Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелімнің бәрімен жақсы қарым-қатынастамын": Марат Омаров отбасылық өмірінің құпиясын бөлісті

Марат Омаров
Фото: TALK LIKE / Видеодан скриншот

Танымал әнші әрі композитор Марат Омаров бірнеше рет шаңырақ көтергенін айтып, бұрынғы жұбайларымен қарым-қатынасы туралы сыр шертті. Өнер иесі әр әйеліне жеке баспана алып бергенін және балаларының бір-бірімен тату екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында жеке өмірі туралы көпшілік біле бермейтін жайттарды айтты. Оның сөзінше, бұрынғы жұбайларымен ажырасқанына қарамастан, бүгінде барлығымен жақсы қарым-қатынас сақталған.

“Әрқайсының өз шаңырағы бар. Үй алып бергенмін. Ол – менің еркектік парызым. Зүлфияның анасына да үй сыйлап кеткенмін. Перизаттың да олармен қарым-қатынасы жақсы. Енді бұл – тағдыр ғой. Балалар бәрін түсінеді. Бибімәриямның да аға-әпкелеріне көзқарасы өзгерді. Туыстық деген бәрібір өзіне тартады екен”, – деді композитор.

Марат Омаров отбасылық басқосуларда балаларының бір дастархан басына жиналатынын айтып, мұны бұрынғы және қазіргі жұбайларының түсіністігімен байланыстырды.

“Балаларымның бір-бірімен тату болып, бір дастархан басында отыра алуы, біріншіден, әкеге деген құрмет болса, екіншіден, жеңгелеріңнің даналығы деп ойлаймын. Жеңгелерің де жас емес, ақыл тоқтатқан кісілер. Қарым-қатынасымыз жақсы”, – деді әнші.

Сонымен қатар өнер иесі әр некесінің қанша уақытқа созылғанын да айтып берді.

“Бірінші жеңгеңмен 21 жасымда үйлендім. 1980 жылдан 1992 жылға дейін бірге тұрдық. Зүлфиямен екі жылдай тұрдым. Ол Алматыға келгісі келмеді. Шымкентте бауырлары, отбасы болды. Сөйтіп, сонда қалды. Қазір де сонда тұрады. Ал 1999 жылдан бастап Перизат жеңгеңмен заңды некеде тұрып келемін”, – деді Марат Омаров.

Бірінші әйелі де әншінің бірнеше рет үйленгенін айтқан

Айта кетейік, бұған дейін, 2020 жылы композитордың бірінші жұбайы Шаттық Назарова КТК телеарнасындағы “Астарлы ақиқат” бағдарламасына қатысып, отбасылық өмірі туралы әңгімелеген еді. Ол Марат Омаровпен 11 жыл бірге тұрғанын және некелерінен Зарина, Мадина, Азамат есімді үш бала дүниеге келгенін айтқан.

Сондай-ақ әншінің өзінен кейін тағы екі рет шаңырақ көтергенін жеткізген.

“Реніш те болды. Оның барлығы артта қалды, өтіп кетті. Мен рұқсатымды бердім. Екінші әйел алды. Одан бір қызы бар. Аты – Зүлфия”, – деген еді Шаттық Назарова.

Ол сол кезде бұрынғы күйеуінің өзге некелерінен туған балаларымен де жақсы араласатынын айтқан. Ал Марат Омаровтың жаңа сұхбатында бұрынғы жұбайларымен сыйластығын сақтап, балаларының бір-бірінен алшақтамауына мән беретінін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та тұратын композитор Марат Омаров әнші Луинаны сотқа беретіні хабарланған еді. 40 жылдан бері шырқалып келе жатқан Марат Омаровтың “Анашым” әніне қатысты дау туды. Эстрада жұлдызы Луина “Анашым” әнін мереке қарсаңында орындап, бейнебаян түсірген. Жазба соңына авторын Нұрлан Өнербаев деп көрсеткен. Басы дауға қалған әнші Луина жеке парақшасында жазба жариялап, серіктес компанияның қатысы барын айтты.  

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 17:38