Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

JET Group табысын 50 миллион долларға жеткізді: кірісінің 68%-ы Бразилиядан түседі

Jet компаниясы
Фото: Instagram / jet.sharing

Қазақстандық JET Group компаниясының табысы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 40,8%-ға өсіп, 50,42 миллион долларға жетті. Алайда компанияның Қазақстандағы түсімі екі есе қысқарған. Қазір топ кірісінің басым бөлігі Бразилия нарығына тиесілі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компанияның жариялаған қаржылық есебіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында операциялық пайдасы 30,9%-ға артып, 8,46 млн долларға (3,76 млрд теңге) жеткен. Ал самокаттарды жалға беру бизнесінің EBITDA көрсеткіші 29,7%-ға өсіп, 15,77 млн долларды (7 млрд теңге) құраған.

Сонымен қатар компанияның таза пайдасы керісінше төмендеген. Өткен жылдың осы кезеңінде 3,21 млн доллар (1,43 млрд теңге) болған көрсеткіш биыл 15,1%-ға қысқарып, 2,72 млн долларға (1,21 млрд теңге) түскен. Ал активтерінің жалпы көлемі 2025 жылдың соңындағы 65,58 млн доллардан (29,14 млрд теңге) 88,58 млн долларға (39,36 млрд теңге) дейін өскен.

JET Group кірісінің негізгі бөлігі Бразилия нарығынан түседі. Есепті кезеңде бұл елдегі түсім шамамен 50%-ға өсіп, 34,22 млн долларға (15,21 млрд теңге) жеткен. Осылайша, Бразилия компанияның жалпы кірісінің 67,9%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Ал Қазақстандағы жағдай керісінше. Еліміздегі түсім 50,8%-ға қысқарып, 8,33 млн доллардан (3,70 млрд теңге) 4,10 млн долларға (1,82 млрд теңге) дейін төмендеген. Бір жыл бұрын Қазақстан компания кірісінің 23,3%-ын қамтамасыз етсе, қазір бұл үлес 8,1%-ға дейін азайған.

Компания Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Чили және Мексика нарықтарында да жұмыс істейді. Қаржылық есепте Мексикадан түскен 5,23 млн доллар (2,32 млрд теңге) кіріс көрсетілген. Сонымен қатар есепте осы сомаға тең байланысты тараптармен жасалған операциялар да бар. Компанияның Бразилиядағы еншілес ұйымы Мексиканың El Siglo de la Concepción компаниясының 24%-ына иелік етеді.

Компанияның қарызы екі еседен астам өсті

JET Group табысының артуымен қатар қарыз көлемі де көбейген. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында компанияның қаржылық қарызы 15,34 млн доллардан (6,82 млрд теңге) 31,19 млн долларға (13,86 млрд теңге) дейін, яғни екі еседен астам өскен. Оның 22,04 млн доллары (9,79 млрд теңге) облигацияларға, тағы 8,59 млн доллары (3,82 млрд теңге) байланысты тараптардан алынған қарыздарға тиесілі.

Қарызға қызмет көрсету шығындары да артқан. Компанияның қаржылық шығыстары былтырғы 637 мың доллардан (283,1 млн теңге) биыл 2,14 млн долларға (951 млн теңге) дейін өскен.

Бұдан бөлек, операциялық қызметтен түскен ақша ағыны теріс көрсеткішке ауысқан. Былтыр осы кезеңде компанияның операциялық ақша ағыны 8,74 млн доллар (3,88 млрд теңге) болса, биыл 1,48 млн доллар (657,7 млн теңге) шығын тіркелген. Қыркүйек айының соңында компания шоттарында 4,52 млн доллар (2 млрд теңге) болған.

Компания одан әрі дамуын қаржыландыру үшін капитал нарығынан қаражат тартуды жалғастырып жатыр. AIX биржасында АҚШ долларымен жылдық 11-12% купондық мөлшерлемемен облигациялар орналастырылуда. Сонымен қатар тамыз айында JET 50 млн БАӘ дирхамы көлемінде (шамамен 6,05 млрд теңге) жасыл облигациялар шығару бағдарламасын тіркеген.

Қаржылық есепке сәйкес, JET Group дауыс беретін акцияларының ірі акционерлері – А. Колесник (32,68%), А. Азаров (29,91%) және И. Тимаховский (13,47%).

Айта кетейік, бұған дейін біз елімізде электрсамокаттардың қозғалысын бақылау күшейтілетінін жазған еді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, самокаттардың жүру тәртібін полиция қызметкерлерімен қатар бейнебақылау камералары, техникалық тіркеу құралдары мен дрондар да қадағалайды. 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 16:44