Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚМДБ жаназа мен құдайы ас кезінде ысырапқа жол бермеуге шақырды

астана мешіті
Фото: depositphotos.com/sudok1

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа мен құдайы ас кезінде ысырапқа жол бермеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана қаласының бас имамы Нұрбек Әуесханұлының айтуынша, мұндай жиындарды отбасының мүмкіндігіне қарай ұйымдастырып, қаралы шаңыраққа артық қаржылық салмақ түсірмеу маңызды.

"Ас беру – дүние көрсету емес, дұға бағыштап, марқұмды еске алып, тірілерге тағылым беру арқылы сауапты іс жасау. Сондықтан қаралы отбасына қаржылық салмақ түсірмей, ас беруді шариғатқа сай, салт-дәстүрмен сабақтастыра отырып ұйымдастыру – баршаға ортақ міндет", - деді ол.

Бас имамның сөзінше, марқұмның рухына Құран бағыштау, дұға жасау, мұқтаж жандарға көмектесу – сауапты амалдар. Ал елден қалмау мақсатында қарызға батып, шамадан тыс дастарқан жаю діннің ұстанымына сай келмейді.

Сонымен қатар бас имам 2020 жылы қабылданған "Ас беру мәдениеті" құжатын да еске салды.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылы "Ас беру мәдениеті" құжатын қабылдады. Оның негізгі мақсаты – құдайы асты шариғат шеңберінде әрі ұлттық дәстүрге сай өткізу, халықты ысыраптан сақтау және отбасыларға түсетін әлеуметтік-экономикалық салмақты азайту. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде ҚМДБ жаназа мен құдайы асқа арналған бірыңғай мәзірді де бекітті. Онда нан өнімдерінен бауырсақ пен шелпек, сусыннан шай мен су, ыстық тағамнан ет немесе палау ұсынылады. Қосымша ретінде сары май, тары-талқан, қант пен кәмпит қарастырылған", – деді ол.   

Имам ас беру кезінде тағам түрлерін көбейтуден гөрі, оның рухани мәніне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ағайын-туыстың міндеті – қаралы үйдің дастарқанын сынау емес, қайғыға ортақтасып, отбасының ауыртпалығын жеңілдету.

Нұрбек Әуесханұлы ас беру мәдениетінде де қанағат, қарапайымдылық пен қайырымдылық қағидаларын басшылыққа алу керегін жеткізді.

Бас имамның пайымынша, ас берудің қадірі жайылған дастарқанның көлемімен емес, жасалған дұғамен, көрсетілген құрметпен және мұқтаж жандарға тиген көмектің нәтижесімен өлшенуге тиіс.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ЖИ арқылы марқұмдарды жандандыруға қатысты пікір білдірген еді. Басқарма мұндай әрекеттерге түбегейлі тыйым салмайтынын және бұл әрекет адамның психологиялық жағдайына зиян келтірмеуі керек екенін айтқан. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 18:34