғыз себеп болмағанын атап өтті. Оның сөзінше, сол кезеңде халық саны өсіп, шағын және орта бизнес те белсенді дами бастады. Бұған қоса, кейбір компаниялар жекешелендіріліп, жеке қолға өтті. Ал тексерулердің азаюы адамдардың кәсіп ашуына қосымша мүмкіндік берген.
“Мораторийдің кері әсері де болды. Кейбір кәсіпкерлер оны пайдаланып, салық төлемеді, табысын жасырды. Соның салдарынан мемлекет бюджетке түсуі тиіс қаражаттың бір бөлігін ала алмады. Бұл мемлекеттік қаржыға кері әсер етеді. Ал бюджетке түсетін кіріс азайса, ел экономикасына, соның ішінде ұлттық валюта бағамына да ықпал етуі мүмкін. Былтыр және биыл Қазақстанда көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендеп келеді деп ойлаймын. Бұған салықтық бақылаудың жақсаруы мен жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер әсер етті. Атап айтқанда, Қосымша құн салығы бойынша тіркелу шегінің төмендеуі және ақша аударымдарын бақылаудың күшеюі мемлекеттің кәсіпкерлерді бақылау мүмкіндігін арттырды”, – деп қосты ол.
Арман Байғанов үш жылдық мораторий енгізілсе, бұл бизнеске оң әсер ететінін алға тартты.
“Ал тексеруші органдарға, соның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетіне келсек, қазір олардың қашықтан бақылау жүргізуге арналған ресурстары мен құралдары жеткілікті. Сондықтан мемлекет бақылауды толығымен тоқтатпайды. Тек жүйелі тексерулердің санын азайта алады. Бұл қазақстандықтардың іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Дегенмен мораторий – бизнесті қолдау құралдарының бірі ғана. Жалпы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін мемлекет басқа да шараларды қарастыруы керек. Мысалы, салық жүктемесін азайту, экономиканың жекелеген салаларын ынталандыру, белгілі бір бағыттарға бюджеттен қаражат бөлу және қосылған құны жоғары салаларды жеңілдетілген қаржыландыру арқылы қолдау қажет. Яғни кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау маңызды”, – деп қорытты ол.

“Бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін мораторийдің өзі жеткіліксіз”
Ал экономист Расул Рысмамбетовтың пікірінше, мораторийдың арқасында тексерулер саны бес-алты есе қысқарды.
“Тексерулер азайғандықтан, кәсіпкерлер уақытын да, ақшасын да үнемдеді. Заңгерлердің көмегіне аз жүгініп, бақылаушы органдармен де сирек жұмыс істеді. Бұл әсіресе шағын және микробизнес үшін маңызды. Өйткені шағын дүкенде кәсіп иесі әрі директор, әрі есепші, тіпті жүргізуші де болуы мүмкін. Мұндай кәсіпкерлер үшін әр тексеруге уақыт бөлу оңай емес. Сондықтан шағын және орта бизнес санының өсуіне мораторий белгілі бір деңгейде әсер етті деп айтуға болады. Бірақ оған мемлекеттік қолдау бағдарламалары да ықпал етті”, – деді ол.
Маман осы тұста президенттің жаңа мораторий туралы бастамасы кәсіпкерлердің болашаққа деген сенімін арттыратынын алға тартты.
“Қазір көпшілік алдағы өзгерістерді күтіп отыр. Бірақ Президент тек тексерулерді азайту туралы ғана айтқан жоқ. Салық жүйесін және басқа да мәселелерді қайта қарау қажеттігін көтерді. Бұған дейін де отандық өндірушілерді мемлекеттік сатып алуда қолдау сияқты шаралар болған. Сондықтан мемлекет алдағы үш жылды тек тексерулерді тоқтатумен шектемей, бизнестің жұмысын жеңілдетуге пайдалануы керек. Ең алдымен, салық төлеу процесін жеңілдетіп, бизнесті цифрландыру қажет. Кәсіпкерлер салықты қалай есептеп, қалай төлеу керегін оңай түсінуі керек. Қаржы министрлігі мен салық органдары цифрлық құралдарды енді ғана енгізіп жатыр. Егер осы бағытта белсенді жұмыс жүргізілсе, үш жыл ішінде бақылау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік бар”, – деп қосты ол.
