Астаналық әйел автобуста белгісіз ер адамның денесіне қол жүгірткенін айтып, шағымданды
Астана тұрғыны қоғамдық көлікте белгісіз ер адамның өзіне тиіскенін айтып, полицияға арыз жазды. Әйелдің сөзінше, ол қарсылық білдіріп, шу шығарған кезде ер адам автобустан түсіп, қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана тұрғыны болған оқиға туралы Threads желісінде баяндады. Оның айтуынша, белгісіз ер адам автобуста денесіне қол жүгірткен. Әйел шу шығарып, ер адамның соңынан түсіп, оны ұстап қалуға тырысқан.
Алайда айналада көмектесіп, күдіктіні ұстап қалуға жәрдемдесетін ешкім болмаған. Салдарынан ер адам қашып үлгерген. Әйел оны қуып жете алмағанымен, бірнеше суретін түсіріп алған. Сондай-ақ полицияға арыз жазғанын жеткізді.
"Оны жақын арада тауып, әрекеті үшін жауапқа тартады деп үміттенемін. Қыздар мен әйелдер, сақ болыңыздар! Мұндай жағдайдың кез келген жерде, қоғамдық көлікте немесе көшеде, тіпті күнделікті қарапайым сәтте де болуы мүмкін екенін түсіну өте қорқынышты әрі жағымсыз", – деп жазды ол.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Нұра ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Қазір ер адамның жеке басын анықтау және оқиғаның мән-жайын тексеру жұмыстары қолға алынған.
Тексеру нәтижесі бойынша оның әрекетіне заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада әйелді аңдып, бөксесін ұстаған ер адам 10 тәулікке қамалғаны туралы жазған едік.
"Жүрек тұсынан электрошокермен ұрып өлтірген": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің туыстары оқиға туралы айтып берді
