Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңгенің қай купюралары үздік деп танылған

банкнота
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға енгеніне 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде теңге дизайны да талай өзгерді. Алғашқы банкноттарда Абай, әл-Фараби, Абылай хан сынды тарихи тұлғалардың бейнесі болса, қазіргі купюраларда сақ дәуірінің жәдігерлері мен көне ою-өрнектер көрініс тапқан. Осы орайда Stan.kz дизайнымен ерекшеленіп, халықаралық деңгейде мойындалған банкноталарға шолу жасап көрді. 

 

Теңге дизайны алғаш қашан өзгерді?

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Алғашқы банкноттар Англияда басылып, олардың дизайнына қазақ тарихында ерекше орын алған тұлғалар енді. Бұл серия шартты түрде “Портреттер” деп аталды.

Теңге тарихында банкнота дизайны бес негізгі кезеңнен өтті. Әр жаңа серия елдің тарихи мұрасын, мәдениетін және заманауи келбетін бейнелеуге бағытталды.

1993 жыл – “Портреттер” сериясы. Алғашқы банкноталарда Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр және Абылай хан портреттері бейнеленді.

1993–2003 жылдар – “Әл-Фараби” сериясы. Бұл кезеңде банкноталардың алдыңғы бетіне ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің портреті орналасты. Инфляция мен экономикалық өзгерістерге байланысты 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік ірі номиналдар біртіндеп айналымға шықты.

2006 жыл – “Бәйтерек” сериясы. Банкнота дизайны түбегейлі жаңарып, алғаш рет тік формат қолданылды. Купюраларда “Бәйтерек” монументі, мемлекеттік рәміздер, ұлттық ою-өрнектер мен елорданың сәулет нысандары бейнеленді.

2011–2022 жылдар – “Қазақ елі” және “Самұрық” сериясы. Жаңа банкноталарға “Қазақ елі” монументі мен Самұрық құсы бейнеленді. Бұл серияда ұлттық нақыш пен заманауи қорғаныш технологиялары қатар қолданылды.

2023 жылдан бастап – “Сақ стилі” сериясы. Жаңа банкноталар сақ мәдениеті мен көшпелілер өркениетінің мұрасына негізделген. Олардың дизайнында аң стиліндегі бейнелер, ұлттық ою-өрнектер мен заманауи қорғаныш элементтері үйлесім тапқан.

Осылайша, 1993 жылдан бері теңге банкноталары бес негізгі сериямен шығарылды. Ал қазақстандық банкноталардың халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктері 2007 жылдан басталады.

банкнот
Фото: Кесте Stan.kz

10 000 теңге: 2007 жылы халықаралық марапат алды

2006 жылы 15 қарашада Қазақстанда банкноталардың жаңа сериясы айналымға енді. Ол елорданың басты сәулет нысандарының бірі – “Бәйтерек” монументінің құрметіне шартты түрде “Бәйтерек” сериясы деп аталды.

Купюралардың алдыңғы бетіне “Бәйтерек” монументі, ашық алақан, мемлекеттік ту мен елтаңба бейнеленді. Ал сыртқы бетінде “Ақорда” резиденциясы мен Қазақстан картасының сұлбасы орналасты. 

теңге
Фото: yes-coin.kz

Бұл серияға 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік алты номинал кірді. Олардың ішінде 10 000 теңгелік банкнота халықаралық деңгейде ерекше көзге түсті. 

2007 жылы Бангкок қаласында өткен халықаралық байқауда осы 10 000 теңгелік банкнота IACA ұйымының “Үздік жаңа банкнота” (Best New Banknote) номинациясында бірінші орын алды. Сонымен қатар 2006 жылы шығарылған жаңа банкноттар сериясы да жылдың үздік жаңа сериясы ретінде марапатталды. 

10 000 теңге: 2011 жылдың үздік банкнотасы

Ұлттық валютаның халықаралық деңгейдегі ең елеулі жетістіктерінің бірі – 10 000 теңгелік естелік банкнотаның International Bank Note Society (IBNS) байқауында жеңіске жетуі.

Банкнот 2011 жылы 4 шілдеде Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай айналымға шығарылды. Оның дизайнын Ұлттық банк мамандары мен британдық De La Rue компаниясының өкілдері бірлесіп әзірледі. Ал банкнотты Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы басып шығарды.

теңге
Фото: yes-coin.kz

Банкнотаның тік бағытта безендірілген беткі жағында “Қазақ елі” монументі мен ұшып бара жатқан көгершіндер бейнеленген. Ал сыртқы бетінде президент резиденциясы – “Ақорда” мен Қазақстан картасы орналасқан.

Купюраның негізгі түстері – қою көк пен күлгін.

2012 жылы International Bank Note Society ұйымы бұл банкнотаны “2011 жылдың үздік банкноты” деп таныды. Ол әлемнің түрлі елінде шығарылған 100-ге жуық жаңа банкноттың арасынан үздік шықты. Екінші орынды Канаданың 100 долларлық банкнотаны иеленді.

Осылайша, қазақстандық теңге қағаз ақшалардың дизайны бойынша әлемдегі беделді халықаралық марапаттардың біріне алғаш рет ие болды.

5 000 теңге: екінші жыл қатарынан жеңіс

10 000 теңгелік естелік банкнотадан кейін халықаралық деңгейде 5 000 теңгелік купюра да мойындалды.

Ол 2011 жылы 30 желтоқсанда айналымға енгізілді. Банкнотаның негізгі түсі – қанық қызыл. Беткі жағында “Қазақ елі” монументі, ұшып бара жатқан көгершіндер мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бейнеленген.

теңге
Фото: yes-coin.kz

Ал сыртқы бетіне Тәуелсіздік монументі, Алматыдағы “Қазақстан” қонақүйі және ел картасы орналастырылған.

2013 жылы International Bank Note Society ұйымы бұл банкнотаны “2012 жылдың үздік банкноты” деп жариялады. Сарапшылар оның дизайнын, тұжырымдамасын, техникалық орындалуын және қорғаныш элементтерін жоғары бағалады.

Байқауға әлемнің әртүрлі елінде шығарылған 100-ге жуық жаңа банкнота қатысты. Қазақстандық купюра Канаданың 50 долларлық және Джерси аралының 100 фунттық банкноттарын басып озды. 

1 000 теңге: Күлтегінге арналған банкнот

Қазақстанға үшінші жыл қатарынан жеңіс әкелген банкнота – Екінші Түрік қағанатының көрнекті қолбасшысы әрі мемлекет қайраткері Күлтегінге арналған 1 000 теңгелік естелік купюра. Ол 2013 жылы 12 желтоқсанда айналымға енді. Банкнотаның жалпы таралымы 10 миллион дана болды.

Беткі жағында Күлтегін мүсінінің бір бөлігі, “Қазақ елі” монументі және ұшып бара жатқан көгершіндер бейнеленген. Ал сыртқы бетінде ат үстіндегі көне түркі жауынгерлері, бұғы және көне түркі жазба ескерткіші орналасқан.

теңге
Фото: banknoteworld.com

Банкноттың негізгі түстері – сары мен қоңыр. Оның басты ерекшелігі – көне түркі дәуірінің тарихи бейнелерін Қазақстанның заманауи мемлекеттік рәміздерімен үйлестіруінде. 2014 жылы International Bank Note Society бұл купюраны “2013 жылдың үздік банкноты” деп таныды. Осылайша, Қазақстан банкноталары аталған марапатты үш жыл қатарынан иеленген алғашқы ел атанды.

Халықаралық сарапшылар банкноттың көркемдік безендірілуімен қатар, техникалық орындалуы мен қорғаныш элементтерін де жоғары бағалады.

Сериядағы өзге банкноттар және халықаралық жетістіктер

2015 жылы ұлттық валюта айналымға енгізілгеніне 20 жыл толуына орай 20 000 теңгелік естелік банкнота шығарылды. Оның дизайнында алдыңғы сериялардың элементтері, мемлекеттілік нышандары мен сәулет нысандары бейнеленді.

Банкноттың негізгі түстері – көк пен күлгін.

2016 жылы бұл купюра High Security Printing Europe халықаралық байқауында “2015 жылдың үздік аймақтық банкноты” (Best Regional Banknote of 2015) аталымы бойынша марапатқа ие болды. Сонымен қатар International Bank Note Society ұйымының 2015 жылғы байқауында екінші орын алды.

теңге
Фото: banknotes.zp.ua

2016 жылы желтоқсанда Ұлттық банк Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік банкнотты айналымға шығарды. Оның дизайнында мемлекеттің қалыптасу тарихы, ұлттық рәміздер мен мәдени мұра элементтері көрініс тапты.

2021 жылы тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тағы бір 20 000 теңгелік естелік банкнот жарық көрді. Оның безендірілуіне мемлекеттік рәміздер мен ел тарихына қатысты бейнелер арқау болды.

Ал 2022 жылы “Қазақ елі” сериясындағы 20 000 теңгелік банкноттың жаңартылған нұсқасы шығарылды. Бұл серияның жаңа дизайнға көшу алдындағы соңғы банкноттарының бірі болды.

10 000 теңге: тағы бір халықаралық марапат

Жаңа сериядағы ең танымал банкноттардың бірі – 2024 жылы маусымда айналымға шыққан 10 000 теңгелік купюра.

Ол High Security Printing Asia халықаралық байқауында жоғары бағаланды. Қазақстандық банкнот “Үздік жаңа банкнот” (Best New Banknote) аталымында бірінші орын алды.

теңге
Фото: Қазақстан Ұлттық банкі

Сарапшылар оның дизайнын, заманауи қорғаныш технологияларын және ұлттық мәдени мұраны бейнелеуін ерекше атап өтті.

Банкноттың безендірілуінде сақ өнерінің нақыштары мен Қазақстанның көне тарихына қатысты бейнелер пайдаланылған. Сонымен қатар жалған ақша жасауды қиындататын қорғаныш элементтеріне ерекше мән берілген. Олар банкноттың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, көркемдік келбетін де толықтырады.

Осылайша, “Сақ стилі” сериясы қазақстандық теңгенің халықаралық деңгейде мойындалу дәстүрін жалғастырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк келесі жылы шамамен 500 миллион банкнота шығаратыны туралы жазған едік. Жаңа купюралар Банкнот фабрикасында дайындалып, алдымен Ұлттық банктің резервтік қорына түседі, кейін қажетіне қарай айналымға кезең-кезеңімен енгізіледі.

Stan.kz
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 09:00