"Үш қабаттан биік үй салынбайды, ескі көліктер кіре алмайды": Алматының алдағы 14 жылда қалай дамитыны белгілі болды
Алматының алдағы 14 жылда қалай дамитыны белгілі болды. Үкімет қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспарына енгізілген өзгерістерді бекітті. Алдағы жылдары қалада құрылыс қарқыны артып, кейбір өндіріс орындары қала сыртына көшіріледі. Көлік қозғалысына да жаңа шектеулер енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас жоспар – қаладағы құрылыс пен аумақтарды дамытуға арналған негізгі құжат. Кейін осы жоспардың негізінде нақты құрылыс жобалары әзірленеді. Алматының бас жоспарын Үкіметтің 2026 жылғы 31 қазандағы қаулысымен бекітілген. Алайда құжат нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкіне тек 16 қарашада жарияланды. Осы күннен бастап жаңа жоспар күшіне енді. Жоспар екі кезеңге бөлінген. 2030 жылға қарай қала халқы 2,7 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Ал 2040 жылы тұрғындар саны 3,6 миллионға дейін өсуі мүмкін.
Жаңа жоспар бойынша Алматыда:
- шамамен 1 200 гектар өндірістік аумақ қайта жаңартылады;
- көше-жол желісі 916 шақырымға ұлғаяды;
- көлік саны 678 мыңнан 1 миллионға дейін жетеді;
- өнеркәсіп, энергетика және туризм салаларында жаңа нысандар салынады.
Алматының кей жерінде үш қабаттан биік үй салынбайды
Алматыда қазірдің өзінде тұрғын үй қоры 57,4 миллион шаршы метрге жеткен. 2025 жылғы есеп бойынша, әр тұрғынға орта есеппен 25,06 шаршы метрден келеді. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін тұрғын үй қоры тағы 45,9 миллион шаршы метрге ұлғаюы мүмкін.
Бірақ қалада тек көпқабатты үйлер салынады деуге келмейді. Жоспарда жеке ауласы бар үйлерге де, аласа ғимараттарға да орын берілген. Мәселен, жеке ауласы бар үйлердің ауданы 1,1 миллион шаршы метрге, екі-үш қабатты үйлердікі 1 миллион шаршы метрге артады. Төрт-бес қабатты үйлерге қосымша 16,5 миллион, ал көпқабатты тұрғын үйлерге 27,2 миллион шаршы метр қарастырылған.
Қалада жасыл желекті көбейту де жоспарға енген. Орталық бөлікте, Алатау, Әуезов және Алмалы аудандарында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, көмір жағатын пештерді жою көзделген. Тұрғын үйлер мен ауаны ластайтын нысандардың арасына жасыл белдеу жасалуы мүмкін. Ал БАКАД бойындағы қала шетінде жасыл кластерлер құрылады. Құрылысқа қатысты шектеулер де бар. Су қорғау аймақтары мен тау бөктерінде жаңа нысандар салуға болмайды. Ұлттық парк аумағында және оған жақын жерлерде де құрылыс пен инфрақұрылымға рұқсат берілмейді.
Бұған қоса, Талғар тасжолы, Шығыс айналма автомобиль жолы, әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінен оңтүстікке қарай орналасқан аумақтарда ғимараттардың биіктігі шектеледі. Бұл жерлерде жертөле қабатын қосқанда үш қабаттан биік үй салуға болмайды.
Қаланың тарихи орталығындағы ғимараттарды сақтап, жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру де жоспарға кірген. Ал басқа аудандарда тұрғындар дүкен, қызмет көрсету орындары мен күнделікті қажет нысандарға жаяу 15 минутта жете алатындай қоғамдық орталықтар құрылады.
Өндіріс орындары қайда көшіріледі
Одан кейін өмір сүруге қолайсыз аумақтардағы тұрғындарды экологиялық жағдайы жақсы әрі абаттандырылған аудандарға көшіру мәселесі қаралады. Алматының Жетісу және Алмалы аудандарында тұрғын үйлерге жақын орналасқан I–III санаттағы өндіріс орындары бар. Олардың санитарлық-қорғау аймақтарының ықпалында шамамен 85 мың адам тұрады.
Бас жоспарда мұндай нысандардың бір бөлігін тұрғын аудандардан тыс жерге көшіру қарастырылған. Барлығы 199 өндіріс орны көшіріліп, тағы 76 нысан 2040 жылға дейін жаңғыртылуы керек. Осы жұмыстардан кейін шамамен 1 200 гектар жер босайды. Алайда бұл аумақтарға бірден үй салуға кіріспейді. Алдымен топырақтың жағдайы тексеріліп, қажет болса, жер қалпына келтіріледі. Сонымен бірге санитарлық-қорғау аймақтарында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарын салуға тыйым салынады.
Алматыны бір ғана орталыққа шоғырландырмай, бес бөлікке бөліп дамыту көзделген. Әр аумақтың өз бағыты болады. Бірінде ескі өндіріс орындарының орнына жаңа шағын аудандар салынса, енді бірінде сауда, логистика мен демалыс орындары көбейеді. Жетісу мен Түрксіб аудандарының бір бөлігі жаңарады. "Солтүстік" деп аталатын аумақта ескі өндіріс орындары мен тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа шағын аудандар салынады. Олардың арасында скверлер мен демалыс орындары болады. Көшелер жиі орналасып, ғимараттардың бірінші қабаттарынан дүкендер мен қызмет көрсету орындары ашылады.
Бұл аумақтағы көлік қатынасы да өзгереді. "Алматы-1" станциясынан "Алматы-2"-ге дейін екінші теміржол желісін салу және жолаушылар бір көліктен екіншісіне ауыса алатын көлік торабын құру жоспарланған. Бұл қаладағы алғашқы жаңартылатын аумақ болмақ.
Әуежай маңында көлдері бар демалыс орны пайда болуы мүмкін. "Шығыс қақпасы" деп аталатын аумақ логистика, көрме, ойын-сауық, медицина және фармацевтика салаларына арналады. Мұнда жылдам трамвай станциясы, "Шығыс" автовокзалы, BRT желісі мен қала маңындағы көліктерге арналған торап салынады. "Жетісу" базары жаңғыртылып, "Апорт" сауда орталығы мен "Астана Моторс" автосалоны кеңейтіледі.
Тағы бір жоба – көлдер мен өзендері бар 120 гектар табиғи аумақты демалыс орнына айналдыру.
Қалада тарихи ғимараттар қалпына келтіріліп, кеңес дәуірінде салынған тұрғын үйлердің шамамен 60 пайызындағы ескірген инженерлік желілер жаңартылады.
Алматы ауыр машина жасау зауыты мен Сейфуллин даңғылындағы бұрынғы №1 тергеу изоляторының аумағы да қайта құрылады. Олардың орнына жаңа шағын аудандар мен іскерлік кластер пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ веложолдар көбейіп, ақылы тұрақтар енгізіледі.
Батыс жақта өндіріс пен логистикаға басымдық беріледі. Жас мамандарға арналған жалдамалы пәтерлер мен жатақханалар, кәсіби-техникалық колледждер салынады. Тұрғын үй кешендері, саябақтар, сауда және іскерлік нысандар да осы аумақта бой көтереді. Райымбек даңғылы бойындағы "Алматы-2" мультимодальды көлік торабы қаланың батысы мен солтүстігін байланыстырады. Ал 90 гектарлық тектоникалық жарылыс аймағында құрылыс жүргізілмейді. Бұл жерде жасыл аумақтар, сызықтық саябақ және "Сақ қорғандары" этнопаркі құрылуы мүмкін.
"Алтын Орда" базарының орнына көтерме-тарату орталығы салынбақ. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде шағын өндіріс орындары, сауда және логистика дамиды. Жоспар бойынша, "Алтын Орда" базары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін қалалық көтерме-тарату орталығына айналады. Сонымен бірге сауда-логистика және іскерлік орталықтар салынады. Бұл аумақта "Батыс" автовокзалы, метро және жеңіл рельсті көлік желісі тоғысатын көлік торабы да пайда болады.
Бұдан бөлек, Саин және Момышұлы көшелерінің бойында жаяу жүргіншілерге арналған серуендеу жолдары салынып, кеңес дәуірінен қалған шағын аудандар жаңартылады.
Қала орталығына ескі көліктер кіре алмай ма?
Алматыда 2027 жылдан бастап экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Алғашқы кезеңде зиянды шығарындылары төмен аймақ (LEZ) Кіші айналма жолдың ішіндегі шамамен 15 шаршы шақырым аумақты, Алмалы ауданын және Медеу ауданындағы тау бөктеріндегі демалыс аймағын қамтиды.
Бұл аумақтарға Еуро-3-тен төмен санаттағы жеңіл көліктер мен Еуро-4-тен төмен жүк көліктері кіре алмайды. Сондай-ақ 10 жылдан асқан дизельді автобустарға шектеу қойылады. Тұрақ ақысы да көліктің экологиялық класына қарай белгіленеді. 2040 жылдан бастап мұндай аймақтар PM2.5 ұсақ бөлшектерінің мөлшері белгіленген шектен асатын аудандарға дейін кеңеюі мүмкін.
Қазір пилоттық аймақтың шекарасы төрт көшенің арасымен белгіленген: оңтүстігінде – Бөгенбай батыр, солтүстігінде – Абай даңғылы, шығысында – Желтоқсан, батысында – Достық даңғылы.
Көліктен тарайтын зиянды шығарындыларды азайту үшін ЖЭО-2-ні 2027 жылға дейін көмірден газға көшіру және жеке секторды толық газдандыру жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін автобустар паркі электр және газбен жүретін көліктерге ауыстырылуы керек.
Бас жоспардағы болжам бойынша, 2025 жылы 38% болған қоғамдық көліктің жолаушылар ағынындағы үлесі 50 %-дан асады. 2040 жылға қарай Еуро-0 және Еуро-1 санатындағы көліктердің үлесі 2 %-ға дейін азайып, Еуро-5, Еуро-6 санатындағы жеңіл көліктер мен электромобильдер барлық автопарктің 90 пайызын құрауы мүмкін.
Алматыда жаңа қоқыс полигоны салынбайды
Қала аумағында қоқыс көмуге арналған жаңа полигондар ашылмайды. Өңдеуден кейін қалған қалдықтар Алматы облысындағы қолданыстағы үш нысанға жіберіледі. Олар – Қарасай ауданындағы "Kaz Waste Conversion", Іле ауданындағы "ADC Taza Alem" және Талғар ауданындағы "Эко Сервис Групп" полигондары.
Жалпы, Алматының жаңа бас жоспарындағы негізгі мақсат – қаланың бақ-қала ретіндегі келбетін қалпына келтіру. Құжаттағы өзгерістерді 2030 жылға дейін жүзеге асыру үшін 11,2 триллион теңге инвестиция тарту көзделген.
Еске салсақ, Алматылықтар жаңадан төселген тротуарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне шағымданған болатын. Айтуларынша, кей жерлерде плиткалар шөгіп, бұзыла бастаған.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті

