Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда уран кен орындарының бір бөлігін игеру тоқтатылмақ

Уран кен орны
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда елдің ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін уранның стратегиялық қорын құру жоспарланып отыр. Осы мақсатта кейбір уран кен орындары уақытша пайдаланудан шығарылып, болашақ ұрпақ үшін сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, стратегиялық қор қалыптастыру қажеттілігі Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жоспарларымен және әлемдік нарықта уранға деген сұраныстың артуымен байланысты.

Атом электр станцияларының пайдалану мерзімі 60 жылдан асатынын ескерген мемлекет ядролық отын қорын алдын ала жасақтауды көздеп отыр.

"Қазақстанның өз қажеттілігіне ғана пайдаланылатын уранның мемлекеттік стратегиялық резервінің көпдеңгейлі жүйесі құрылады. Кен орындарының бір бөлігі уақытша тоқтатылып, болашақ ұрпақ үшін резервке алынады. Олар жақын арада пайдаланылмайды және игерілмейді", – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сонымен қатар дайын уран өнімдерінің бір бөлігін арнайы сақтауға жіберу жоспарланған. Ал әрбір атом электр станциясында оның алдағы уақытта үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жылу бөлетін жинақтардың қоры жасақталады.

Агенттік төрағасы Қазақстан өз аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қамқорлығымен жұмыс істейтін Төмен байытылған уранның халықаралық банкінің тәжірибесін пайдалана алатынын атап өтті. Бұл тәжірибе елдің өз отын қорын қалыптастыруына негіз болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы үшінші АЭС Қостанай облысында, Тобыл өзенінің жағасында салынуы мүмкін екені туралы жазған едік. Мұны Анталияда өтіп жатқан әлемдік атом апталығы аясында Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 20:39