Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нарықтағы орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары: Bank RBK депозиттер көлемін арттырды

банкБиыл Қазақстанның депозит нарығы жоғары сыйақы мөлшерлемелері мен екінші деңгейлі банктер ұсынған тиімді шарттардың арқасында тұрақты өсім көрсетті. Халық арасында мерзімді депозиттерге, жинақ және шарттары икемдірек стандартты мерзімді салымдарға сұраныс жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

2026 жылы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысатын банктердегі мерзімді салымдардың жалпы көлемі 27 триллион теңгеден асқан. Бір жылда бұл көрсеткіш 18,2%-ға немесе 4 триллион теңгеден астам сомаға өскен.

Депозиттер көлемінің артуына негізінен ірі банктер үлес қосқан. Бұл халықтың банк жүйесіне деген сенімін көрсетеді. Мерзімді депозитке ақшаны банктің шарттарына қарай бірнеше айға, бір жылға немесе одан да ұзақ уақытқа салуға болады.

Халықтың мерзімді салымдары бойынша ең жоғары өсім Bank RBK-да тіркелді. Бір жылда банктің депозиттік портфелі 48%-ға немесе 251,3 миллиард теңгеге ұлғайған. Бұл – сектордағы орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары нәтиже. Осылайша, банктің жеке тұлғалардан тартқан мерзімді депозиттерінің жалпы көлемі 774,8 миллиард теңгеге жетті.

Bank RBK клиенттеріне түрлі қаржылай мақсатқа арналған бірнеше депозит түрін ұсынады. Мәселен, банк күн сайын капиталдандыру қарастырылған, бастапқы жарнасы төмен, қаражатты еркін толықтыруға және ішінара алуға мүмкіндік беретін Smart депозитін іске қосты. Бұдан бөлек, клиенттер толықтыру мүмкіндігі бар және жылдық сыйақы мөлшерлемесі 19%-ға дейін жететін DREAM жинақ депозитін пайдалана алады.

Мерзімді депозиттер көлемінің өсу қарқыны бойынша Freedom Bank екінші орынға жайғасты. Бір жылда банктегі халық салымдарының көлемі 41,8%-ға артқан.

Үздік үштікті ForteBank түйіндеді. Ондағы депозиттер көлемі 34,2%-ға өскен. Алғашқы бестікке Отбасы банк (33,2%) пен Home Credit Bank (25,8%) те енді.

кесте
Фото: ranking.kz

Сонымен қатар бірқатар банкте халықтың мерзімді депозиттері азайған. Қазақстандағы жеті екінші деңгейлі банкте теріс динамика байқалды. Олардың басым бөлігі – шетелдік қаржы институттарының еншілес ұйымдары. Алайда бұл тізімде қазақстандық ірі банктер де бар. Бір жыл ішінде аталған банктердегі мерзімді салымдардың жалпы көлемі 87,2 миллиард теңгеге қысқарған.

Жалпы, Қазақстанның депозит нарығы тұрақты өсімін жалғастырып келеді. Соңғы бір жылда мерзімді салымдар көлемі 18,2%-ға артса, бес жылда 2,5 еседен астам өскен. Осы кезеңдегі орташа жылдық өсім 21% болды. Бұл депозит нарығының қысқа мерзімді құбылыс емес, ұзақмерзімді үрдіс ретінде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

динамика
Фото: ranking.kz

Осылайша, депозиттер халықтың жинағын сақтап, көбейтудің негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Банктер салымшылардың ақшасын тарту үшін өзара бәсекеге түсіп жатыр. Сондықтан олар клиенттерге жоғары табыс әкелетін әрі ақшаны пайдалану жағынан қолайлы жаңа депозит түрлерін ұсынуға тырысады. Бұл өз кезегінде депозит нарығының дамуына және халықтың ұзақмерзімді жинақ қалыптастыру мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етеді.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 15 шілдеде берген №1.1.821.135 лицензиясы

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 10:26