Тоқаев 2027 жылдан бастап бизнеске үш жылдық мораторий жариялау мәселесін көтерді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда, әсіресе азық-түлік өндірушілері нарыққа шығуда қиындықтарға тап болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, импорттық тауарлардың бағасы қолдан төмендетіліп, отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуына әдейі кедергі жасалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға тартылған кәсіпкерлерден әлі де өтініштер түсіп жатқанын айтып, экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру шараларын қабылдау қажеттігін мәлімдеді.
"Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел. Қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болып жатыр. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар. Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек", – деп тоқталды Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай жағдай отандық компаниялар мен тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететінін атап өтті.
"Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына кеңінен тарту қажеттігін айтты.

Президент сатып алу көлемінің бір бөлігін ШОБ-қа (шағын және орта бизнес) резервтеуді, жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдетуді және кәсіпкерлер үшін тұрақты ережелер қалыптастыруды ұсынды. Сондай-ақ айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер мен шоттарды бұғаттау арқылы бизнеске қысым жасалатынын атап өтті.
Тоқаев бизнеске салынатын айыппұл көлемі 11%-ға жуық өскенін, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқанын айтты. Осыған байланысты Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды.
"Мұндай ықпалды оң деп айтуға келмейді. Бір қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан тіркелген заңбұзушылықтар саны 34%-ға азайған. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артты. Сонымен қатар кәсіпкерлік белсенділікті талдау бизнестің қалыпты жұмыс істеуі үшін оған кедергі келтірмеудің өзі жеткілікті екенін көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, 2022-2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің тәжірибесі пайдалы. Оның тиімділігі дәлелденді. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқылауды ұсынамын", – деді мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда базарларда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесі өңірге қарай әртүрлі болуы мүмкін екенін жазған едік. Жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін базалық мөлшерлеме 4% болып белгіленген. Алайда жергілікті мәслихаттарға аймақтың экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл мөлшерлемені төмендету немесе көтеру құқығы берілген.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап интернет-платформалар салық агенті ретінде жұмыс істеп, кәсіпкерлердің тауар сату және қызмет көрсетуі туралы ақпаратты салық органдарына беруге міндеттеледі.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты