"Aqjaiyq" мемлекеттік корпорациясының бес басшысы әрқайсысы 30 миллион теңгеден сыйақы алған
Батыс Қазақстан облысындағы "Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бес басшысына 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 149,4 миллион теңге сыйақы мен жалақы (әрқайсысына орта есеппен 30 миллион теңгеден) төленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Орал апталығы" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, корпорацияның негізгі басшылығына төленген жалпы сыйақы көлемі бір жылда 38%-ға өскен.
Қомақты қаражат алғандардың қатарында басқарма төрағасы Ержан Досмақов, оның орынбасарлары Қазбек Ұзықанов, Фархад Жолбаев пен Жанна Беккалиева, сондай-ақ бас есепші Айнагүл Жомартова бар.

Корпорация өкілдері аталған сомаға тек сыйақы емес, жалақы мен еңбек демалысына төленетін қаражат та кіретінін түсіндірген.
"Сыйақының жалпы сомасына жалақы, сыйлықақылар және еңбек демалысына төленетін қаражат кіреді", – деген басқарма төрағасының орынбасары Фархад Жолбаев басылымға берген жауабында.
Алайда ол өзінің нақты жалақы мөлшерін жариялаудан бас тартып, компанияның ішкі ережесіне сілтеме жасаған.
Корпорацияның таза пайдасы айтарлықтай азайған
Басшылыққа қомақты қаражат төленген кезеңде корпорацияның қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай нашарлаған. Басылымның дерегінше, 2025 жылы корпорациясының таза пайдасы 235,8 миллион теңгеден 16,1 миллион теңгеге дейін қысқарған.
Осылайша, бес басшыға төленген жалпы сома корпорацияның бір жылдық таза пайдасынан тоғыз еседен астам жоғары болған.
Сонымен қатар компанияның операциялық шығыны 1,08 миллиард теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 782,2 миллион теңге болған.
Тұрақтандыру қорынан берілген қаражаттың қайтарылуына қатысты да мәселе бар. Атап айтқанда, несиелер бойынша мерзімі өткен негізгі берешек көлемі үш есеге жуық өсіп, 1,45 миллиард теңгеге жеткен.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы ұлттық компаниялардың басшыларына 2025 жылы қанша сыйақы төленгені белгілі болған еді. 2025 жылы ұлттық компаниялардың басшыларына төленген сыйақы көлемі бойынша “Қазатомөнеркәсіп” бірінші орынға шықты. Компанияның атқарушы органында отырған басшыларға бір жыл ішінде жалпы 903,3 миллион теңге төленген.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма
