Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кремациялау рәсіміне сұраныс жаз айынан бері 5 есеге артқан: Жарты жылда қанша мәйіт өртелді

Крематорий Алматы
Фото: rituarf.ru

Алматыда биыл 30 сәуірде ашылған крематорийдің жобалық қуаты тәулігіне 16-дан 24-ке дейін кремация рәсімін өткізуге есептелгенмен, жаздың аяғына дейін онда тек 6 мәйіт кремацияланған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қазақстан бойынша енді ашылған крематорийге енді ғана сұраныс артып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кешенде екі камералы екі кремациялық пеш орнатылған. Алайда тамыз айында алғашқы 100 күнде бар болғаны 6 кремация рәсімі жүргізілгені туралы ақпарат берілді. 

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көрсетілген қызмет көлемі әзірге толыққанды статистика қалыптастырып, тұрақты үрдістерді анықтауға жеткіліксіз. Дегенмен кремацияға қатысты кеңес алуға жүгінетін азаматтардың саны артып келеді.

Басқарма басшысының орынбасары Ермек Тәжімураттың айтуынша, тұрғындардың бұл қызметке қызығушылығы біртіндеп артып келеді. Бұған халықтың қалаға шоғырлануы, ірі қалалардағы зираттарда бос жер учаскелерінің азаюы және азаматтардың экологиялық сауаттылығының артуы әсер етіп отыр.

Ал қараша айындағы деректерге сенсек, тамыз айынан бері 14 мыңнан астам азамат eGov.kz порталы арқылы кремация рәсіміне ресми түрде келісім берген. Елдегі алғашқы крематорий жарты жыл жұмыс істеген уақытта барлығы 30 марқұмның денесі өртелген. Ал кейін 899 қазақстандық бұл рәсімге берген келісімін қайтарып алған. Осылайша, кремациялау қызметін алушылар саны 5 есе өскен. 

Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы крематорийдің ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілген. 2020 жылы Алматы әкімдігі нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс жариялаған. Ал құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсанында аяқталған. Алайда крематорийді пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылды.

Нысанды іске қосу инженерлік желілерді тарту, жобаға түзетулер енгізу және крематорийді әкімдіктің балансына беру мәселелеріне байланысты кешіктірілген.

Крематори Алматы (1)
Фото: 2gis.kz

Айта кетейік, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы марқұмның өз келісімін растайтын құжатты қалай алу керегін және жақындары марқұмның аманатын орындаудан бас тартқан жағдайда не істеу керегін қазақстандықтарға түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Басқарманың мәліметінше, кремациялауға көзі тірісінде келісім беру туралы өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделеді. Порталда азаматтың кремациялауға келісім беру жөніндегі көзі тірісіндегі ерік білдіруін тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет қолжетімді.

“Аталған қызмет электрондық форматта көрсетіледі. Қызметті алу үшін азамат электрондық үкімет порталына авторизациядан өтіп, өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы немесе азаматтың ұялы телефон нөмірі Мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда бір реттік SMS-пароль арқылы қол қоюы қажет. Қайтыс болған адамды кремациялауды ұйымдастыру үшін оның туыстары немесе уәкілетті өкілі крематорий әкімшілігіне жүгініп, рәсімді өткізуге қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс”, – деп мәлімдеді ведомство.

Ұсынылатын негізгі құжаттар тізбесі:

  • Қайтыс болған адамның кремациялауға келісім бергені туралы көзі тірісінде білдірген ерік-ниетін растайтын құжат.
  • Қайтыс болу туралы куәлік.
  • Белгіленген нысандағы медициналық қайтыс болу туралы куәлік.
  • Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат.
  • Егер өтінішті қайтыс болған адамның туысы берсе, туыстық қатынасын растайтын құжаттар.
  • Егер рәсімдеу уәкілетті өкіл арқылы жүзеге асырылса, оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат.

Ұсынылған құжаттар тексерілгеннен кейін өтініш беруші мен кәсіпорын арасында қызмет көрсету туралы шарт жасалады. Қолданыстағы баға прейскурантына сәйкес төлем жүргізіліп, кремация рәсімінің күні мен уақыты келісіледі.

Мәйітті крематорийге жеткізуді туыстары өз бетінше ұйымдастырады немесе мамандандырылған қызметтердің көмегіне жүгіне алады. Мәйіт крематорийге жеткізілгеннен кейін қызметкерлер ұсынылған құжаттарды тексереді, қайтыс болған адамның жеке басын сәйкестендіреді, тиісті тіркеу жұмыстарын жүргізіп, оған жеке есептік нөмір береді. Қажетті дайындық рәсімдері аяқталған соң мәйіт кремациялауға жіберіледі.

Қоштасу рәсімі аяқталғаннан кейін марқұмның денесі кремация залына жеткізіледі. Мұнда үлкен терезелері бар арнайы бөлме қарастырылған. Ол жерден марқұмның туыстары кремация процесін бақылай алады.

Техникалық тұрғыдан крематорий екі пешпен жабдықталған. Кремация процесінің өзі орта есеппен 2 сағатқа созылады. Алайда мәйітті дайындаудан бастап, күлін туыстарына беруге дейінгі толық процесс шамамен 3 сағат уақыт алады.

Ал егер пеш әлі іске қосылмаған болса, дайындық кезеңіне шамамен 28-35 сағат қажет.

Жүйе автоматты түрде жұмыс істейді. Пештің ішіндегі температура қажетті деңгейге жетпейінше, оның есігі ашылмайды. Алдымен ыстық ауаның бөлмеге таралуына жол бермеу үшін пеш 550 градусқа дейін қыздырылады. Есігі жабылғаннан кейін температура біртіндеп көтеріліп, 700-1100 градусқа дейін жетеді.

Пештен шығарылғаннан кейін күл 40-90 минут бойы суытылады. Одан соң кремуляторға салынып, 15-20 минут бойы қосымша ұсақтаудан өтеді. Кейін күл арнайы урнаға салынып, мөрленеді және оған тиісті белгісі бар жапсырма жапсырылады.

Крематорий тәулік бойы жұмыс істеген жағдайда техникалық тұрғыдан күніне 16 адамға дейін кремация жасауға қауқарлы.

“Технологиялық процесс аяқталғаннан кейін күл-қалдық арнайы құрылғыда (кремуляторда) өңделіп, туыстары ұсынған құтыға немесе капсулаға салынады. Құжаттарды рәсімдеу аяқталғаннан кейін күл-қалдық салынған құты туысына немесе уәкілетті өкіліне қолхат арқылы табысталады. Сонымен қатар кремация рәсімінің өткізілгенін растайтын тиісті құжат беріледі”, – делінген басқарма жауабында.

Туыстары марқұмның тілегімен келіспесе не болады?

Қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес, кремация жүргізудің негізі – адамның көзі тірісінде осы рәсімге келісім беру туралы белгіленген тәртіппен білдірілген және ресімделген жеке ерік-ниеті.

“Туыстарының туыстық дәрежесіне, олардың санына немесе барлығының бірдей келісуіне қарамастан, олардың шешімі қайтыс болған адамның жеке ерік-ниетін алмастыра алмайды және өздігінен кремация жүргізуге құқықтық негіз емес. Қайтыс болған адамның көзі тірісінде білдірген ерік-ниеті тиісті тәртіппен ресімделіп, расталған жағдайда кремация осы ерік-ниетке және заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Кәсіпорын отбасылық дауларды өз бетінше шешуге, туыстарының пікірлерінің қайсысына басымдық берілетінін анықтауға немесе қайтыс болған адамның орнына кремация жүргізу туралы шешім қабылдауға өкілетті емес.Қайтыс болған адамның кремациялауға келісім бергені туралы тиісті түрде расталған көзі тірісіндегі ерік-ниеті болмаған жағдайда, кремацияны тек туыстарының өтініші немесе келісімі негізінде жүргізуге жол берілмейді”, – деп мәлімдеді басқарма.

крематорий Алматы (1)
Фото: 2gis.kz

Осылайша, кремациялау туралы шешім қабылдау туыстарының құзыретіне жатпайды және олар бұл шешімді қайтыс болған адамның орнына қабылдай алмайды. Кәсіпорын кремация рәсімін заңнамада көзделген негіздер болған және белгіленген тәртіп сақталған жағдайда ғана жүзеге асырады.

Қандай жағдайларда кремация жүргізуге болмайды?

Кремация жасау кезінде заң талаптары мен адамның қайтыс болу жағдайлары ескеріледі.

“Зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болған, өлімінің мән-жайлары анықталмаған, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін немесе сот-медициналық сараптама жүргізу қажеттілігі туындаған жағдайларда кремация жүргізу мүмкіндігі туралы мәселе құзыретті органдармен алдын ала келісілуі тиіс. Егер кремация рәсімін жүргізу өлімнің мән-жайларын анықтауға, сараптамалар өткізуге немесе заттай дәлелдемелерді сақтауға кедергі келтіруі мүмкін болса, қажетті тергеу және сот-медициналық іс-шаралар толық аяқталғанға дейін кремация жүргізілмеуі тиіс. Сондай-ақ жеке басы анықталмаған қайтыс болған адамдарды олардың жеке басы сәйкестендірілмейінше және заңнамада көзделген тиісті негіздер болмаған жағдайда кремациялауға жол берілмейді”, – деп жауап берді ведомство өкілдері. 

Мұндай жағдайлардың әрқайсысы уәкілетті органдардың қорытындылары мен рұқсаттарын ескере отырып, жеке тәртіппен қаралады.

Кремация қызметінің құны: Оған не кірмейді?

Кремацияны ұйымдастыруға байланысты жалпы шығындар тікелей кремациялау рәсімінің белгіленген құнынан өзгеше болуы мүмкін. Кремация қызметінің құны – 240 000 теңге. Бұл сомаға табыт, күл-қалдыққа арналған урна (капсула) сатып алу және марқұмның мәйітін крематорийге тасымалдау сияқты қосымша тауарлар мен қызметтер кірмейді.

крематорий Алматы
Фото: 2gis.kz

Рәсімдік залдың кіреберісіндегі бүйір сөреге күл сақтауға арналған капсулалары бар құтылар үлгі ретінде қойылған. Олардың бірыңғай стандарты жоқ. Құтылар пластиктен, ағаштан, алюминийден немесе басқа металдан жасалса да болады.

Ғимараттың басқа бөлмесінде жерлеу рәсіміне қажетті тауарлар сататын дүкен де жабдықталған. Алайда әзірге ол тек көрме ретінде жұмыс істеп тұр.

"ГПАБ-та экономикалық қызмет түрлерінің бірыңғай жіктеуіші бойынша тиісті коды және крематорий жанындағы дүкеннің қызметін жүргізуге рұқсаты жоқ. Осы мақсатқа арналған бөлмелерді ескере отырып, олар мемлекеттік мүлік туралы заңнама талаптарын сақтай отырып, басқа тұлғаларға жалға беріледі", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау басқармасы.

ШЖҚ "Қалалық патологоанатомиялық бюро" КМК ритуалдық керек-жарақтарды сатумен және қайтыс болған адамдардың мәйіттерін тасымалдау қызметін көрсетумен айналыспайды. Қажетті ритуалдық керек-жарақтарды сатып алуды және мәйітті жеткізуді туыстары өз бетінше немесе өз қалауы бойынша мамандандырылған ұйымдардың қызметтеріне жүгіну арқылы ұйымдастыра алады.

крематори Алматы
Фото: 2gis.kz

Осылайша, қосымша шығындардың мөлшері туыстарының жеке қажеттіліктеріне, сондай-ақ олар таңдаған тауарлар мен қызметтердің бағасына байланысты айқындалады.

Мәйіт кремацияланғаннан кейін күл-қалдық қайда және қалай сақталады? 

Крематорий ғимаратында күл-қалдық салынған урналарды уақытша сақтауға арналған арнайы жеке бөлме қарастырылған. Қажет болған жағдайда туыстары жерлеудің кейінгі орны мен тәсілін анықтағанға дейін осы мүмкіндікті пайдалана алады. Уақытша сақтау тәртібі мен мерзімі туыстары крематорий әкімшілігіне жүгінген кезде келісіледі.

Еске салайық, Қазақстандағы алғашқы крематорий сәуір айында ашылды. Содан бері оған 40-тан астам өтініш келіп түсті, бірақ тек алты мәйіт кремацияланды. Қызмет құны – 240 000 теңге. Зорлық-зомбылықтан қаза тапқандар бұл процедурадан өте алмайды. Бұл мәйітті эксгумациялау мүмкіндігін сақтау үшін жасалады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 16:28