Расул Рысмамбетов дегенмен бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін мораторийдің өзі жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Себебі кәсіпкерлердің мәселесі тек тексерулермен шектелмейді.
“Президент айтқандай, мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, қолайлы орта қалыптастыру керек. Мысалы, салық органдары мен басқа да мемлекеттік мекемелер кәсіпкерлерге кедергі келтіретін емес, керісінше, олардың жұмысын жеңілдететін қызмет көрсету үлгісіне көшуі қажет. Кәсіпкерлердің мәселесі тек тексерулермен шектелмейді. Кәсіпкерлерге несие алу қиын әрі қымбат, салықты есептеу де оңай емес. Сонымен қатар кей жерлерде бизнес жүргізуге қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз. Бұған қоса, мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар нарыққа араласқан кезде жеке бизнеске бәсекелесу қиынға соғуы мүмкін. Өйткені мұндай компаниялар ұзақ уақыт шығынмен жұмыс істей алса, шағын кәсіпкерлердің оған мүмкіндігі жоқ”, – деп түсіндірді экономист.
Маман егер мораторий үш жылға енгізілсе, кәсіпкерлер осы мерзімнен кейін не болатынын да түсінуі керек екенін жеткізді.
“Тағы бір маңызды мәселе – бизнестің болашаққа сенімді болуы. Үш жыл бойы тексермеу жеткіліксіз. Осы уақыт ішінде мемлекет цифрландыруды дамытып, мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетіп, бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынасты қайта қарауы қажет. Ең бастысы, мемлекет бизнестен тек талап ете бермей, оның дамуына жағдай жасауы керек. Ол үшін кәсіпкерлерге субсидия берумен ғана шектелмей, оларға әділ қарым-қатынас жасап, заң талаптарының бәріне бірдей қолданылуын қамтамасыз ету маңызды”, – деп қорытты Расул Рысмамбетов.
“Жаңа мораторий енгізілсе, кәсіпкерлерге түсетін жүктеме тағы да азаюы мүмкін”
Заңгер Фархат Курбазаровтың пікірінше, алдыңғы мораторий кәсіпкерлерді өздерін қорғауға біршама көмектесті. Себебі кез келген тексерудің заңды негізі болуы керек.
"Кәсіпкерлер тексеруге қатысты құжаттарды талап етіп, оның заңдылығын сұрай алады. Егер мемлекеттік қызметкерлер заңсыз әрекет етсе, кәсіпкер жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағымдануға құқылы. Алайда мораторийдың қаншалықты тиімді болуы мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауына да байланысты болды. Жаңа мораторий енгізілсе, кәсіпкерлерге түсетін жүктеме тағы да азаюы мүмкін. Бірақ әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ. Президент тек үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды. Оны енгізу туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Сонымен қатар жаңа мораторий енгізілген күннің өзінде кейбір тексерулер сақталуы мүмкін. Олардың нақты тізімі тиісті құжат қабылданғаннан кейін белгілі болады", – деді заңгер.
Заңгердің түсіндіруінше, мораторий кәсіпкерлерді заң талаптарын орындау міндетінен босатпайды. Олар бұрынғыдай салық төлеуге, еңбек және санитариялық талаптарды, сондай-ақ басқа да заң нормаларын сақтауға міндетті.
Еске салсақ, Тоқаев Жолдауында 2027 жылдан бастап бизнеске үш жылдық мораторий жариялау мәселесін көтерген болатын. Ол Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізуді талқылауды тапсырды.
Қазақстанда кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдей ме: Жаңа мораторий не өзгертеді