Қазақстанда шенеуніктердің демалыстағы суреттерін рұқсатсыз жариялауға тыйым салу ұсынылды
Құрылтай отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобасын талқылау кезінде шенеуніктердің фото және видеоларын жариялау мәселесі көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Максим Рожин мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа сұрақ қойып, әлеуметтік желілер мен дипфейктер кең тараған заманда азаматтардың бейнесін рұқсатсыз пайдаланудан қорғау маңызды екенін айтты.
"Ұсынылған өзгерістерді қолдауға болады. Алайда лауазымды тұлғалардың жеке өміріне қатысты, демалыс кезінде, мекемелерде, отбасылық және діни іс-шараларда түсірілген фото және видеоларын олардың келісімінсіз жариялауға тыйым салуды да заңда бекіту маңызды", – деді депутат.
Осы ретте Максим Рожин шенеуніктердің жеке өмірі мен қызметіне қатысты ақпараттың ара-жігін ажырататын нақты талаптар белгілене ме деп сұрады. Арман Қырықбаев өз кезегінде лауазымды тұлғалардың да басқа азаматтар сияқты жеке өміріне қол сұқпау құқығы бар екенін айтты. Министрдің сөзінше, бұл құқық Конституциямен қорғалған. Сондықтан шенеуніктердің жеке және отбасылық өміріне қатысты фото мен видеоларды заңды негізсіз таратуға болмайды.

Алайда министр шенеуніктердің қызмет бабында түсірілген суреттерін жариялау үшін рұқсат алудың қажеті жоқ екенін түсіндірді.
"Мәселен, лауазымды тұлға ресми жиында немесе Құрылтай қабырғасында жүрсе және фото не видео сол жерде түсірілсе, мұндай жағдайда ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ", – деді Арман Қырықбаев.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда адамның суретін келісімінсіз жариялаған жеке тұлғаларға 129 750 теңге, ал ұйымдарға 865 мың теңгеге дейін айыппұл салу ұсынылған. Сондай-ақ бес мыңнан астам жазылушысы бар аноним қолданушылар туралы мәлімет бермегендерді жауапкершілікке тарту көзделген. Ал заңсыз контентті жою туралы талапты орындамаған онлайн-платформаларға 400 АЕК-ке (1,73 миллион теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай
