Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін үздік шенеуніктері не себепті түрмеге түсті
Stan.kz тілшісі кезінде Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін жас басқарушылардың қатарында аталған шенеуніктердің кейінгі тағдырын зерттеп көрді. Олардың арасында бүгінде түрлі қылмыстық істер бойынша сотталғандар да, тергеуге алынғандар да бар.
Осыдан 13 жыл бұрын "Власть" басылымы "Жас әрі болашағынан үміт күттіретін 20 шенеунік" рейтингін жариялаған. Сол жылы редакция сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, Қазақстандағы болашағы зор жас мемлекеттік қызметкерлерді анықтаған.
Тізімнің алғашқы төрттігіне Қуандық Бишімбаев, Самат Әбіш, Марат Бекетаев пен Дәулет Ерғожин енген. Кейін олардың барлығы сотталып, бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ тізімде "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшысы Нұрлан Жақыпов та болған.

2013 жылғы рейтингтің көшбасшысы Қуандық Бишімбаевтың мансабы екі ірі қылмыстық іспен аяқталды. Ол алғаш рет "Бәйтерек" холдингін басқарған кезеңдегі сыбайлас жемқорлық және мемлекет қаражатын жымқыру айыптары бойынша сотталды. 2018 жылы оған 10 жыл түрме жазасы тағайындалып, 2019 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Алайда 2023 жылы Бишімбаев азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қайта ұсталды. 2024 жылғы 13 мамырда сот оны аса қатыгездікпен адам өлтіру және азаптау баптары бойынша кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл іс Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырды.
Рейтингте екінші орын алған Самат Әбіштің ісі Қаңтар оқиғасымен байланысты болды. ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 2024 жылы сегіз жылға шартты жаза тағайындалды. Іс жабық қаралғандықтан, оның әрекеттерінің нақты мән-жайы қоғамға толық жарияланған жоқ. Бұл шешім қоғамда жоғары лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мен оларға қолданылатын жаза мәселесін талқылауға себеп болды.
Ал Марат Бекетаевқа қатысты іс мемлекеттік сатып алу мен бюджет қаражатын пайдалану төңірегінде өрбіді. Тергеу нұсқасы бойынша, бұрынғы әділет министрі аффилиирленген компанияның пайдасына жалған келісімшарттар ұйымдастырып, мемлекетке ірі көлемде залал келтірген. 2025 жылы сот оны кінәлі деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Осылайша, алты жыл бойы Әділет министрлігін басқарған шенеуніктің мансабы жемқорлық ісімен аяқталды.
Төртінші орын алған Дәулет Ерғожиннің ісі де Қаңтар оқиғасынан кейінгі тергеулермен байланысты. ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары билікті күшпен басып алуға әрекеттену және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айыпталып, 2023 жылы 15 жылға сотталды. Бұдан бөлек, 2024 жылы оған қатысты аса ірі мөлшерде пара алу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру күдігі бойынша тағы бір тергеу жүріп жатқаны хабарланды. Алайда бұл кейінгі күдіктер бойынша кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
Рейтингке енген тағы бір азамат – президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев. Ол 2017 жылы мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату және жария ету ісі бойынша ұсталды. Сонымен қатар оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және бюджет қаражатын жымқыруға қатысты айыптар тағылды. Сол жылдың маусымында сот оны бес жылға бас бостандығынан айырды. 2020 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Ал "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшысы Нұрлан Жақыповтың жағдайы өзгеше. Ол 2026 жылғы қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның нақты қандай әрекетке қатысы бар екені әзірге толық жарияланған жоқ.

"Жас шенеуніктердің бәрі жемқор емес"
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, жас шенеуніктердің жемқорлыққа баруына олардың жеке мінезі, тәрбиесі, өмірлік жағдайы және билікке келгеннен кейінгі мүмкіндіктері әсер етуі мүмкін. Оның айтуынша, жоғары лауазым мен мол табыс кейбір адамдарды сән-салтанатты өмірге қызықтырып, заң бұзуға итермелейді. Алайда мұндай азғыруға барлық шенеунік бірдей төтеп бере алмайды.
"Біріншіден, мансап баспалдағымен күрт көтерілу адамның басын айналдыруы мүмкін. Ал үлкен ақша беретін тұтыну деңгейі, әрине, қызықтырады. Бір рет соның дәмін татқан соң, біреулердің ерік-жігері жетіп, аса қымбатшылық пен сән-салтанаттан бас тартуға күші жетеді. Ал енді біреулер мұндай азғыруларға төтеп бере алмайды. Сондықтан ақша табу үшін заң бұзуға дайын болады. Жемқорлыққа бейімділік адамның темпераментіне, тәрбиесіне, мінезіне, өмірлік жағдайына және атқаратын қызметіне байланысты. Меніңше, осы факторлардың жиынтығы кейбір шенеуніктерді азғыруға осал етті", – дейді Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушы жемқорлық үшін сотталған шенеуніктердің арасында белгілі бір жас санаты басым деп айтуға негіз жоқ деп отыр. Себебі Қазақстанда сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейінде кездеседі. Әсіресе, ірі қаржы мен экономикалық процестерді басқаруға мүмкіндік беретін лауазымдарда жемқорлық тәуекелі жоғары.
"Жас шенеуніктердің рейтингіне енген азаматтар міндетті түрде жемқорлық үшін сотталатындардың қатарына түседі деп айтуға негіз жоқ деп ойлаймын. Өйткені, шартты түрде алғанда, адамның мансап жолы 21 жастан 63 жасқа дейін, яғни 42 жылға созылады делік. Оны бес топқа, әрқайсысы сегіз жылдан тұратын кезеңдерге бөлуге болады. Мысалы, жаңадан бастағандар, жастар, орта буын, тәжірибелі мамандар және мансабын аяқтап келе жатқандар. Егер 35 жылдық кезеңді зерттеп, жемқорлық үшін сотталған адамдардың қай санатқа жататынын анықтасаңыз, бір топтың екіншісінен айтарлықтай басым екенін көрмейсіз. Шамамен біркелкі бөлініс болады. Өйткені Қазақстанда мемлекеттік секторда жемқорлық тәуекелі дәстүрлі түрде жоғары", – деп түсіндірді Ғазиз Әбішев.
Ғазиз Әбішевтің сөзінше, әсіресе, үлкен қаржыға иелік ететін және шенеуніктің экономикалық процестерге араласып, заңсыз пайда табуы үшін ресми әрі бейресми ықпалы күшейетін салаларда жемқорлық тәуекелі жоғары.
"Мұндай жемқорлық ортасы көбіне саяси қолдаумен бүркемеленіп отырды. Көбінесе өз кланының ішінде адалдығын сақтамаған, кланаралық тартыстардың құрбаны болған немесе қандай да бір тазарту науқанына іліккен адамдар жауапқа тартылды. Сондықтан әртүрлі жастағы, әртүрлі санаттағы шенеуніктер сотталды. Мысалы, Доскалиев те, кезінде Денсаулық сақтау министрі болған Серік Баймағамбетов те осындай жағдайға тап болды", – дейді саясаттанушы.
Саясаттанушының айтуынша, Ерғожин, Әбіш және Бекетаев Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық қудалауға іліккен. Оның сөзінше, егер Қаңтар оқиғасы болмағанда, олар әлі де жоғары лауазымды қызметтерін атқарып отыруы мүмкін еді.

Бұған Қуандық Бишімбаевты да жатқызуға болатынын айтты.
"Қаңтар болмағанда, бәлкім, олар әлі күнге дейін жоғары қызметтерінде отырар ма еді, тіпті Бишімбаев та солай болуы мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан, әділдік орнады. Сонымен бірге солармен қатар Мәсімовтың да жауапқа тартылғанын айтқым келеді. Оны да әшкереледі. Меніңше, Қазақстанда жүйе үлкен ақшаның және үлкен өкілеттіктердің көп болуына байланысты осылай қалыптасты. Мемлекеттік қызметте жемқорлық менталитеті пайда болды. Ол жас шенеуніктердің де белгілі бір бөлігіне әсер етіп, оларды ақшамен қызықтырды. Әсіресе тұтынушылық қоғамда ақша – өте үлкен азғыру. Оның үстіне, бізде ақшаны ел ішінде де, шетелде де жұмсайтын жер көп", – дейді Ғазиз Әбішев.
Алайда болашағынан үлкен үміт күттіретін жас басқарушылардың арасында тынымсыз еңбек етіп, біреудің қолдауының немесе жоғары лауазымды шенеуніктердің қамқорлығының арқасында кенеттен көтерілмей, бәріне ауыр еңбекпен қол жеткізгендер де бар дейді Ғазиз Әбішев.
"Олар ешқандай жемқорлық схемаларына араласпады. Мысалы, бұрынғы министр Аймағамбетовті, қазіргі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті, "Қазақтелеком" басшысы Мусинді, бұрынғы Мұнай және газ министрі Мағзұм Мырзағалиевті атауға болады. Бұдан бөлек, ондаған жас басқарушыны атауға болады. Қазіргі вице-президент, қазіргі премьер-министр және басқа да азаматтар кезінде 35 жасқа дейінгі жас мамандар болған. Олар тек тынымсыз еңбек етті және ешқандай жемқорлық схемаларына араласпады. Сондықтан болашағынан үміт күттіретін жас шенеуніктердің барлығы міндетті түрде жемқор деп айтуға болмайды", - деп тоқталды саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Әбішевтің пікірінше, бұл жекелеген жағдайлар. Оның айтуынша, мұндай фактілер шенеуніктер жас кезінде де, жасы ұлғайған кезде де әшкереленуі мүмкін.
Саясаттанушының сөзінше, жеке байланыстары мен адалдығының арқасында, күрделі еңбек жолынан өтпей-ақ мансап сатысымен тез көтерілген адамдарда билік пен лауазымның әсерінен жазасыздық сезімі қалыптасуы мүмкін. Соның салдарынан олар жемқорлық схемаларына араласа бастайды.
“Белгілі топтардың арасындағы күрестің нәтижесі”
Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстанда шенеуніктердің жемқорлыққа баруы жекелеген адамдардың ашкөздігімен ғана байланысты емес. Оның айтуынша, бұған билік құрылымындағы қалыптасқан жағдай мен қоғамның мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігінің шектеулі болуы да әсер етеді. Сарапшы халық билікке араласып, оның қызметін бақылай алмаған жағдайда, жемқорлыққа жол ашатын мәселелердің қайталану қаупі жоғары екенін айтады.

Дос Көшім жоғары лауазымды шенеуніктердің бірінің қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екіншісінің қызметінен кетуін ықпалды топтар арасындағы күреспен де байланыстырады.
"Кезінде көзге түсіп, кейін ұсталып жатқандардың ісі белгілі бір топтардың, кландардың ықпалымен байланысты болуы мүмкін. Былайша айтқанда, бұл – белгілі топтардың арасындағы күрестің нәтижесі. Олар бір-бірін толық жойып жібермейді, тек әлсіретуге немесе бір-бірінің орнын басуға тырысады. Себебі билік те, олигархиялық орта да өзара байланысты. Олар бір-біріне туыс, жақын адамдар. Бірі екіншісін ығыстырып, оның орнына келуге тырысады. Ақыр соңында қарсыласын уақытша болса да қызметінен кетіреді. Мәселе тек Бишімбаевта емес. Дәл сондай адамдар жүйеде өте көп. Жақында ғана "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары да күдікке ілінді. Алдағы уақытта басқа да топтардың өкілдері ұсталып, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалуы әбден мүмкін", – деп түсіндірді Дос Көшім.
Еске салайық, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.