GTA 6 ойынының шығуына байланысты әлемде қызметкерлер жаппай еңбек демалысын алып жатыр
GTA 6 ойынының жанкүйерлері 19 қарашаны асыға күтіп жүр. Себебі дәл осы күні көптен күткен Grand Theft Auto 6 (GTA 6) ойыны жарыққа шығады. Осыған байланысты жанкүйерлер сол күндері жұмыстан демалыс немесе қосымша демалыс күнін алуға алдын ала өтініш берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қызметкерлерді басқаруға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлейтін Personio компаниясы GTA 6 ойынының шығу кезеңіне сәйкес келетін еңбек демалысына өтініштер санын зерттеген. Нәтижесінде 19 қарашадан бастап мұндай өтініштер саны осы кезеңдегі орташа көрсеткіштен шамамен 38%-ға артқаны анықталған.
Кейбір ойыншылар бұған дейін жиналған артық жұмыс сағаттарын демалыс күндері ретінде пайдалануды ұйғарған. Мұндай өтініштер саны да 58%-ға өскен. Оның үстіне қызметкерлер тек ойын шығатын күнге ғана емес, одан кейінгі аптаға да еңбек демалысын алуды жоспарлап отыр.
Қызметкерлерді басқару бағдарламаларын ұсынатын тағы бір Remote компаниясы да GTA 6 ойынының шығуына байланысты еңбек демалысына өтініштер санын зерттеген. Компания дерегінше, мұндай өтініштер 32%-ға көбейген.
Remote мәліметінше, GTA 6 шығатын кезеңге еңбек демалысын алуға әсіресе Z буынына жататын, яғни 1995-2010 жылдары туған ер адамдар жиі өтініш берген. Олар былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 2,2 есе көп өтініш жолдаған. Одан кейін миллениалдар мен X буынының өкілдері тұр.
GTA 6 ойынының шығуын және демалысты әсіресе қаржы мен маркетинг саласында жұмыс істейтіндер асыға күтіп жүрген көрінеді. Бұл салаларда еңбек демалысына өтініштер саны қаржы секторында екі есе, ал маркетинг саласында 1,75 есе артқан.
Remote компаниясы еңбек демалысына өтініштер ең көп тіркелген ел ретінде Италияны атады. Мұнда көрсеткіш әдеттегі деңгейден шамамен екі есе жоғары. Екінші орында Үндістан (1,6 есе өсім), үшінші орында Ирландия (1,57 есе өсім) тұр. Ал Ресей үздік ондыққа енбеген. Бұл елде Remote қызметін пайдаланатын компаниялар санының аздығымен байланысты болуы мүмкін.
Бір қызығы, ойыншылардың аз бөлігі ғана демалыс алу себебін өтініште ашық көрсеткен. 170 өтініштің біреуінде ғана "GTA", "Vice City", "Leonida" немесе "Rockstar" сөздері кездескен. Дегенмен бұл қалған қызметкерлердің ойынға байланысты демалыс алғысы келетінін жасырғанын білдірмейді. Кейбір компанияларда еңбек демалысына шығу себебін көрсету міндетті емес.
Бұған дейін қазақстандық режиссер Медет Шаяхметов әлем бойынша миллиондаған жанкүйер асыға күтіп отырған Grand Theft Auto VI ойынының жарнамалық науқанына қатысқан еді. Ол Rockstar Games компаниясымен бірлесіп америкалық Andrew Miami бренді шығарған арнайы киім топтамасына арналған проморолик түсірді.
Роликте режиссер GTA әлеміндегі Вайс-Сити қаласының атмосферасын жеткізген. Роликте неон шамдары, қымбат көліктер, гидроциклдер мен көше өмірі бейнеленген. Бұл көріністер GTA VI ойынындағы Майами қаласының атмосферасын және оның ерекше стилін көрсетеді.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай
